- Advertisement -

Тараз төрінде тоғызқұмалақтан турнир өтті

242

- Advertisement -

Тоғызқұмалақ – әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын рухани ойын, логикалық ойлау өнері. Бұл өнердің басты қасиеті – адам санасын жетілдіруге, ақыл-ойын кемелдендіруге ерекше күш салады. Түркі халықтарының ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарайтынына осы ойынның өзі де дәлел бола алады. Ұрпақтан ұрпаққа ұмытылмай жеткен осы ойын бүгінде жастардың арасында да зор мәнге ие. Күні кеше ғана Тараз қаласында тоғызқұмалақ ойынының дамуына еңбек сіңірген спорт ардагерлері Әбілда Ақшораев және Серікбай Тілеубаевты еске алуға арналған тоғызқұмалақтан ІІІ республикалық- рейтингілік турнирі өз мәресіне жетті.

 Жамбыл облысы тарихи жәдігерлерге бай өлке екені күллі қазаққа белгілі, шетелдіктерге де аян. Өңірден кез келген дәуірге, заманға, өркениетке қатысты ескерткіштерді табу қиын емес. Солардың арасында тастарға қашалған тоғызқұмалақ тақталары да жиі кездеседі. Бұл аталған ойынның тым ерте дәуірлерден бері болғандығын сөзсіз дәлелдейді.

Ал енді біздің Күн жүйесіндегі кеңістікте бір жазықтықта әртүрлі тоғыз планеталардың айналып жүргені әлімсақтан белгілі жай. Осынау мәңгілік математикаға негізделген дүниенің қыр-сырымен сарындас тоғызқұмалақты бертінде ұлттың абызы, хакім Абай да жақсы көрді.

Ш.Уәлиханов, Қ.Қуанышбаев, С.Аманжолов, М.Әуезов және Б.Момышұлы сынды алаштың ардақты азаматтары ерекше қызығушылық танытып, қолдау білдірді. Бүгінгі таңда да аталған ойын халықтың, әсіресе жастардың арасында кең таралған. Оған Тараз қаласында өткен ІІІ республикалық- рейтингілік турнирі барысында тағы да көз жеткіздік.

Қазақстан Республикасы Мәдиниет және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасы Тоғызқұмалақ спорт Федерациясы, Жамбыл облысы әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы және Жамбыл облысы «тоғызқұмалақ қазақ ұлттық ойын қауымдастығының» ұйымдастырумен жарысқа бір қала және 7 облыстан 130 спортшы, оның ішінде 5 спорт шебері, 35 спорт шеберіне үміткер, қалғаны бір және екінші дәрежелі спортшылар қатысты. Үміткерлер Нұр-Сұлтан қаласы, Алматы, Жетісу, Түркістан, Манғыстау, Қызылорда, Ақтөбе, Қостанай және Жамбыл облыстары мен Тараз қаласы, аудандардан арнайы келіп, бақ сынасты.

Нәтижесінде ерлер арасындағы бәсекеде «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының» ойыншысы Арыстан Манарбекұлы жеңімпаз атанса, әйелдер арасындағы кезеңде түркістандық Нұрсәуле Жұмабек үздік атанды. 15 жастағы ұлдар арасында алматылық Арсен Есентай, ал қыздар арасында «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының» үміткері Нұрила Мехтепхан топ жарды. 11 жастағы ұлдар арасында ақтөбелік Темірлан Ғалымжан мен қыздар арасында қызылордалық Әмина Мектепхан үздік шықты. Ал жерлестеріміз жүлделі екінші және үшінші орындардан көрінді.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support