Шақпақтан саз нөсері төгілген күн

88

Талай текті тұлғаларды тудырған Жуалы топырағының бүгінгі буынына да өнер ұшқыны молынан қонған. Оны біз әр аптаның соңында «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде өтіп жатқан «Әуенді Тараз кештері» атты көркемөнерпаздардың концертінен де байқадық. Өткен аптада аталған кешенде Жуалы ауданының мәдениет және өнер күндері өтіп, Тараз тұрғындары тамаша концерттің куәсі болды.

Концерттік бағдарлама «Қызғалдақ» бишілер тобының мың бұрала билеген «Көңілді бикештер» атты биімен басталды. Мұнан соң «Жуалы жауһарлары» тобының орындауындағы «Ұлы дала», «Таразым», «Жуалының тау самалы», «Сарыжайлау» патриоттық әндері Тараздың шалғай түкпіріне дейін әуелеп жетіп жатты. Осы орындаудағы «Қазақстаным», «Елге тілек», «Жуалым» әндері де жүрекпен орындалды. «Бөкейтау» вокалды аспапты ансамблінің өнері де әулиеаталық жұртшылықтың көңілінен шықты. Олар «Перронда», «Қайдасың?», «Үкілі қыз», «Кетем, кетем дейсің?» әндерімен және Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен попурри орындап ерекшеленді.

Сондай-ақ орыс және өзге тілдердегі әндер де шырқалды. «Империя» тобы «Қазағымсың», «Қызымын бақытын тапқан өнерден» әндерін тарту етсе, Жаңабаевтар отбасылық ансамблі «Мерейлі отбасы» әнін нақышына келтіріп, орындады. Нұржан Жаңабаев, Жәнібек Бестерек секілді есімдерін ел білетін жерлестері де концерттің қонағы ретінде сахнаның сәнін кіргізді. Екеуінің бірге орындауында «Бақытым қайда деме», «Күзгі бақ» әндері жүздеген әнсүйер көңілдерге серпін берді.

Концерт жуалылық өнерпаздардың қосыла шырқауында Ескендір Хасанғалиевтың «Атамекен» (сөзі Қадыр Мырза Әлінікі) әнімен мәресіне жетті. Бұл әнге көпшілік көрермендер де қосылып, Тараз аспаны патриоттық ән әуезі қарлығаш армандардай қалықтап тұрды. Жиналған жұртшылықтың бұл концертке көңілі әбден толғаны анық.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.