- Advertisement -

Қалдық судан қоршаған ортаға қауіп көп

182

- Advertisement -

Тараз қаласы – республикамыздағы кәріз суларын биологиялық тазартатын арнайы стансасы жоқ жалғыз облыс орталығы. Бұл қазіргі таңда өңірдегі елеулі экологиялық мәселеге айналған. Осы мәселені республикалық деңгейде көтеріп жүргендердің бірі – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Абдалы Нұралиев.

 Ол Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдап, оған Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары барысында Жамбыл ауданының Қостөбе ауылы тұрғындарымен болған кездесуінде жерлестерінің өтініші себеп болғанын атап өтті.

– Қала халқының көбеюіне байланысты кәріз суының көлемі де артып, оның барлығы Қостөбе ауылы маңындағы тұндырғыштарға жиналуда. Ал тоғандарға кәріз суы жобалық қуаттан 1,5 есе көп түседі, сондықтан бұл сулар басқа аудан мен облыстың аумағына таралып, қоршаған ортаны зиянды шығындылармен және иіспен ластауда. Зертханалық зерттеу нәтижесінде кәріз суларындағы қатты заттар мөлшерінің рұқсат етілген нормасы 69 есеге, аммоний азоты 1,6, нитраттардың 2,4 есеге артқаны анықталды. Осылайша, бүгінде ауылдық жерлерде қалыптасқан экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрғындар арасында орынды наразылық туғызуда, – дейді Абдалы Нұралиев.

Осы мәселені өз бақылауына алған сенатор Үкіметке: «Қазіргі таңда көтеріліп отырған мәселенің өзектілігін ескере отырып, қалалық кәріз суларды тазалау кешенін салу жобасының техникалық экономикалық негіздемесі дайындалып «Мемлекеттік сараптама» РМК-ның қарауына ұсынылғанымен, қабылданған мораторийге сәйкес жұмыс тоқтап тұр. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, елдімекендерде адам өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз ету мақсатында, Тараз қаласындағы кәріз суларды тазалау кешенін салу жобасының іске асырылуына қолдау көрсетіп, республикалық бюджеттен қаржыландыру мәселесіне ықпал етуіңізді сұраймыз», – деп ұсыныс хат та тастаған.

Сенатордың осы бастамасы облыстағы кәріз жүйесін жаңғыртуға серпін бергендей. Бұл мәселе облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде де бірнеше рет қайтара қаралып, талқыланды да. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, жоба бойынша екі ұсыныс қаралған.

Біріншісі – заманауи кәріздік тазарту ғимаратын салуда уақытты тиімді пайдалану үшін 2019 жылы әзірленген техникалық-экономикалық негіздемесін жаңартып, сараптамадан өткізу шығындарын демеушілер есебінен қарастыру.

Екіншісі – техникалық экономикалық негіздемені жаңадан әзірлеуге облыстық бюджет есебінен қаржы бөліп, тез арада жобалаушы мекемені анықтау үшін мемлекеттік сатып алу конкурстарын ұйымдастыру.

Аппарат кеңесінде аймақ басшысы «Бұл үлкен жоба. Мұнда асығыс шешім қабылдауға болмайды, алдын ала жоспарлап, жан-жақты зерделеп алып іске кіріскен дұрыс. Ең бастысы – жасалған жұмыстың игілігін ел көретіндей болуы тиіс. Біз үшін жүзеге асырылған жобаның сапасы маңызды. Осы жағдайлар техникалық шешімдер қабылдауда керек болады», – деген облыс әкімі Нұржан Нұржігітов өзінің тиісті орынбасары мен өзге де жауаптыларға ұсыныстар бойынша жан-жақты талдау жүргізуді тапсырған еді.

Жобаға қызығушылық танытқан «Hasanat Group» ЖШС директоры Нұрлан Иманқұлов пен «Ақ Қамыс» ЖШС директоры Аян Темірәлі өз ұсыныстарын айтып, жобаға инвестиция салуға ниетті екендіктерін жеткізді.

Қала басшылығы «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС қорытындысын негізге алып және сүзгі алқабында қалдық сулардың шектен тыс көбеюіне байланысты апаттық жағдайдың орын алуы ескеріліп, төтенше жағдай аумағы ретінде қабылдау мәселесі қаралуда екенін атап өтті. Ал Қостөбе ауылына жиналатын қалдық суға байланысты Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы аудан тұрғындары тарапынан көп арыз-шағым түсіп жатқанын жеткізді.

Бүгінде орын алып отырған экологиялық апаттың алдын алу мақсатында қосымша карталар салуға Жамбыл ауданынан 20 гектар жер телімі бөлінген. Қазіргі таңда механикалық жасақ тарапынан ғимараттың жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support