«Тараз – тарихымыздың темірқазығы” Н. Назарбаев

«Тараз – тарихымыздың темірқазығы” Н. Назарбаев
ашық дереккөз
«Тараз – тарихымыздың темірқазығы” Н. Назарбаев
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЖАРЛЫҒЫ Жамбыл облысының орталығы – Жамбыл қаласының атын өзгерту туралы Жамбыл облысының жергілікті атқарушы органдарының өтінішін және жұртшылығының тілегін ескере келіп, Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде қаулы етемін: Жамбыл облысының орталығы – Жамбыл қаласының аты Тараз қаласы болып өзгертілсін. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев. Алматы, 1997 жылғы 8 қаңтар. №3315а

1997 жылдың 8 қаңтары. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өңірімізге екі күндік жұмыс сапарымен келген. Қалыптасқан ресми дәстүр бойынша Президентті облыстың сол кездегі әкімі Амалбек Тшанов бастаған басшылар қарсы алды. Әуежайдағы рәсімінен соң Президент мінген автомашина Жамбыл қаласының орталығындағы жыр алыбы Жамбыл ақынның ескерткішіне қарай жүйткіді.

65Бұл монументті өнер туындысы 1961 жылы орнатылған. Қазақстанның халық суретшісі Хакімжан Наурызбаев жасаған мүсін Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласында, “Монумент Скульптура” зауытында құйылған. “Жамбыл Жабаев, 1846 -1945” деген жазуы бар ескерткішке Президент гүл шоқтарын қойып, 150 жылдығын ел боп атап өткен ұлы жыраудың рухына тағзым етті. Президент облысқа осыдан бір жыл бұрынғы сапары кезінде халқымыздың көрнекті перзенттерінің бірі, мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың ескерткішінің ашылуына да қатысып, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты көрші елдердің мемлекет басшыларымен бірге арнайы ат басын бұрып, гүл шоқтарын қойған болатын. Бұл сапары да өз ерекшелігімен есте қалды. Президент Н. Назарбаев қасиетті Қарахан кесенесінің қасында тұрып Жамбыл қаласын ежелгі аты Тараз қаласы деп атау туралы Жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, көне жәдігер қасына жиналған қауым мен БАҚ өкілдері Президенттің облыс тарихына қатысты ерекше Жарлыққа ашық аспан астында қол қойған сәтіне куә болды. Есте жоқ ескі замандарда Талас, Тараз, ал XVIII ғасырда Әулиеата, 1936-1937 жылдар аралығында Мирзоян, 1937-1997 жылдары Жамбыл аталған тарихы талайлы қалаға 1997 жылдың 8 қаңтарында тарихи аты – Тараз атауы қайтарылды. Ол кезде республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы тілшісі боп қызмет атқарып жүрген осы жолдардың авторы осы бір тарихи сәтті ел оқырмандарына қысқартып айтқанда былай деп хабарлапты.

«Тарихымызды танып, санамызды жаңғыртайық

1. Қайта оралған қасиетті Тараз

Табиғат-ананың мінезіне таңқаласың. Әуелі екпіндете жел тұрып, дүниенің астаң-кестеңін шығарған. Сәске түсте жел арыны сап тыйылып, ақ қанат қар жапалақтай бастады. Алғашқы қар. Сонау қараша-желтоқсаннан бері күткен қыс белгісінің бүгін қылаңытқаны несі? Жаратылыс құпиясының бұл да бір заңдылығы шығар. Тарихта Тараз деген атымен мәшһүр болған көне шаһар ежелгі атауымен қайта қауышқан күні мынау жаңғырған дүниеге жарасым болсын дегендей алғашқы қардың жаууын жақсылыққа жорығанбыз. – Жаңа жылдың басында бірінші рет ел аралап шығып отырып осындай үлкен бір қасиетті шаруаны бастап отырмын. Сол арқылы Қарахан бабаны жұртқа паш етеміз. Тәуелсіздігімізді осы бабаларымыздың әруағы желеп-жебеп жүрсін, – деген Нұрсұлтан Назарбаев келешектегі 2100 жылдың ұрпақтарына арнап жазылған Қазақстанның тұңғыш Президентінің «Аманат хатын» темір құтыға салып, қасиетті кесене іргесіндегі мәрмәр тастың астына орнатты. Бұл хат тау мен даланы, өзен мен мұхитты емес, уақыт атты құдіретті дарияны көктей өтіп, 2100 жылғы ұрпақтың қолдарына тимек. Заман қандай болады ол кезде? Әйтеуір, елің мен елдігің мәңгілік болсын, келешек ұрпақ! Бұдан кейін Елбасы Жамбыл облысының орталығы – Жамбыл қаласының атын өзгерту туралы Жарлығын оқыды. Елбасы: – Жамбыл облысының жергілікті атқарушы орындарының өтінішін және жұртшылығының тілегін ескере келіп, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде қаулы етемін: Жамбыл облысының орталығы – Жамбыл қаласының аты Тараз қаласы болып өзгертілсін. Жамбыл бабамыздың әруағы да риза болсын. Облыстың аты Жамбыл облысы болып қала береді. Қаланың аты – байырғы Тараз. Қазақстан жерінде баяғы Жібек жолынан бері қарай барлық карталарда белгіленген екі-ақ қала бар. Біреуі – Тараз, екіншісі – Жаркент. Сондықтан біздің көне тарихымыз бар екенін дүние жүзіне таныту үшін осы шешім дұрыс болар деп санаймын, – деген кезде жиналғандар ризашылықпен қол шапалақтады.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстанның» тілшісі.

Тараз шаһары»

Біздің қаламгерлік әсермен жазып жіберген «Тараз шаһары» деген сөзіміз де өзгермепті. Әлі есімде, ертесіне кейбір оқырмандар «Қаламызды ендігі жерде «шаһар» деп жазамыз ба?» деп сұрап жатты. Содан бері арада 17 жыл сырғып өте шығып, облыс пен оның орталығында көптеген өркенді өзгерістер болды. А. Тшановтан кейін басшылық жасауға келген С. Қалмырзаев, С.Үмбетов, Б.Жексенбин, Қ. Бозымбаев және бүгінгі әкіміміз К. Көкірекбаев бір-бірінің қолға алған игі істерін жарасымды түрде жалғастырып, мемлекетіміздің оңтүстігінде жатқан жері шұрайлы, жұрты шырайлы пұшпағын көркейген үстіне көркейтуде. Сол жыл сайын жасалып жатқан жақсы істерге деген қошуақ көңіл ауанында облысымыздың салтанатты жағдайда аталып өтіп жатқан 75 жылдық мерейтойына жетіп отырмыз. Той тойға, ой ойға ұлассын! Тәуелсіздігіміз мәңгі жасай берсін, ардақты ағайын!

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар