Іс-шараны облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Садубаев ашып, барлық қатысушы командаларға сәттілік тіледі. Мұнан соң ардагер журналист Қуаныш Иембердиев ізгі тілегін арнап, журналистиканың атасы Шерхан Мұртазаның асыл қасиеттеріне тоқталып өтті. Келесі сәтте бас төреші Атамекен Сүлейменовтің басқаруымен аталмыш спартакиада басталып кетті. Осы тұста аталған жарысқа қатысу үшін «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екі команда шығарғанын айта кеткеніміз жөн. Атап айтқанда, «Aulieata-Media» және «Жас медиа» командалары. БАҚ өкілдері арасындағы эстафеталық жүгіру жарысы да өте тартысты өтті. Нәтижесінде құрамында Диана Тұрсынбаева, Мейіржан Ерболатов, Жасұлан Қорғанбай, Ардана Жарылқасын бар «Тараз-24» командасы топ жарды. «Тараз-Пресс» екінші, «Jambyl-Taraz» Media ЖШС өкілдері үшінші орынды иеленді. Жарыс түрлері бір мезгілде әр залда өтіп жатты. Алдымен дойбышылар бәсекесін тамашалап, көңіл аудардық. Бұл спорт түрінен «Aulieata-Media» ЖШС намысын «Aq jol» газетінің аға тілшісі Амангелді Әбіл, аталған газет дизайнері Оразкүл Әбдікерімова, «Ar-Аi» жастар газетінің аға тілшісі Нұрым Сырғабаев, жастар басылымының тілшісі Ақтоты Жаңабай қорғады. Нәтижесінде Амангелді Әбіл барлық қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанды. Дойбыдан қыздар арасында «Jambyl-Taraz» Media ЖШС-ның өкілі Ғалия Әлиева чемпион атанса, «Салық тәртібі» газетінің қызметкері Әсел Бөлекбаева екінші орынды иеленді. «77-TV» телеарнасының өкілі Айгүл Қалиева жүлделі үшінші орыннан көрінді. Ал газетіміздің дизайнері Оразкүл Әбдікерімова «77-TV» телеарнасының өкілімен бір мәрте тең ойнап, екінші ойында жол берді. Волейболдан өткен жарыс та өте тартысты болды. «Күш атасын танымаc» дегендей, «Салық тәртібі» құрамасын Т.Рысқұлов ауданынан келген «Құлан таңы» газетінің командасы 2:1 есебімен ұтып кетті. Сөйтіп, жүлдеге талас «Jambyl-Taraz» Media ЖШС, «Құлан таңы» газеті және «Тараз-24» телеарнасы командалары арасында өрбіді. Барлық ойында жеңген «Jambyl-Taraz» Media ЖШС чемпион атанса, Т.Рысқұлов аудандық «Құлан таңы» газеті редакциясы «Тараз-24» ЖШС-ын ұтып, екінші орынды иеленді. «Тараз-24» телеарнасының командасына үшінші орын бұйырды. Үстел теннисінен ерлер арасында «Тараз-Пресс» командасының өкілі Диас Шалқаров чемпион атанса, «Jambyl-Taraz» Media ЖШС-ның өкілі Сәкен Абжапаров екінші, Талас аудандық «Талас тынысы» газеті бас редакторының орынбасары Нарбол Қашаған («Салық тәртібі» ЖШС құрамасынан) үшінші орынды иеленді. Үстел теннисінен әйелдер арасында «77-TV» телеарнасынан Аружан Адасқанова чемпион атанса, «Тараз-24» телеарнасының бас редакторы Мархабат Көпбосынова екінші орынды иеленді. Жүлделі үшінші орынға «Jambyl» телеарнасынан Эльвира Жарылқасынова лайық деп танылды. Қол күресінен ерлер арасында «Салық тәртібі» ЖШС-нан Айдос Әбілов жеңімпаз атанса, «Jambyl-Taraz» Media ЖШС-ның өкілі Сәкен Абжапаров екінші орынды жеңіп алды. Үшінші жүлде «Тараз-Пресс» командасының өкілі Серік Тәжібаевта. Қол күресінен әйелдер арасында «Jambyl» телеарнасының редакторы Ардақ Сапибулла чемпион атанды. Екінші жүлде «Jambyl-Taraz» Media ЖШС сапындағы «Шұғыла» газетінің өкілі Мираш Жолаеваға, үшінші жүлде «Жас медиа» командасының намысын қорғаған «Ar-Аi» жастар газетінің корректоры Салтанат Нұрмахановаға бұйырды. Арқан тарту бәсекесі де аса тартысты өтті. «Жас медиа» командасы «Jambyl» телеарнасына жол берсе, «Aulieata-Media» ЖШС құрамасы біраз жерге барды. Олар әуелі «Тараз-24» командасын ұтса, екінші айналымда «Тараз-Пресс» командасынан басым түсті. Осы орайда команда құрамында белсенді ойнаған Қанат Әмірәлиев, Мақсат Омаров, Ақерке Мұратбаева, Әсем Өтепбергенованың еңбегін айта кеткен жөн. Финалда «Jambyl» телеарнасына ғана жол бердік. Арқан тартудан облыстық «Jambyl» телеарнасы чемпион атанса, «Aulieata-Media» ЖШС құрамасы екінші жүлдені иеленді. Үшінші орынды «Jambyl-Taraz» Media ЖШС-ның құрамасы иеленді. Командалық есепте «Jambyl-Taraz» Media ЖШС-ның құрамасы жеңімпаз атанып, 300 мың теңге ақшалай сыйлық пен арнайы кубокты иеленді. Екінші орыннан көрінген «Тараз-Пресс» командасына 200 мың теңге, үшінші жүлде алған «Тараз-24» командасына 100 мың теңге қаржылай сыйақы және диплом мен медальдар берілді. Іс-шарада Т.Рысқұлов аудандық газет құрамасының сапында өнер көрсеткен Бейсенбек Әлпейісовке «Жеңіске деген жігері үшін» арнайы аталымы табысталды. Жиынды облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Садубаев қорытындылап, жеңімпаз және жүлдегер командаларды марапаттады.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді