Өнер мерекесін байзақтықтар бастап берді

Өнер мерекесін байзақтықтар бастап берді
ашық дереккөз
Өнер мерекесін байзақтықтар бастап берді
«Ел іші – өнер кеніші» дейді дана халқымыз. Қасиетті Әулиеата өңірінде де талантымен талайды тәнті еткен өнерпаздар аз емес. Осы орайда Тараз қаласында аудандардың мәдениет күндерін өткізу игі дәстүрге айналған. Биылғы өнер мерекесін байзақтықтар бастап берді. Нақтырақ айтқанда, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының халық шығармашылығы орталығы мен Байзақ ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде (амфитеатр) Байзақ ауданы көркемөнерпаздарының «Әуенді Тараз кештері!» атты мерекелік концерті өтті. Ұлттық өнерді кеңінен насихаттап, жазғы мезгілде ашық аспан астында өңір тұрғындары мен қонақтарының бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында ұйымдастырылған іс-шарада Байзақ ауданы көркемөнерпаздары әсем ән шырқап, қоңыр күй күмбірледі. Бағдарлама «Шолпан» халықтық ән-би ансамблінің сүйемелдеуімен Алмахан Исабаевтың орындауында «Байзақ жері» әнімен басталып, «Әлқисса», «Қанекей, тілім сөйлеші», «Шырқа, даусым», «Туған жерім – өз елім», «Елге сәлем», «Отан-Ана», «Ауылға барам», «Мақтанышым – Отаным» секілді бірқатар патриоттық шығармаларға ұласты. Сондай-ақ аудан өнерпаздары «Бір тамаша ән үшін», «Неге-неге?», «Беу құрбым», «Арман-ай», «Ғашықпын», «Сырғаңның сыңғыры» атты заманауи әндер шырқаса, «Шолпан» халықтық ән-би ансамблі бишілерінің орындауында «Қазақ» және «Өзбек» биі сахналанды. Байзақтықтар бастаған бұл іс-шараны өткен апта соңында Жамбыл ауданының өнерпаздары жалғастырды. Бағдарлама «Аса сазы» ән-би ансамблінің «Қазақ» биімен басталып, «Жаса қазағым», «Сәлем Қазақстан», «Қазағым», «Алатау», «Туған ел», «Мен қазақтың ұлымын», «Жайна Жамбылым» секілді бірқатар патриоттық шығармаларға ұласты. «Әдемі-ай» тобының өнері де тараздықтарды тәнті етті. Жақсылық Қалтешов орындаған «Жаса, қазағым», «Сенесің бе?» әндері жиналған жұрттың көңілінен шықты. Сондай-ақ аудан өнерпаздары «Қыздар-ай», «Бозбала, бойжеткен», «Арман-ай», «Сенің ғана», «Гүл-гүл жайна», «Еркеледің сен» және бірқатар заманауи әндер шырқады. Бұл концертте патриоттық әндер де тамаша орындалып, жүректерге жетіп жатты. Іс-шара ауылдық мәдениет үйлерінде де талай талапты әншілер жүргенін дәлелдеді. Концерттік бағдарлама соңын аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен қорытындылады. Осы сәт кең алаңдағы жүздеген көрермендер де толқып, тебіреніп, үлкен әсерге бөленді. Ән әлемінің кереметі де осы шығар. Бұл іс-шара енді апта сайын жалғасатын болады.

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар