Жергілікті дүкендер жергілікті өнімдермен қамтылуы керек

42

Облыс əкімі Нұржан Нұржігітов жұмыс сапарымен Жамбыл ауданында болып, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты. Аймақ басшысы әуелі Бәйтерек ауылындағы «Егізбай» шаруа қожалығының егіс алқабында болып, картоп шаруашылығын көрді. Қожалық жетекшісі Нұрлан Егізбаевтың айтуынша, шаруашылық пиязды – 45, картопты – 75, сəбізді 6 гектар алқапқа орналастырған. Бұдан бөлек, шаруашылықтың 30 гектар бидайы, 10 гектар алқапқа орналастырылған жоңышқасы бар, мал азығын да осы алқаптардан дайындауда.

Бұл дақылдарды сеуіп жинайтын техникасын қожалық сайлап та қойған. – Картоп қазу жұмыстарын жаңа бастадық. Күніне 2-3 гектар алқаптың өнімін жинаймыз. Оның əр гектарынан орта есеппен 300-350 центнерден өнім жинау жоспарлануда. Алқапқа 240 тонна картопты Қарағанды облысынан алып, отырғыздық. Бүгінде алқапта картоптың голландиялық «Буррен» жəне «Пикассо» сұрыптары өсірілуде. Жиын-терінге 40-50 маусымдық жұмысшы тартылған, – дейді ол. Шаруашылық картопты 15-20 күнде жинап алуды көздеуде. Өнімін Тараз қаласы мен Алматы және Түркістан облыстарына өткеруде. «Мұның бағасы қанша болады?» деп сұрады аймақ басшысы. Шаруа базар бағасынан 10-15 теңге түсіріп беретінін айтты.

– Облыста əлеуметтік дүкендер жұмыс істейді. Өз өнімімізбен алдымен сол дүкендерді қамту керек. Содан кейін осы өнімді барлық дүкендерге қойып, облыстағы бағаны тұрақтандыру жағына мəн берген жөн. Облыста картоп тұқымын қайта жолға қоюды жоспарлаудамыз. Бұл мəселені Жуалы ауылындағы бір шаруашылыққа енгіздік. Енді тұқыммен қамту мəселесін шешсек, оны өңір қожалықтары өзге облыстардан тасып əуре болмайтын болады, – деді Нұржан Нұржігітов.

Аудан əкімі Ерлан Қыдыралыұлы ауданда биыл судан тапшылық болмағанын айтып, барлық шаруашылықтар ағын сумен толық қамтылғанын жеткізді.
Аймақ басшысы бұдан кейін Айша бибі ауылындағы «Super Pharm» ЖШС-де болды. Бір реттік медициналық бұйымдар шығарумен айналысатын зауыт тың жобаларды қолға алыпты. Серіктестік директоры Қайрат Қаймолдаевтың айтуынша, зауытта бұған дейін медициналық халат, бинт, бір жолғы бахилдер, бетперделер мен төсеніштер шығарылып келсе, енді зауыт аумағында құрылысқа төзімді тігінді емес материалдар шығаратын цехты іске қосу жоспарлануда.

– Өндірістің жылдық қуаты 300 миллион данадан астам медициналық бұйымдар шығару. Өнімді өткізуде мəселе жоқ. Құрылыс алаңын кеңейтіп, тігінді емес материалдар шығаруды қолға алуға ниеттіміз. Ол зауытқа қажетті құрал-жабдықтарды əкеліп қойдық. Тек Қытайдан келетін мамандарды күтіп отырмыз. Шетелдік мамандардың елге кіруіне мүмкіндік болмай жатыр. Сыртқы министрлікке де өтініш бергенбіз. Бірақ мамандарды кіргізе алмай, өндірісті бастай алмаудамыз. Зауыт дайын, мамандар келіп құрал-жабдығын орналастырып берсе үш айда өнім шығарамыз. Айына 700 тонна тігінді емес материал шығаратын мүмкіндігіміз бар. Шикізатты Павлодардан жеткіземіз. Олар біздің ашылып, жұмыс істеуімізді ғана күтіп отыр, – деді серіктестік директоры.
Аймақ басшысы бұл мəселені республикаға шығып, тиісті министрліктерге сұраныс жасап шешіп беруге тырысатынын жеткізді.

Сондай-ақ облыс əкімі осы округте тұрғызылып жатқан 300 орындық орта мектептің құрылыс жұмысымен танысты. Оның құрылысын «Тараз строй-2004» ЖШС жүргізуде. Серіктестік директоры Мейірбек Жүнісовтің айтуынша, нысан құрылысы 90 пайызға аяқталған. Мердігер оны жоспарға сəйкес тапсырамыз деп отыр. Аймақ басшысы мектепті 1 қыркүйекке дейін пайдалануға беруді шегелеп тапсырды. Сонымен қатар осы аумақтағы жаңа тұрғын алқапта атқарылып жатқан жұмыс барысын көрді Мұнда кезекте тұрған тұрғындарға 382 жер телімін беру көзделген. Жаңа тұрғын алқаптың инфрақұрылымы аяқталуға жақын.
Аймақ басшысы жер телімі берілген соң ол жерге үш жылдың ішінде үй салынуы керектігін тұрғындарға ескертуді тапсырды. Жаңа тұрғын алқаптан жер телімін үлестіру биыл шешімін таппақ.

Келесі кезекте облыс əкімі қант қызылшасы алқабын көрді. «Ақкөл» шаруа қожалығы 40 гектар алқапқа тəтті түбірдің «Акация» мен «Виорика» сұрыптарын орналастырған. Шаруа оның əрбір гектарынан 450-600 центнерден өнім алуды жоспарлауда. Шаруашылық жетекшісі Алтынбек Керімқұлов балтамыр жинайтын комбайн алатын мүмкіндігінің жоқтығын айтып, қант зауыты комбайн алып шаруаларға өнім жинайтын кезде көмек көрсетсе деген өтінішін жеткізді. Бұдан бөлек, қожалықтың 300 гектар пиязы да жайқалып тұр.

Қос алқапта болған облыс əкімі Нұржан Нұржігітов: «Биыл қант қызылшасына берілетін баға 30 теңге болды. Тұқым мен тыңайтқыш 50 пайыз жеңілдікпен субсидиялануда. Енді бірнеше шаруа қожалығы бірігіп қант қызылшасын жинайтын комбайн сатып алуды үйлестіргені дұрыс. Сол үшін кооперативке бірігіп жұмыс жасаған тиімді. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 758 миллион теңге бөліп, «Тараз» əлеуметтік-кəсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на қаржы бөліп отырмыз. Осы мүмкіндікті пайдалануға асығыңыздар. Жаңа техника алсаңыздар оның 50 пайызы əкімдік тарапынан субсидияланатын болады», – деді.


Келесі кезекте Нұржан Нұржігітов Айша бибі ауылдық округіне қарасты Қызылтаң ауылы қасында 110 гектарға орналасқан 50 мегаваттық «Айша күн шуақ» электр стансасының жұмысымен танысты. Станса басшысы Жандос Райбекұлының айтуынша, нысан жұмысын наурыз айында бастаған. Жылдық қуаты сағатына 92 миллион киловатты құрайды. Жобаның инвесторы – «Unigreen Energy» ЖШС, ал жоба операторы «АЕС Аsa» ЖШС. Жобаның жалпы құны – 20,8 миллиард теңге. Серіктестік алдағы уақытта тағы 20 мегаваттық күн электр стансасын салмақ ниеті барын айтты. Оның мегаватын кезең-кезеңмен көбейту үшін 300 гектар жер телімін алғанын жеткізді.

Аймақ басшысы табиғат көзінен электр энергиясын өндіруде біздің облыс алдыңғы орында екенін, республикадағы энергия өндірісінің 21 пайызын Жамбыл облысы құрап отырғанын айтып, бұл шаруаның өңірде дамуына қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Келесі кезекте аймақ басшысы Əулиебастау басындағы келушілерге ыңғайлы болуы үшін жасалып жатқан құрылыс жұмысын көрді. Мұндағы қолға алынған жобамен аудан əкімі Ерлан Қыдыралыұлы таныстырды.

Бұдан кейін Аса ауылындағы аудандық орталық аурухана ғимаратының жағдайымен аталған аурухананың бас дəрігері Алтай Саурықов таныстырып, ғимаратқа күрделі жөндеу керектігін айтып, қаржы бөлуді сұрады. Бұдан бөлек, облыс басшысы Қаракемер ауылындағы 25 келушіге арналған дəрігерлік амбулаториясының құрылыс жұмысының барысын көрді. Мердігер нысанды бір айда тапсырмақ ниетте. Ондағы құрылыс сапасына жақсы баға берген облыс əкімі нысанды мерзімінде тапсыруды міндеттеді.

Ауданға жасаған жұмыс сапары соңында облыс əкімі Нұржан Нұржігітов аудан əкімдігі аппаратының мəжіліс залында аудан активімен кездесті. Кездесуде аудан əкімі Ерлан Қыдыралыұлының есебін тыңдады. Активте арыз-шағымды қарау, ауыз су тарту, тұрғындарды көгілдір отынмен қамту, шалғай елді мекендерге интернет желісін тарту жəне басқа да қадау-қадау мəселелер қаралып, талқыланды.

Жиын қорытындысында аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов аудан əкімі Ерлан Қыдыралыұлы мен оның орынбасарларына тиісті тапсырма беріп, тиісті басқармалар арасында кері байланысты орнатып, жұмысты жандандыруды тапсырды.
Марат Құлибаев                                                                                                                                                        Жамбыл ауданы.

Comments are closed.