Халықаралық байқаудан жүлдемен оралды Досжан
Досжанның балалық шағы біздің көз алдымызда өтті. Қазір жасы жиырма төртте. Ол жастығына қарамай әлемдік аренаға қазақ балетін алып шығып, Мая Плисецкая сынды аты аңызға айналған әлемдік балет өнері корифейінің қолынан Еуропаның ең басты балет байқауының жеңімпазы деген атақты жеңіп әкелді. Әлемдік балеттің белді балетмейстері болған Рудольф Нуриевтің 70 жылдығына орайластырылып өткізілген Халықаралық байқауға дүние жүзінің 20 елінен 70 үміткер қатысты. АҚШ, Алмания, Ұлыбритания, Италия, Жапония, Франция, Оңтүстік Корея, Ресей сияқты елдерден келген өнерпаздармен біздің Досжан да терезесі тең дәрежеде айқасты. Нәтижесінде жүлделі қайтты. Ол 2003 жылы А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесін тәмамдады. Еңбек жолын Қазақтың мемлекеттік Абай атындағы академиялық опера және балет театрында труппа солисі болып бастаған Досжан жастығына қарамастан театр сахнасындағы барлық партияларды ойнады десе де болады. «Жизель», «Бақшасарай бұрқағы», «Кармен-сюита», «Аққу көлі», «Дон Кихот» қойылымдарында да өзін таныта білді өнер иесі. Досжанның Рим қолбасшысы Красстың жасағын жеңген Спартак сынды гладиаторлар серкесінің рөлін ойнауы оның атағын алысқа әкетті. Өйткені, бұл рөлді балет тарихында 21 жасында тек Мәскеудің Үлкен театрының бұрынғы солисі Ирек Мұхамедов қана ойнаған екен. Досжан балет бишісі боламын деп армандамаған. Он жасында оның осы өнерге икемі барын ұстазы Ольга Шубладзе байқапты. Алайда, жас талапкердің кеудесінде қазақтың қоңыр сазы мен Арам Хачатурянның өміршең музыкасы мәңгіге жол тапты. Оның орындаған партияларын келе-келе Алматы жұрты ғана емес, Лондон, Париж, Мәскеу, Сеул, Токио сынды әлемдік мегаполистің кірпияз халқы қол соғып қарсы алатын болды. Тәлімгері Ұлан Мирсейдов пен Рамазан Бапов балғын шәкіртінің еңбексүйгіштігін жоғары бағалады. Жеңісіне ата-анасымен бірге қуанды. Анасы Үржамал да баласын баптады. 2004 жылы жас өрен Ресейдің Пермь қаласында өткен халықаралық конкурста дипломант атанып, «Көрермен көзайымы», «Ең шебер артист», «Ең дарынды жас» деген үш сыйлықты еншіледі. 2005 жылы Мәскеуде өткен халықаралық байқауда көрермен көңілінен шығып, күміс медальді қанжығасына байлады. Сол жылы Сеулде өткен байқауда тағы да екінші жүлдені жеңіп алып, Қазақстан балетін тағы бір биікке шығарды. 2006 жылы Досжан тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты атанды. Досжан Табылды сондай-ақ, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты. Құлан өңірінен түлеп ұшқан жас қанаттың жеңісі әлі алда. Біз оған қанатың талмасын, Досжан дегіміз келеді.
Құлан-Алматы-Құлан.
Сейсен Қожеке, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Көрерменді балалық шағымен қауыштырған классика
- 3 желтоқсан, 2024
Халық театрларының халі мүшкіл
- 3 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді