Тоқсан жылдығын тойлады

Тоқсан жылдығын тойлады
ашық дереккөз
Тоқсан жылдығын тойлады

Оңтүстік Қазақстан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті жақында 90 жылдығын тойлады. Бұл газеттің Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов және Міржақып Дулатов сияқты Алаштың ардақты азаматтары дүниеге әкелген «Ақ жол» газетінен бастау алады. Алғашқы саны 1920 жылы жарық көрген ұлттық басылымның сол заманның олқы тұсы мен әділетсіздіктерін биліктің бетіне басып, ашық айтқаны Сталинге ұнамай, ақыры «шолақ белсенділер» газетті жаптырған. Тек 1924 жылы Тұрар Рысқұловтың «бізге бір газет керек» деп жүріп күш салуымен «Ақ жол» газеті қайта жарық көреді. Міне, осы кезден бастап аталған басылым қилы тағдырды басынан кешірсе де ұлтымен бірге жасап келеді. 

Газет мерейтойы барысында ұлт қайраткері Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың 120 жылдығы мен облыстың бас басылымы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 90 жылдық тарихына байланысты «Ақ жол және Алаш ардақтылары» атты ғылыми-теориялық конференциямен басталды. Оған есімдері елге танымал тарихшылар, ғалымдар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, ақын-жазушылар, редакторлар қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тарихы терең қара шаңырақ басылымының 90 жылдық мерейтойына жолдаған құттықтауын жеткізіп, басылымның редакторы Бақтияр Тайжановқа қызметтік автокөліктің кілтін табыс етті. Конференция соңы Алаш ардақтылардың өмірінен сыр шертетін сахналық көрініспен жалғасты. Ол көріністе Жұмат Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрының актерлары Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтай қос арысымыздың рөлдерiн сомдады. Филармонияда өткен салтанатты шаралар соңы мерекелік қонақ асына ұласты. Онда Мекемтас Мырзахметұлы, Мұхтар Шаханов, Мархабат Байғұт, Көпен Әмірбек, Құлбек Ергөбек сынды зиялы қауым өкілдері өз құттықтауларын жеткізді. Сондай-ақ, газетіміздің директор-бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы да мерейтой иелерін жамбылдықтар атынан құттықтап, Бақтияр Тайжановқа шапан жауып, көне Тараздың тамаша көрінісі бейнеленген картинаны тарту етті.

Тоқсан жылдығын тойлады

Тараз-Шымкент-Тараз.

Ұқсас жаңалықтар