- Advertisement -

Қамшыны бос ұстасаң, қолыңды кеседі

73

- Advertisement -

Облыстық «Aq jol» газеті – өскелең ұрпақтың болашағына бейжай қарамай, өнегелі істердің ұйытқысы болып келе жатқан басылым. Әсіресе жастар тәрбиесіне қатысты дүниелердің көптеп жарияланатындығы қуантады. Ел ертеңі бүгінгі жас буынның қолында десек, бұл бағыттағы мазмұнды мақалалардың, сүбелі сұхбаттардың берері мол екендігі сөзсіз.

Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген тамаша сөзі бар. Түсіне білгенге терең тағылым осы. Өйткені қазіргідей жаһандану желеуімен желіге жіпсіз байланған кезеңде жасөспірімдерді дұрыс жолға салудың жауапкершілігі арта түскендей. Оны жуырда Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп те орынды көтеріп, Үкіметке депутаттық сауал жолдады. «Біз ұлттық идеология мен ұлттық тәрбиеде үлкен олқылық жіберіп алдық. Мұны ашық мойындау қажет. «Менің мемлекетім, менің Қазақстаным» деген отансүйгіш сезімді терең орнықтыру орнына қалайда ақша табу, тез баю, тірліктің бәрін ақшамен өлшеу ұғымдарын алға шығардық. Бүгінгі жастар бабалардың «тәк, тәйт» деген тыйымдарымен емес, негізінен «тик-ток» арқылы тәрбиеленіп жатыр», деді сенатор.
Бағамдай қарасақ, бұл дабыл қағарлық мәселе. Бүгін батыл шешімдер қабылданбаса ертең сан соғып қалуымыз әбден мүмкін. Өйткені батысқа еліктеген балалардың атысқа бейім болып бара жатқанын өмір көрсетіп отыр. Осы орайда облысымыздағы ахуал қандай? Жауапты мекемелер тарапынан нендей жұмыстар атқарылуда? Осы сұрақтарға жауап іздеп көруге бекіндік.
Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, аймақта 258 мыңнан астам жас бар екен. Олардың 96 786-сы қалада тұрса, 161 378-і ауылдық елдімекенде тіркелген. Мекеме жүргізген талдаудың нәтижесінде барлығы 25 881 адам жұмыссыз, NEET санатындағы, яғни оқымайтын жас ретінде анықталып, олардың аты-жөні мен мекенжайлары нақтыланыпты. Мамандар бұл жастармен адрестік жұмыстар жүргізіліп жатқандығын айтады.
– Жұмыссыз, NEET санатындағы жастардың үлесі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,2 пайыздан 7,6 пайызға төмендеді. Аймақта NEET санатындағы жастардың электронды дерекқоры жасақталып, олармен адрестік жұмыстар жүргізілді. NEET жастармен іс-шаралар жоспары бекітіліп, нақты индикаторлық көрсеткіштер айқындалған. Жыл басынан бері 19 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі, 56 қоғамдық тыңдау, 46 онлайн шеберлік дәрісі, 260 ақпараттық кеңес беру алаңдары ұйымдастырылды, – дейді басқарма басшысы Серікбол Берікқожа.
Әрине, «сұлу» сандарға сенгің-ақ келеді. Бұл жұмыстар замандастарымызды дұрыс бағытқа бұрып жатса қуанасың. Дегенмен құқықбұзушылыққа бейім жастардың да аз емес екені қынжылтады.
Мысалы, облыс бойынша биылғы 5 айда есірткі заттарын тұтынушылар санатында жалпы саны 2 034 адам тіркелген десек, оның 439-ы 14 пен 29 жас аралығындағы жастар. Ал токсикоман сияқты уытты заттарды 7 жас тұтынған. Жалпы есірткі мен уытты заттарды көп тұтынушылардың жоғары көрсеткішін Тараз қаласы құрап отыр. Осы орайда шаһардағы тұрғын үйлер мен ғимараттар қабырғасынан синтетикалық есірткі құралдарын жарнамалайтын граффити жазуларды жиі байқап қаламыз. Бұл да қылмысқа итермелейтін қадамның бірі. Дегенмен жастар саясатына тікелей жауапты басқарма тарапынан «Қоғамдық сақшы» жобасы аясында аталған мақсаттағы кодтық көздерді жою бойынша жұмыстар жүргізіпті. Бұл жұмыстарға 30-ға жуық волонтер тартылып, нәтижесінде қала бойынша 100-ден астам жазба өшірілген.
Сондай-ақ жыл басынан бері жастар арасында қылмыстың, нашақорлықтың алдын алу бойынша құрылған мобильді топ мүшелерімен бірлесіп, 440 түрлі форматтағы көпшілік шаралар өткізіліпті.
Ал облыстық жергілікті полиция қызметі ювеналдық полиция бөлімінің басшысы Қуаныш Қалжанов биылғы 5 айда ішкі істер органдарына түрлі құқықбұзушылықтар үшін 3353 кәмелетке толмаған бала жеткізілгенін тілге тиек етті. 210 жасөспірім және 139 қолайсыз отбасы есепке алынған. 38 ата-ана немесе оларды алмастыратын адамдар ата-ана құқықтарынан айырылыпты. Бүгінде есепте барлығы 258 жасөспірім тұр екен. Қынжылтатыны, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған ауыр қылмыстардың саны 12-ден 22-ге дейін, яғни 83,3 пайызға өскен. Сонымен қатар ауыр дене жарақатын салу фактілері 0-ден 2-ге, бөтен мүлікті ұрлау 8-ден 23-ке, бұзақылық 3-тен 5-ке дейін көбейген.
– Жасөспірімдер қылмыстарының негізгі себептерінің бірі ретінде ең алдымен, олар тәрбиеленетін отбасылардың материалдық деңгейінің төмендігі, моральдық қағидалардың әлсіреуі, әлеуметтік желілердегі агрессияны насихаттау, ата-аналардың өз балалары үшін жауапкершілігінің болмауы екенін атап өткен жөн. Қылмыстық жауапкершілікке тартылған колледж студенттері, сондай-ақ жұмыс істемейтін және оқымайтын жасөспірімдер бойынша төмендеу тіркелген болса, мектеп оқушылары бойынша өсім 83,3 пайызды (6-дан 11-ге дейін) құрады. Алайда талдауға сәйкес, қылмыстарды жасөспірімдер мектептер мен колледждердің аумағынан тыс жерде жасағанын айту керек. Оқудан тыс уақытта аймақтық инспекторлар әкімшілік учаскелер аумағында, бекітілген оқу орындарына тұрақты барып, жұмыс жүргізеді. Бірақ кейін жасөспірімдер ата-аналарының қарауымен үйіне қайтып келгенде, олардың қылмыс жасауына жол беріледі, – дейді Қуаныш Жақсылықұлы.
«Қамшыны бос ұстасаң, қолыңды кеседі» деген тәмсіл бар. Расында да жасөспірімдер мен жастар тәрбиесі, олардың қатысуымен жасалатын қылмыстардың кейбір түрлерінің өсуі жергілікті билікті де алаңдатып отыр. Бұл тұрғыда ата-аналар да өз балаларының жүріс-тұрысына бақылауды күшейтпесе болмайды. Себебі «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген сөз тектен тек айтылмаса керек.

Гуляфрез Сейтжанова.
Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support