- Advertisement -

Маңызды мәселелер назарға алынды

22

- Advertisement -

Бүгінде аймақта баға саясаты мен тұрғындарды қолжетімді тұтыну тауарларымен қамту, білім саласындағы сапаны арттыру, әлеуметтік мәселелерді шешу өзекті болып тұр. Осы және өзге де түйткілдер облыстық қоғамдық кеңестің отырысында талқыланды.

Алдымен облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожаның баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, облыс тұрғындарының 22,4 пайызын жастар құрайды. Олардың 37,4 пайызы қалада тіркелсе, 62,6 пайызы ауылдық елді мекендерде тұрады. Аймақта жастардың әлеуметтік сипатына, үнемі талдау жүргізіліп тұрады. Мәселен, ағымдағы жылдың талдау нәтижесі 25 881 жас оқымайтын, жұмыссыз санатында екенін көрсеткен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 8,2 пайыздан 7,6 пайызға төмендеген. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, оларды әлеуметтендіруге басымдық берілген. Нәтижесінде 102 жас онлайн оқытуға жолданса, 2444-і тұрақты жұмыс орындарына орналасып, 683 түлек жастар практикасына, ал 158 жас әлеуметтік жұмыс орындарына жолданған. Сондай-ақ 767 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылып, 59 жас мемлекеттік грант алған.

Отырыс барысында облыстың білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасы заңнамаларының және білім саласындағы нормативтік-құқықтық актілердің, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының орындалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырылу барысы баяндалып, білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттаудан өткізу және білім беру қызметімен айналысуға лицензия беру бойынша жұмыстары тыңдалды.

Аймақтағы баға саясаты мен тұрғындарды қолжетімді тұтыну тауарларымен қамту барысы туралы облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев баяндап берді. Баяндауынша, облыстың қантқа айлық қажеттілігі 1 800 тоннаны құрайды, оның ішінде 1 600 тонна облыс халқының, 200 тонна кәсіпорындардың қажеттілігі саналады. Бүгінгі күнде құмшекердің барлық қоры – 208,9 тонна. Атап айтқанда, тұрақтандыру қорында 70 тонна, қоймаларда 58,2 тонна, сауда объектілерінде 80,7 тонна бар. Ол қосымша 1 000 тонна қантты 450-485 теңгеге сатып алу шешімі қабылданып, конкурс жарияланғанын жеткізді. «Қазіргі кезде арнайы құрылған жұмыс топтары апта сайынғы негізде сауда орындарындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізуде. Сонымен қатар жуық арада Үндістан мемлекетінен квота арқылы 800 тонна ақ қант келеді. Оның бағасы 600 теңге шамасында болады», – деді.

Аспандияр Мұраталыұлы өңірде сауда үстемесін бақылау тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сауда үстемеақысы бойынша облыста 5 сауда нүктесіне хаттамалық ескерту берілген. Сонымен қатар сауда орындарына делдалсыз тікелей отандық тауар өндірушілермен келісімшарт түзу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ретте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жататын 8 тауар түріне 86 сауда орнына келісімшарт жасалынды.

Кеңес отырысының қорытындысы бойынша талқыланған тақырыптар төңірегін білім саласындағы жас мамандардың қоғамдық-саяси шараларға қатысу белсенділігін арттыру, жастарға арналған орталықтармен байланысын күшейту, жастарды тұрақты жұмыспен қамту, бос жұмыс орындары аясында шығарылған хабарламаларға мониторинг жұмыстарын жүргізу сынды бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылды. Көтерілген мәселелер назарға алынды.

Айтолқын КЕНЖЕБЕКОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support