- Advertisement -

Аулаға ойын алаңшасы керек

57

- Advertisement -

Рысбек батыр көшесі №1,№3 және Төле би көшесі №116 үйлердің ауласында расымен де кеш ауа байыз таппай тысқа шығатын ойын балаларының санында есеп жоқ екен. Ондағы 2012 жылы салынған ойын алаңшаларының тозығы жеткен. Аула тұрғындары ескіні жөндеп, жарамсыз тот басқан темірлерді сырлаудан да қажығанын айтады. Үйлердің маңындағы балалар алаңшасын кеңейтуге қолайлы орындарда бүгінде жаңа зәулім ғимараттар бой көтерген. Тұрғындардың осы мәселе бойынша жергілікті әкімдікті жағалап, базынасын айтып жүргеніне де бірнеше жылдың жүзі болыпты. Он жылға жуық уақыт көздеп жүрген бос жерлердің орнына бүгінде еңселі ғимараттар тұрғызылғанын айтқан тұрғындар енді «Jusan» банкінің артындағы 5 сотық жерге телміріп отыр. Содан қағылса, келешекте ауланы кеңейтуге мүмкіндік болмай ма деп үрейленеді.
– Менің осы аулада тұрып жатқаныма 34 жылға жуықтады. Үйлердің ауласы тар болған соң, балалар емін-еркін ойнай алмайды. Үш үйде 260 пәтер болса, әр шаңырақта кем дегенде бір баладан болғанның өзінде оларға шағын аула аздық етеді. Аулада доп қуған балалар талай мәрте бірінші қабаттағы үйлердің терезелерін шағып тынды. Үйге сыймай тысқа шығып, аңдамай терезе бұзған ойын баласынан не сұрайсың? Біз балалардың доп ойнауына қолайлы жер сұрап жүргенде баз біреулер Төле би көшесі №116 үйге беттестіріп гараж соғып жатыр. Үйге жапсарлас гараж соғу талапқа сай емес қой. Қала берді жергілікті әкімдіктен сол ауладағы 5 сотық жердің «Jusan» банкіне тиесілі екенін біліп, үмітіміз су сепкендей басылды,– дейді №1 үйдің төрайымы Татьяна Владимировна.
Тұрғындар көтерген мәселені байыппен қарасақ, аталмыш үйлердің маңында бос орын жоқ. Жылдар бойы қолайлап жүрген 5 сотық жердің өзі жекенің теңгерімінде болса, ешкімнің де өзгенің ауласына көз салуға құқы жоқ. Дейтұрғанмен аула тұрғындары Балалар жылы қарсаңында біздің өтінішімізді атқарушы билік қуаттап, бір шешімі табылып қалар деп үміттенеді.

Сәндібек Піренов

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support