Құрылыс кестеге сай жүргізілуде
Байзақ ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы кейінгі жылдары қарқын алып келеді. Ауданда көптеген жобалар мен бағдарламалар жүзеге асырылып, оның игілігін ел көруде. Ауданға кейінгі жылдары сырттан көшіп келушілер саны арта түскен. Сондықтан да бүгінде үй кезегінде тұрғандар саны артуда. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», деп жазылған. Сондықтан да халықтың денсаулығы қашанда маңызды. Ал олардың дені сау болып, алаңсыз жұмыс істеуін медицина саласының мамандары кепіл бола алады.
Дәрігерлердің тиянақты жұмыс істеуі үшін аудандағы аурухана, емхана, жергілікті жерлердегі дәрігерлік амбулатория, медициналық, фельдшерлік-акушерлік тірек ғимараттары, ондағы қажетті құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер талапқа сай болуы керектігі айтпаса да түсінікті. Ал тәжірибелі, ісіне тиянақты кадр мәселесі өз алдына бөлек әңгіме. Дегенмен аудандағы орталық аурухана ғимаратының ескі, талапқа сай келмеуі, ал емхананың кезінде өз мақсатында соғылмағаны, бүгінгі күнге тарлық жасап тұрғаны туралы көптен бері айтылып келген еді. Енді міне, сең қозғалып, емхана соғу қолға алынды. Емхана жанынан үлкен аурухана ғимараты бой көтереді деген де жоспар бар. Келешекте бұл өңірден 600 орындық мектеп салу да айтылып жүр.
Биыл аудан орталығынан жаңа емхана салу үшін 4 850 851 000 теңге қаралып, Сарыкемер ауылы мен Қостөбе ауылы аралығындағы тасжолдың бойынан 3 гектар жер бөлінген еді. Ерте көктемде Қуат Баққараев басқаратын «Таразстрой-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылысшылары жалпы құны 4 430 950 000 теңгелік жертөлесі бар 3 қабатты, ауысымына 250 адамды қабылдайтын емхана құрылысын бастап кеткен еді. Аталған құрылысқа тапсырыс беруші Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасы болғандықтан, аталған басқарманың маманы Н.Мұратов пен техникалық қадағалаушы «МегалитыАлматы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі жұмысты күнделікті қадағалауда. Сондықтан болса керек, бүгінде құрылыс алаңында жұмыс қыза түскен. Дәлірек айтқанда, ұзындығы 118,4, ені 14,4 метр болатын нысанның екінші қабаты жабылуда. Сондай-ақ бірінші, екінші қабаттардағы бөлмелер тиісінше бөлініп жатыр. Үшінші қабатты көтеруге де дайындық жұмыстары басталып кеткен.
«Біз жұмысты биылғы жылдың 1 сәуірінде бастадық. Жұмыс бірқалыпты, кестеге сай жүруде. Жұмысқа барлығы 70 адам тартылған. Олардың барлығы да Байзақ ауданынан болса, оның ішінде 21 адам аудандық жұмыспен қамту орталығы мекемесі жолдамасымен қабылданды. Аптасына алты күн жұмыс істейтін олардың орташа алғанда айлық жалақысы 100-150 мың теңге аралығында. Жұмыс түрлеріне қарай одан да көп айлық алатындар бар. Жұмысшылар үшін арнайы асхана ұйымдастырылып, осында қонатындарға жатар орын дайындалып қойылған. Біз құрылысты өз мезгілінде аяқтаумен бірге оның сапасына да баса назар аударып отырмыз, – дейді учаске бастығы Исмаил Купяшаров.
– Біздің құрылыс материалдарымыздың 99,9 пайызы қазақстандық. Оның ішінде кірпіш осы ауданның Түймекент ауылынан алынып жатса, құм Жамбыл ауданының Жұма ауылынан тасылуда. Шағал тастарды да осы аудан аумағынан алып жатырмыз. Сол секілді газоблок пен ағаштар Алматы, арматуралар Қарағанды қаласынан жеткізілуде. Емханамен қоса 720 шаршыметр жерге жерасты жертөлесімен зертхана да қатар салынуда. Құрылыс толықтай біткеннен кейін 2 756 157 000 теңгеге емхананың құрал-жабдықтары алынатын болады, – деді серіктестік өкілі Бағлан Дәненов.
Біз құрылыс алаңында болғанымызда 2 үлкен автокран ауыр-ауыр темірлер мен бетондарды, цементтерді жоғарғы қабатқа көтеріп жатты. Ал құрылысшылар болса өрілген арматураларды тұрғызып, оның айналасына цемент құюда. Қабырғаларға бетон плиталар орналастырылып, оны мықтап бекітуде. Жердегі құрылысшылар болса қажетті арматураларды өлшеп, кесіп, қажетті жерлерін дәнекерлеп, жұмыстың тоқтамай жүруіне көмектерін көрсетуде. Екі құм тиегіш техника арқылы тиелген құм, шағал тастарды 2 автомашина тасып үлгеруде. Басқа да техникалар қарап тұрмай механизаторлар өздеріне тиесілі жұмысты атқарып, ғимараттың мезгілінде сапалы аяқталуына өз үлестерін қосуда. Құрылыс алаңында бос жүрген адам кездеспейді. Құрылыс 1 сәуір күні басталса, оның бітуі 31 желтоқсанда деп белгіленген екен.
Бір сөзбен айтқанда, мұнда құрылыс қарқын алған. Ал бұған қарағанда құрылысшылардың аудан халқы көптен күткен астында жертөлесі бар 3 қабатты емхананы зертханасымен қоса өз мезгілінен бұрын пайдалануға беретініне сенуге болады.
Сүндетулла ӘБІЛОВ, журналист.
Сарыкемер ауылы, Байзақ ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- Бүгін, 02:59
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді