Сот жүйесіндегі соны серпіліс

Сот жүйесіндегі  соны серпіліс
ашық дереккөз
Сот жүйесіндегі соны серпіліс
Биылдан бастап елімізде 24 маусым Судья және сот қызметкерлері күні ретінде атап өтілуде. Бұл дата тектен тек таңдалып алынған жоқ. 1992 жылы дәл осы күні «Қазақ КСР-нің сот жүйесі туралы» Заңға тек соттың сот төрелігін жүзеге асыруы туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Өз кезегінде ол өзгерістер мен толықтырулар сала қызметкерлерінің жұмысын жүйелеп, ісін бір арнаға салып берді. Күні кеше осы мерекеге орай салтанатты жиын өтті. Басқосуды облыстық сот төрағасы Ербол Ахметжанов ашып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты төрағасының құттықтауын оқып берді. Ары қарай мереке иелерін облыс әкімі Нұржан Нұржігітов құттықтап, мерекелік медальдар табыс етті. – «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген біздің халқымыз үшін қашанда әділдіктің туы биік болған. Ол туды көтерушілер кешегі билер болса, бүгінгісі сіздерсіздер. Сондықтан мен сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Әрі сіздердің жүйемен бала күнімнен таныспын десем де артық айтпаған болар едім. Өйткені біздің отбасымыздан бірнеше сот саласының қызметкері шыққан. Сондықтан сіздердің мойындарыңыздағы ауыр жүк пен жауапкершіліктің қаншалықты ауыр екені маған мәлім. Әрине, тәуелсіз мемлекетте заңдылық қатаң сақталуы үшін сот жүйесі заман талабына сай үнемі жетілдіріліп отыруы тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы жуырда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында: «Әділдік әрқайсымыздың бойымызда болуы тиіс құнды қасиет. Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, әділдік жолы ең қиын жол екенін ұмытпауымыз керек. Заң үстемдігін орната алмаған ел түбінде құрдымға кетеді. Біз барлық салада бәріне бірдей мүмкіндік беретін нағыз әділетті қоғам құруымыз керек. Оның бір жолы тәуелсіз сот жүйесі» деп атап өткен болатын. Міне, сол Мемлекет басшысы айтқан әділетті Қазақстанның алғашқы қадамы да сот жүйесін реформалаудан басталмақ. Ендеше әділетті Қазақстан құруға бірге атсалысайық, – деді Нұржан Молдиярұлы. Әрине, қоғамда судьялар мен сот қызметкерлерінің орны қашанда бөлек. Олардың арасында халқы үшін қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан ардагерлер де бар. «Өткені жоқ елдің болашағы жоқ» демекші, сот жүйесінде де өзіндік ұрпақтар сабақтастығы бар. Ардагерлер салған ақ жолдан айнымай келе жатқан жастардың да сөзі көңіліңе қуат, жаныңа шуақ сыйлайды. – Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қоғам өмірінің барлық салаларын дамыту, республика халқының әл-ауқатын жақсарту, құқықтары мен міндеттерінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында реформалар мен өзгерістер тоқтаған емес. Сот жүйесін дамытуға Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та айрықша көңіл бөліп келеді. Тәуелсіз әрі кәсіби сот жүйесі еліміздің мызғымастығының бір негізі. Судья ол кешегі билердің бүгінгі жалғасы десек артық айтқан болмас едік,– деді әкімшілік соттың судьясы Думан Мәуленов. Салтанатты сәтте сала қызметкерлері түрлі марапаттарға ие болып, құрметке бөленді. Тарқата айтсақ, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен облыстық соттың судьялары Мейірхан Әйтибеков, Ардақ Әкетаев, Қордай аудандық сотының судьясы Мирагүл Айманова, облыс бойынша соттар әкімшісінің басшысы Берік Құлтасов марапатталды. Ал Жамбыл облысы әкімінің Алғыс хаты Қордай аудандық сот кеңсесінің бас маманы Айнұр Әлхановаға, Тараз қаласы №2 сотының бас маманы Райхан Есжановаға, Шу аудандық сот кеңсесінің бас маманы Кербез Қойгелиоваға табыс етілді. Сондай-ақ сот жүйесінің бірқатар ардагерлері мен сала мамандарына «Қазақстан Республикасының сот жүйесіне 30 жыл» және Қазақстан Республикасы Жоғары сотының ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» және ҚР Жоғары сотының «Сот жүйесінің ардагері» медальдары табысталды.

Шапағат ӘБДІР, журналист.

Ұқсас жаңалықтар