Басты мақсат – халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету

Басты мақсат –  халыққа сапалы  медициналық қызмет көрсету
ашық дереккөз
Басты мақсат – халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді. Министр әуелі облыс әкімі Нұржан Нұржігітовпен арнайы кездесіп, іле Талас ауданына аттанды. Министр аудандағы орталық емхананың «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясындағы Үздік тәжірибелер орталығының ашылуына қатысып, лентасын қиды. Аталған емдеу мекемесін түгел аралап, тіркеу бөлімін, дәрігерге дейінгі, отбасын жоспарлау, ресурстық, баланы дамыту бөлмелерін, халықты шұғыл көмек көрсетуге оқыту бойынша тренингтік және скринингтік кабинеттерін, дәріхананы, салауатты өмір салты мен жастар денсаулық орталығын саралап шықты. Сондай-ақ емхананың отбасылық дәрігер, отбасылық медбике, патронаждық медбике, психолог кабинеттерінің, татуласу кеңсесі, ана мен бала бөлмесінің жұмысымен танысты. Министр Талас ауданындағы іссапарының соңында тұрғындармен кездесу өткізіп, ауыл тұрғындарына денсаулық сақтау жүйесінің негізгі міндеттері мен бағыттарын түсіндірді. Ажар Ғиният атбасын келесі кезекте Жамбыл ауданына бұрды. Аудандық орталық емхананың бас дәрігері Алтай Саурықов министрді «Үздік тәжірибелік орталықтың» жұмысымен таныстырды. Сондай-ақ делегация мүшелеріне емхананың медициналық қызмет көрсету түрлерін таныстырды. Министр медицина мекемесін жіті тексеріп, мамандарға тиісті тапсырмалар беріп, қызметкерлермен тілдесіп, арнайы ұсыныс-кеңестер берді. Ал бас дәрігерге пациенттерді қолдау қызметін күшейту қажеттігін айтты. Денсаулық сақтау министрінің аудандарға іссапары Меркі ауданында жалғасты. Мұнда да «Әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді медицина» Ұлттық жобасын ауданның бас дәрігері Жанар Оспанова таныстырды. Ол басқаратын медициналық мекеме ауысымына 500 келушіге арналған. 2020 жылы пайдалануға берілген емханаға тіркелген халық реестрі бойынша 71941 адамға қызмет көрсетіледі. ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың Жамбыл облысына жұмыс сапарының екінші күні «Әмір және Д» ЖШС-ның медициналық бұйымдар зауыты мен дәрілік заттар қоймасының жұмысымен танысудан басталды. Одан кейін министр ана мен балаға көмек көрсетудің үшінші деңгейлі сатысына жататын акушерлік-гинекологиялық, неонаталдық көмектің толық спектрі көрсетілетін 280 төсекорны бар облыстық көпбейінді ауруханасының перинаталдық орталығына барды. Перзентхананың қабылдау бөлімінен бастап, босанатын әйелдермен тілдесіп, олардың жағдайы мен босануға дайындығы туралы сұраған еліміздің бас дәрігері аймақтағы акушерлік қызметтің бақылау сапасына тексеру жасады. Сондай-ақ жаңа туған нәрестелерді күту бойынша жұмыстармен танысып, қарқынды терапия бөлімшесін қарап, тиісті тапсырмалар берді. – Біз үшін қызметтің ең басым бағыттарының бірі – ана мен баланы қорғау болып қала береді. Мемлекет басшысы жариялаған «Балалар жылында» Денсаулық сақтау министрлігі құрсақішілік кезеңнен бастап балалардың денсаулығын нығайтуға бағытталған бірнеше бастаманы жүзеге асыруда. Қабылданып жатқан шаралар жүкті әйелдерді босануға дейінгі сапалы бақылаумен қамтуды 80 пайызға дейін арттыруға ықпал ететін болады, – деді министр. Сондай-ақ ол медицина қызметкерлері күнінде «Елдің үздік босандыру ұйымы» аталымында 2-орынға ие болған облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Қайрат Жетібаев пен оның ұжымын жеңісімен құттықтады. Келесі кезекте еліміздің бас дәрігері облыс тұрғындарымен кездесіп, басқосу соңында жеке қабылдау өткізді. Тараз қалалық мәдениет үйіне келген тұрғындар салаға қатысты түрлі мәселелер бойынша өздерін толғандырып жүрген сұрақтарына жауап алып, қажетті көмек көрсетуін сұрады. Жалпы жиын барысында 15 азамат министрге сауал жолдаса, жеке қабылдауында тағы сонша азамат базынасын білдірді. Ал өңірлік коммуникациялар алаңында арнайы брифинг өткізген министр Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігінің атқарған қызметі туралы баяндады. – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алғашқы медициналық көмекті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарау үшін оны барынша мобильді және халықтың қалың тобына, оның ішінде ауылдық жерлерде тұратындарға қолжетімділігін жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Халықтың өтініші бойынша амбулаториялық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек көрсету қағидалары әзірленді. Осының негізінде Жамбыл облысының халқы жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз консультациялық-диагностикалық қызметтер ала алады. Сондай-ақ онкологиялық және гематологиялық ауруларға күдік болған кезде зерттеп-қарауды және емдеуді жеделдету үшін «Жасыл жол» енгізілді, оның шеңберінде онкологиялық ауруға күдікті пациенттерге 18 жұмыс күні ішінде консультация беріледі және зерттеп-қаралады, – деді Ажар Ғиният брифинг барысында. Ол, сондай-ақ баспасөз мәжілісіне қатысқан журналистер мен тікелей эфир арқылы сұрақ қойған азаматтардың сауалдарына жауап берді.

Маржан РАҚАЙ

Ұқсас жаңалықтар