- Advertisement -

Үкімет тарапынан берілген жеңілдік ауылға жетуі керек

27

- Advertisement -

Қуаңшылық тұралатып, қымбатшылық қысқан қазіргідей уақытта халықтың тұрмыстық әл-ауқатын жақсарту күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі екені белгілі. Өңіріміз аграрлық аймақ болғандықтан бұл мәселенің оң шешілуіне асыраушы салаға артылар үміт мол. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен жиында тұрғындардың тұрмысын түзеу мақсатында осыдан үш жыл бұрын қолға алынған пилоттық жобаның жүзеге асуы жан-жақты талқыланды.

Аймақ басшысы өңір халқының әлеуетін арттыруда пилоттық жобаның мүмкіндіктері мол екенін тілге тиек етіп, жобаны қаржыландыру бойынша қазіргі таңда Дүниежүзілік банкінің өкілдері өңірде арнайы іссапармен жүргенін аудан әкімдеріне ескертті. Айтуынша, егер аталмыш банк өкілдері жобаның тиімділігіне оң көзқарас танытса, тағы да бір-бір ауылдық округке 2,5 пайыз жеңілдікпен несие берілмек. Осы мақсатта биылға 6 миллиард теңге қаралып жатыр екен.

Ең алдымен сөз алған Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиев пилоттық жобаның игі нәтижелеріне кеңінен тоқталды. Қазіргі таңда Сарысуда жобаның бес бағыты бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын алға тарта отырып, нәтижесінде аудандағы жеке кәсіпкерлер саны 27-ден 301-ге артқанын, жұмыссыздар 95 адамнан 15-ке азайғанын айрықша атап өтті.
– Жобаға Байқадам ауылдық округі таңдалған. Жалпы сомасы 915,5 миллион теңге несие беріліп, 901 аула қамтылды. Үй іргесінде егістік жерлерді игеру бойынша жобаға дейін 848 аула егістік жер игерілсе, жобадан кейін көрсеткіш 901 аулаға көбейді. Игерілген егістік алқап 57 гектардан 72 гектарға жетті. Нәтижесінде, жалпы алынған өнім 630 тоннаны құрады. Ауладағы мал шаруашылығын дамыту бойынша жобаға дейін 761 аула мал шаруашылығымен айналысса, жобадан кейін ол 841 аулаға артты. Бүгінгі күнге жалпы ауладағы мал басының саны 25 334 тен 35 963 басқа жетті. Ауыл сыртындағы егістік жерлерді игеру бойынша құрылған кооперативке 554 гектар егістік, 2793 гектар шабындық және 3812 гектар жайылым жер берілді. Құрылған кооперативті жабдықтауға 20 дана ауыл шаруашылығы техникасы лизингке берілді. Бұл техникалар ІІІ-бағыт бойынша ауыл сыртындағы егістік жерлерді игеріп, ауыл тұрғындарының малдарына жем-шөп дайындауда. Жоба нәтижесінде ауданда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 154 отбасыдан 23 отбасыға азайды, – деді Марат Қырғызәліұлы.
Сондай-ақ ол жобаның игілігін басқа да ауылдық округтер асыға күтетінін, тұрғындар тарапынан сұраныстың жоғары екенін жеткізді. Несиені қайтаруда да тұрғындар тарапынан ешқандай мәселе жоқ екен.

– Ауылдық жерлерде құрылған кооперативтер толыққанды техникалармен қамтылуы тиіс. Ал техника ауыл үшін жұмыс жасауға міндетті. Сонымен қатар сол кооперативтер өз істерінің тиімділігін ауыл шаруашылығы басқармасына дәлелдеуі қажет. Құрылғаннан кейін олардың ауыл әлеуетін көтеруге міндетті түрде жәрдемі тиюі керек. 2023 жылы осы жобаға қомақты қаражат қарастырылуда. Оның негізінде кооперативтерге қосымша несие беріледі. Ол қаражат артылған өнімді жинап, сатуға жұмсалады. Сүт бағытында субсидия беріледі. Оны Жуалы ауданынан басқа ешқайсысы алып жатқан жоқ. Қойдың етіне де субсидия төленеді. Үкімет тарапынан берілген жеңілдік ауылға жетуі керек. Сондықтан таяу арада ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан әкімдері осы субсидия мәселесі бойынша маған есеп бересіздер. Қазір әлеуметтік желілерде мал сататын арнайы топтар бар. Олардың көбі алыпсатарлар. Әр бас қара малдың үстінен олар 10 мың теңгедей пайда көріп отыр. Неге соны өзіміз ұйымдастырмаймыз? Кооператив төрағасы өз аяғымен неге базарға келмейді? Ол әр ауладағы сатылатын малдың тізімін жасауы қажет, – деді облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы.
Облыс әкімі ауыл шаруашылығы басқармасы өкілдерінің айтуынша, тұрғындардың өнімдері үшін қазір облыс орталығындағы «Гранд Базар» аумағынан әр ауданға бір-бір орын берілген.

Ал Сарысумен іргелес жатқан Талас ауданындағы Үшарал ауылдық округі бойынша атқарылған жұмыстарды аудан әкімі Қанатбек Мәдібек баяндады. Табысты жобаның игілігіне таластықтар да қанық болып отыр. Жобадан кейінгі екі жылда тұрғындардың мал басының саны 25 мыңға жуықтаған. Үшарал ауылдық округі бойынша жалпы 326 аула бар болса, 300 аулаға тиесілі 55 гектар жер тиімді игеріліпті. Онда қияр, қызанақ, картоп және қауын, қарбыз өсірілуде. Техникалар да қалыпты жұмыс жасауда. Тұрғындар көбіне жерасты суларын пайдаланатындықтан, тіршілік көзінен де ешқандай мәселе туындамапты. Десек те аудан әкімі Қанатбек Қайшыбекұлы Үшарал ауылында пилоттық жоба аясында құрылған «ТАЛАС-2020» кооперативі тарапынан алынған несие бойынша төлем жасалмағанын жеткізді.

– Пилоттық жоба бойынша несие берілген елді мекендерде кім қандай кәсіппен айналысамын десе де барынша жағдай жасалуы қажет. Малды қолдан ұрықтандыру жұмыстары да осы ауылдардан бастау алуы тиіс. Ол үшін сол ауылдардың әкімдерімен жұмысты жүйелеу керек. Осы бойынша ескеретін жайт, асыл тұқымды бұқаны жалға алып, қоғамдық падаға қосса 100 мың теңге қаражат төленеді деген жап-жақсы ереже бар. Соны неге әлі күнге жүзеге асырмай жүрсіздер? Оның жалға алу құнын ауыл шаруашылығы басқармасы төлейді. Ол бұқаны екі жылға дейін жалға алуға болады. Бұл ең алдымен мал өнімділігін көтеру үшін жасалатын мүмкіндік. Нәтижесінде, 7-8 жылда асыл тұқымды төл өседі және осы ереже арқылы ет немесе сүт бағытындағы мал басын көбейтуге болады, – деп Нұржан Молдиярұлы жауаптыларға айтылған шаруаны пилоттық жобадағы ауылдарда қолға алуға 1 ай уақыт берді.

Жиын барысында сала мамандары тарапынан асыраушы салаға гидропоника әдісін пайдалану, колледждерде оған қажетті мамандар даярлау, білікті агроном, зоотехник мамандарынан құрылатын агроқызмет жасағы жайлы да бірқатар өзекті мәселелер талқыланып, салааралық басқарма басшылығы мен аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктелді.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support