- Advertisement -

Жол апатының жиілеуіне кім кінәлі?

42

- Advertisement -

Жыл басынан бері облыста жол-көлік оқиғалары 28 пайызға артып, салдарынан қаза тапқандар мен жарақат алғандардың үлесі артқаны байқалады. Осы жайсыз көрсеткіштерді басшылыққа ала отырып, жедел шешім қабылдамаса, күні ертең қайғылы жағдайлардың қатары күрт артпай ма деген күдік туады.

Сейсенбі күні облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен жол қауіпсіздігі және жол-көлік оқиғалары жөнінде кеңес отырысы өтті. Құқық қорғау саласының жауапты басшылары қатысқан кеңесте алдымен облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ербол Тайбеков баяндама жасады.

– Негізі жол-көлік апаттары жүргізушілер мен жаяу жүргізушілердің тәртіпке бағынбағанынан жиілейді. Оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында Тараз қаласы және қала сыртындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында қызмет ететін полиция жасақтарының кестесі қайта қаралып, бүгінде батальон басшы құрамдарының есебінен автопатрульдердің саны көбейді. Жыл басынан бері тексеріс барысында шет елдерде есепте тұрған жалған куәлігі бар 22 көлік анықталды. Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 385-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, көліктер айып тұрағына қойылды. Жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне Алматы, Шымкент қаласы, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарында транзиттік көлік жүргізушілерінің көбейгені де әсер етеді. Облыстағы республикалық автожолдарда тәулігіне екі бағытта 43 мыңға жуық автокөлік өтуде. Оның ішінде жеңіл автокөліктер саны 36 мыңға жуық және 7 мыңнан астамы ауыр жүк көліктері. Былтырғы жылмен салыстырғанда транзиттік көлік саны 34 мыңға көбейген. Биыл полиция департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, облыстың автомобиль жолдарына 1083 тексеріс жүргізді. Нәтижесінде, жол қозғалысына кері әсер ететін 8336 кемшілік анықталды, – деді Ербол Тұяқұлы.

Сонымен қатар Ербол Тайбеков жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне әсер ететін бірқатар факторларды атап, «Жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесін» енгізу, көлік тұрағын салу және автобус аялдамаларының кіру қалталарын кеңейту сынды бірнеше ұсыныс айтты. Бұдан бөлек Тараз қаласы мен облыс автожолдарында жүргіншілерді қағып кету жағдайларының алдын алу мақсатында жерүсті және жерасты өткелдерін салу маңызды екені ескертілді.
Жиында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қордаланған мәселелерден бұрын кезек күттірмейтін шаруаларға иек арту маңызды екенін баса айтты.

– Есепке назар салсақ, бізде жол-көлік оқиғаларының дені түнгі уақытта болады екен. Әсіресе 1 200 шақырым аумақты алып жатқан республикалық маңызы бар автожолдарда көлік қақтығысы жиі орын алуда. Демек, патрульдік бақылауды дәл осы түнгі мезгілде күшейту керек. Біз көліктердің техникалық талаптарға сай болуы, кэмпинг мәселесін жылда айтамыз. Енді оны дәл қазір жедел реттей алмаймыз. Иә, полиция қызметкерлері заң жүзінде көліктерді жосықсыз тоқтата алмайды. Дегенмен жол бойында қызметтік көлікпен жүріп-ақ жүргізушілерге ескерту жасауға болады ғой. Республикалық маңызы бар жолдарды қадағалауға адам жетпей жатса, басқа учаскелерден қосымша күш тарту керек. Дәл қазір қолдан келетіні осы, – деді Нұржан Молдиярұлы.

Басқосуда «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Дәурен Төлтаев республикалық маңызы бар жолдардағы белгілері, жаңадан төселіп жатқан автомобиль жолдары және жол бойындағы сымнан тартылатын қоршаулар туралы есеп берді.
Осы ретте өңір басшысы компания басшылығына мал көп жайылатын жол жиегін қоршаудан бұрын ескерту белгілерін қоюға көбірек көңіл бөлуді тапсырды. Яғни «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолында 4000 мыңнан астам жол белгілері болса, мал өтетін аумақтарға да арнайы белгі қою аса маңызды. Өңір басшысы кеңес отырысында жауапты мекемелерге жол сапасын бақылауды да шегелеп тапсырды. Сондай-ақ білім басқармасының облыстағы мектептерге, ал Қоғамдық кеңес мүшелерінің тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру қажет екенін ескертті. Нұржан Нұржігітов кеңес отырысында облыс әкімінің орынбасары Рүтем Дәулетке басшылыққа алынған міндеттерді қадағалап, апта ішінде оң нәтиже шығаруды жүктеді.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support