- Advertisement -

Жалақы аз болса, жұмыстан береке кетеді

60

- Advertisement -

Ел-жұрттың көзқарасында еңбек даулары жұмысын жүргізе алмай отырған шағын кәсіпорындарда, құрылыс компанияларында туады деген түсінік қалыптасқан. Бірақ кейінгі кездері еңбек қатынастарына қатысты қайшылықтар техникалық талаптарға селқос қарайтын және жұмысшылардың еңбекақысын өсірмей, қала берді айдан айға кешіктіретін ірі компаниялардан да анықталуда. Осындайда еңбек адамдарына құрмет-қошеметті сөзбен емес, іспен көрсететін күн қашан келер екен деп толғанасың.

Жарыққа жауапты мекеменің жұмысшылары неге наразы?

Еңбек дауларына қатысты мәселелер әдетте әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырысында қаралып, оң шешімін тауып жатады. Ашып айтсақ, комиссия отырысында бейресми жұмыспен қамтылған тұлғалардың еңбек қатынастарын заңдастыру, еңбек саласын цифрландыру және еңбек жанжалдарын болдырмау мен орын алған жағдайда әрекет ету жұмыстары пысықталып, қаралады. Бұдан бөлек жыл басында жергілікті әкімдік ірі кәсіпорын басшыларына жұмысшылардың жалақысын көтеру мәселесін ескерткен-ді. Нәтижесінде, қазір облыстың 774 кәсіпорны 44101 жұмыскердің жалақысын орта есеппен 27 пайызға көтерген. Бұл тізімде 44 ірі кәсіпорын, 27 орта кәсіпкерлік және 703 шағын кәсіпкерлік субъектісі бар. Дейтұрғанмен, бірер күннің бедерінде облыс орталығына «Жамбыл электр жүйелері» серіктестігінің жұмысшылары келіп, өңірді жарықпен қамтып отырған мекеменің жалақысына қатысты талап қойды. Аталған мекеменің аудандағы бөлімшелері жұмысшылардың өтінішіне назар аудармаған соң, орталыққа келуді дұрыс көрген. Олар қым-қуыт тірліктің есесіне төленетін еңбекақылары жұмыс ауқымына сай емес деп жанайқайын жеткізді.

Мысалы, Жамбыл аудандық жарық жүйесінің жұмысшысы Ескендір Әліпшиев: «Жұмыс іздеп амалы таусылған ағайын аз айлықты қанағат тұтып жүр. Олардың дені бірер жыл немесе бірнеше ай жұмыс істеп, жалақысы тұрмысына жетпеген соң басқа кәсіп іздейді. Расымен де есептеп қарасақ, ең төменгі жалақыға қазір екі қап қант алуға болады», деп ахуалын ашына баяндайды. Сол секілді Шу ауданынан келген жұмысшылар да кейде аптаның сенбісінде жұмысқа шыққанымен қосымша ақы төленбейтінін айтып шырылдауда. Тіпті кейбір аудандық электр жүйесіне жауапты мекемелердің тозығы жеткен техникаларымен жұмыс істеудің өзі мұңға айналыпты. Амалы таусылған жұмысшылар кейбір қажетті құрал-жабдықтар мен жанармайына ақысын өз қалтасынан шығаруға мәжбүр екенін ашып айтты. Осы мәселеге қатысты «Жамбыл электр жүйелері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Бауыржан Көрпебаев «Біздің әр іс-қимылымызды, жұмысымызды табиғи монополияларды реттеу департаменті қадағалайды. Олардың рұқсатынсыз, бұйрығынсыз біз еш қимыл жасай алмаймыз», деп қысқа қайырыпты. Соған қарағанда дәл қазіргі уақытта Жамбылдағы жарыққа жауапты мекеменің экономикалық ахуалы мәз емес секілді.

«Жасыл Ел-Тараз» серіктестігінің
жай-күйі қалай?

Мұндай жайсыздық Тараз қаласындағы «Жасыл Ел-Тараз» серіктестігінің жұмысшыларын да алаңдатады. Биыл көктемгі дала жұмыстары барысында арықтарды тазалауға шыққан аталмыш мекеменің жұмысшыларының жалақысын ала алмай жүргені жайында айтқаны есте. Содан біз де мекемеге барып, осы олқылықтың қаншалықты реттелгенін білуге оқталдық. «Жасыл Ел-Тараз» серіктестігі кадр бөлімінің меңгерушісі Баян Сапақова да жұмысшылардың еңбекақысы әр айдың алғашқы онкүндігінде үлестірілетінін айтты. Кейінгі жылдары осы мекемеге жастардың көптеп баратынын ескерсек, жалақы мәселесіндегі қайшылықтарды қазірден реттеу қажет.
– Бүгінде жұмысшылардың 50 пайызы жастарды құрап отыр. Ең жас жұмысшы 17-де. Олар көбіне көгалдандыруға, жол тазалығына араласады. Біз де зейнеткерлерді ұстамай, еңбекке жастарды тартуға тырысамыз. «Еңбек» бағдарламасы арқылы жұмысқа келетіндер басым. Бос орын табылып жатса, бағдарламаға тіркелмей-ақ келгендерді учаске басшыларына жолдап, 2-3 күн тәжірибеден өткіземіз. Жұмысқа ширақ болып жатса, қабылдаудан қашпаймыз. Қазір штаттағы жұмысшылар үстемақысымен 120-130 мың теңге жалақы алады. Меніңше, жұмыс болған соң, жалақысы да жұмысшылардың еңбегіне сай болуы керек. Біздегі қоғамдық жұмысшылардың еңбекақысы 85 мың теңге болса, қолына тиетіні 66 мың теңгенің көлемінде. Сондықтан да олар бес жұмыс күнінде күнделікті жеті сағат тазалық жұмыстарына шығады. Үш жылдың көлемінде жұмысшылардың жалақысы өспеді. Биыл тек 10 пайызға ғана көтерілді.
Біздегі шеберлер айына 100 мың теңгеден алса, 10 учаскенің меңгерушісіне 175 мың теңге тиеді. Дегенмен меңгерушілердің 15-20 жылдан астам еңбек өтілі бар, – дейді Баян Мұқашқызы.
Әрине, биыл қаланың тазалығына жауапты мекемеге сын айтушылардың жиілегенін байқауға болады. Расымен де, қала көркін қашыратын кейбір жайсыздықтар көңіл жабырқатарлық. Соған қарағанда, мекеменің экономикалық жағдайы да мәз емес-ау деп ой түйген едік. Сөзімізді мекеме басшылығы да растап отыр. Жаз мезгіліндегі еңбек маусымында жұмысшылардың көбі жалақысы мардымды жұмыстарға ауысып, қыстың көзі қырауда қайта келетіні де үйреншікті жағдайға айналған. Биыл мұндағы жұмысшылардың саны былтырғыдан шамамен 200 адамға кем. Бұрындары шөп оруға 56 адам тартылса, қазір осы тірлікті 16 адам тындыруда. Ал мекеменің экономикалық жағдайына әсер етіп отырған негізгі қайшылық та атқарушы биліктің мекеменің қаржысын үзіп-бөліп үлестіруінде екен. Баян Мұқашқызы да бөлінген қаржыны ай сайын, жұмыс ауқымын орындаған соң ғана алып отырғанын айтуда. Ал мекеменің көл-көсір қарыздары жалға алынған автобустардан бастап, басқа да қажетті техникалардың есебінен жиналған.
– Бұрынғы басшы да біз үшін барын салды, еңбек етті. Жұмысшыларға қарайласты. Жағдайы төмен отбасыларға киім-кешек, азық-түлік жеткізіп тұратын. Қазіргі басшы да қайнап тұрған оттың ортасына түсті. Өткен айдың жалақысын осы айдың 10-ына дейін береміз. Ай сайын атқарылған жұмыстың құжатын тапсырып, тиесілі ақшасының жартысын алсақ да жақсы. Жыл басында желтоқсанның жалақысын қаңтардың 28-інде алдық. Өзімізге тиесілі ақы берілмеген соң, кешіктіруден басқа шара жоқ. Биыл Нұр-Сұлтан қаласына барғанымда көше сыпыратындардан жалақысын сұрап, 200 мың теңгеден жоғары алатынын естігенім бар. Біздегі штаттағы жұмысшылар демалыссыз жұмыс істейді. Оларға да сол еңбегіне сай 200 мың теңгеден берсе жарасатын еді, – дейді кадр бөлімінің меңгерушісі.
Өңірдегі осындай ірі мекемелерде ең төменгі жалақыны місе тұтып, отбасын асырап, несиесін төлеп жүргендер бар. Ондағы жұмысшылардың еңбекақысы жыл сайын 10 пайызға өссе де үлкен олжа саналады. Осыны қаперге алған өңірдің жарығына жауапты мекеме де жұмысшылардың жалақысын көтеруге оқталып отырған сыңайлы. Осы ретте еңбек қатынастарына қатысты тағы бір статистикаға үңілсек, биылғы жылдың 5 айында 7 жазатайым оқиға орын алыпты. Онда 8 адам жарақат алса, 3 оқиға адам өлімімен аяқталған. Осы айдың басында «Қазфосфат» ЖШС минералды тыңайтқыштар зауытында жұмысшының басына кірпіш құлап мерт болғаны туралы ақпарат тарады. Шынтуайтында, еңбек адамдарына қатысты мәселелер тек бізде емес, өзге өңірлерде де өзекті болып тұр. Сондықтан аймақтың экономикалық әл-ауқатын арттыруда қуатты күш саналатын еңбек адамдарының мәселесіне көз жұмып қарауға болмас. Тек осы жайттардан ірі кәсіпорын басшылары сабақ алып, оң шешім шығарса дейсің…

Сәндібек ПІРЕНОВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support