Бюджет қаржысының игерілуі оң бағаланды

Бюджет қаржысының игерілуі оң бағаланды
ашық дереккөз
Бюджет қаржысының игерілуі оң бағаланды
Жетінші шақырылған облыстық мəслихаттың кезекті он сегізінші сессиясы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің базасында өтіп, онда облыстық бюджеттің атқарылуы мен алдағы даму жоспары қаралды. Оған облыстық мəслихат депутаттары, басқарма және мекеме басшылары, қала жəне аудан əкімдері қатысты. Сессияның тұрақты комиссия отырысын мəслихат хатшысы Махметғали Сарыбеков ашып, жүргізді. Басқосуда 2021 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы және алдағы даму жоспары туралы облыс əкімі Нұржан Нұржігітов баяндама жасады. Өткен жылы елде болған пандемия тұсында табысын жоғалтқан салық төлеушілерге берілген салықтық рақымшылықтар мен жеңілдіктерге қарамастан облыстық бюджет кірістері артығымен орындалып, алдыңғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім берген. Атап айтсақ, 2021 жылғы облыстық бюджеттің кірістері 537,4 млрд. теңгені құрап, 100,3 пайызға қамтамасыз етілген. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 42,3 пайызға немесе 159,9 млрд. теңгеге артқан. Меншікті кірістер жоспары 41,6 млрд. теңгеге немесе 103,5 пайызға орындалып, бюджетке 1,4 млрд. теңге жоспардан артық түскен. Облыстық бюджет шығындары 99,9 пайызға орындалған. Бюджетті орындау, қаражаттарды игеру мәселелері әрдайым тұрақты бақылауға алынған. 2021 жылы облыс бюджеті аудандар мен Тараз қаласын қоса алғанда 99,5, облыстық бюджет 99,9 пайызға игерілген. Облыстың даму бағдарламасына тоқталған аймақ басшысы оны үш бағыт, яғни өңір экономикасының өсуі, әлеуметтік сала, инфрақұрылымды дамыту және өңірдің қауіпсіздігін арттыру бойынша 25 нысаналы индикатор аясында қарастырып отырғанын жеткізді. Баяндамада барлық сала қамтылды. Назардан тыс қалған мәселе болмады. Халықты инвесторлар тарта отырып жұмыспен қамту жайы да сөз болды. Баяндамашыға депутаттар тарапынан көп сұрақ қойылды. Қойылған сұрақтардың ішінде Тараз қаласындағы кəріз жүйесін реттеу, фосфогипс күлін ауыл шаруашылығы мақсатына пайдалану, күл-қоқыс өңдейтін зауыт салу туралы мәселелер де бар. – Қазіргі таңда Тараз қаласындағы кəріз жүйесі уақыт талабына сай келмейді. Оның шешімін табу үшін Жамбыл ауданынан 20 гектар жер телімі бөлініп, құрылыс жұмыстары жалғасын табуда. Ол нысан алдағы айларда тапсырылады. «Қазфосфат» ЖШС зауыттарынан шыққан қалдық тау болып үйіліп жатыр. Оны ауыл шаруашылығы немесе жол құрылысына пайдалану көзделген. Егістік жерді тыңайту үшін шаруаларға серіктестік өндіріс қалдығын 1 теңгеден босатуда. Бұл жерде шаруаларды қинап тұрған көлік логистикасының қымбаттығы. Аталған мәселені шешу үшін субсидия беру туралы Ауыл шаруашылығы министрлігіне сұраныс бердік. Ал күл-қоқыс төгетін облыста 270 орын бар. Ол орындарда қаладан шыққан қоқысқа қайта сұрыптау жүргізіліп, қайта өңдеуге жіберілуде, осының есебінен оның көлемі екі есеге төмендеген. Болашақта арнайы сұрыптау зауыты мен қоқыс алаңдарын толық қоршау қаралған, – деді облыс әкімі. Сондай-ақ облыстық мəслихат депутаты Керімқұл Бегалиев Жуалы ауданының орталығы Б.Момышұлы ауылында көпқабатты тұрғын үйлер салу жайын қозғаса, Ерқанат Манжуов механикаландырылған жасақ жұмысын жандандыру жəне бюджет қаржысының мақсатты игерілуін бақылау керектігін айтты. Ал Мұқаш Ескендіров бюджеттік жұмыс орындарынан бөлек басқа жұмыс орындарын ашу үшін қандай қадамдар жасалып отырғанын сұрады. Бұдан бөлек, депутаттар тарапынан Мойынқұм ауданындағы таза ауыз су мәселесін шешу, көпір салу, Қордай ауданында мектеп салу сынды мəселелер көтерілді. Тұрақты комиссия отырысында көтерілген барлық сұраққа облыс əкімі Нұржан Нұржігітов жан-жақты мысалдар келтіре отырып жауап берді. Бұдан кейін облыстық мәслихаттың депутаты Әуесхан Шаймерденов, облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұратхан Шүкеев хабарлама жасады. Сонымен қатар облыстық мәслихаттың экономика, қаржы, бюджет және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Мұқаш Ескендіров 2021 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы туралы жүргізген талдау барысын баяндады. Ол сөзінің қорытындысында өткен жылғы бюджеттің атқарылуы барысына оң баға берді. Жетінші шақырылған облыстық мəслихаттың кезекті он сегізінші сессиясы түстен кейін жалғасын тауып, бірқатар басқарма мен департамент басшыларының баяндамалары тыңдалды. Соның ішінде облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев облыстың емдеу мекемелерінің тұрғындарға қызмет көрсету сапасы, олардың материалдық-техникалық жарақтандырылу жағдайы және COVID-19 пандемиясы кезіндегі медицина саласына бағытталған қаражаттың тиімді жұмсалуы туралы баяндады. Басқарма басшысы маман тапшылығы мен оның шешу жолдарына, ауруханалар мен емханаларды арнайы құрал-жабдықтармен жабдықтау жайына да тоқталып өтті. Жарыссөзге облыстық мәслихат депутаттары Уалихан Болатбек пен Ерболат Саурықов шығып, денсаулық саласында шешімін күткен мәселелердің барын айтты. Олар туралы ой-пікірлерімен бөлісіп, шешу жолдары бойынша ұсыныстарын жеткізді. Білім саласында да түйіні тарқатылмаған түйіткілдер жетерлік. Облыстық мәслихат алдында тұңғыш рет республикаға қарайтын облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Дәмеш Үскімбаеваның жалпы білім саласы бойынша жасаған есебі тыңдалды. Департамент басшысы аудандарда қырық жылдан асса да күрделі жөндеу көрмеген мектептер бола тұра, мұнда салынған білім ордаларына қайта-қайта күрделі жөндеу жүргізілгенін тілге тиек етті. Зерделеу барысында аудандардағы көп мектептерде интернет желісінің төмендігі де анықталды. Бұл да депутаттардың пікірталасын тудырды. Сессияда медицина мен білім саласындағы айтылған жайлар мен оның шешу жолдары кеңінен талқыланды. Сонымен бірге сессияда қаралған мәселелер бойынша шешімдер қабылданды. Аймақ басшысы депутаттар тарапынан айтылған ой-пікір мен ұсыныстарды таразылай келіп, оларды бірлесе жұмыс істеп, облыс экономикасын дамытуға шақырды. – Бүгінгі сессияда облыс бюджетінің игерілу барысы қаралып, алдағы үш жылда атқарылатын даму жоспары талқыланды. Оның игерілуіне оң баға бердіңіздер. Сіздердің тараптан қызу талқыға түскен жобалар мен шешімін күткен күрделі мәселелер алдағы уақытта өз шешімін табатын болады. Әрбір жобаны жүзеге асыру арқылы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсартуға, олардың 2027 жылға дейін жүзеге асырылуына күш саламыз. Сол сияқты медицина мен білім саласындағы маман тапшылығын шешу, мамандардың сапасы мен жауапкершілігін арттыру біздің бақылауда болады. Барлығымыз бірлесе отырып осы бағыттағы жұмыстарды атқаруымыз керек, – деді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов. Жиынды мәслихат хатшысы Махметғали Сарыбеков қорытындылады.

Марат  ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар