Дайындығымыз қай деңгейде?
Кеше облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте негізінен өңірдегі мал шаруашылық нысандары мен барлық маңыздағы автомобиль жолдарының қысқы маусымға дайындық барысы пысықталды. Кеңесте алдымен облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиевтің хабарламасы тыңдалды.
Рахманқұл Тұрсынқұлұлы хабарлама барысында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын қыс мезгілінде күтіп ұстау үшін биыл 115 миллион теңге қарастырылғанын жеткізді. Оның ішінде, облыстық маңызы бар жолдарға – 80 миллион, ал, аудандық маңызы бар жолдарға 35 миллион теңге қарастырылған. Бұл қаражаттың 64 миллион теңгесі жыл басындағы үш айдың қарын қырып-тазалау жұмыстарына жұмсалыпты. Қалған 51 миллион теңге алдағы қараша, желтоқсан айларына жоспарланыпты. Сондай-ақ, хабарламашы жолдарды күтіп-ұстайтын мекемелер туралы да слайд бойынша ақпарат беріп өтті. – Жергілікті мәндегі автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмыстарын облыста 24 мердігер жүргізеді. Оның ішінде 14-і – облыстық, 10-ы аудандық мәндегі жолдарға қызмет көрсетеді. Бұл мекемелермен жолдардың қауіпсіздігі мен қардан тазалау сынды жұмыстар жоспарланған. Бүгінгі күнге қажеттіліктегі 4000 тонна құм мен 500 тонна тұздың 2900 тонна құмы және 400 тонна тұзы мекемелердің базасында дайын тұр. Қалғаны 25 қазанға дейін жинақталмақ, – деді басқарма басшысы Р.Байтелиев. Ал, облыстық маңыздағы алты елді мекенде – Қаратау, Ақкөл, Ойық, Төле би, Қордай және Қоңыртөбе ауылдарында орналасқан жылыту пункттерінің тек Шу мен Жуалы ауданындағы пункттері ғана қанағаттанарлық күйде тұрса, қалған Қордай, Талас аудандарындағы пункттері өз деңгейінде сақталмай отыр екен. Техникаға келсек, биыл 104 арнайы техника облыс жолдарын күтіп ұстамақ. Оның ішіндегі 13-і – автогрейдер, қалғандары сүргіш, тиегіш, құм шашқыш сынды түрлі арнайы машиналар.
Сонымен қатар, хабарламашы 1 қарашадан бастап жағымсыз ауа райы салдарынан автожолдарда төтенше жағдайларды болдырмау және тиімді жедел шаралар қабылдау мақсатында барлық мердігер мекемелер мен басқармаларда жауапты қызметкерлердің тәуліктік кезекшілігі ұйымдастырылатынын да мәлімдеді.
Дегенмен, басқарма басшысы Қордай мен Сарысу аудандарының жолдардағы қысқы тазалау жұмыстарына биылдыққа мүлдем қаржы қарастырмай отырғанын, ал, Мойынқұм ауданы тек 1 миллион теңгемен шектеліп отырғанын жеткізді. Ал, Жуалы ауданындағы жолдардың бойына қардың көп жиналып қалуын жол жиегіндегі талдардан көрді. Сөйтіп, сол талдарды кесу керектігі туралы ұсынысын айтты. Алайда, аудан техникасы және жол қауіпсіздігі мен тазалығына жауапты мекемелердің маусымға сақадай-сай тұрғанын жеткізген аудан әкімі Батырбек Құлекеев Р.Байтелиевтің талдарды кесу керек деген сөзімен келіспейтінін білдірді. Қалай десек те, екі жақты мұқият тыңдаған Кәрім Нәсбекұлы талдарды кесуде асығыстық танытпауға шақырды. Оның үстіне бұл талдардың кезінде бекерден-бекер отырғызылмағанын айтты. Хабарламашының деректері бойынша аудан әкімдерін сұраққа алған облыс басшысы көтерілген мәселелер жыл басында да айтылғанын тілге тиек етті. Ал, облыс бойынша төтенше жағдайлар департаментінің қорасында тоғыз айдан бері қаңтарылып тұрған шнекоротор техникасын пайдаға асыру мәселесі де көтерілді. Себебі, қыруар қаржыға алынған бұл техниканың бұзылғалы бері кепілдік мерзімі де өтіп кетіпті. Енді оны іске қосу үшін де аз ақша кетпейтін түрі бар. «Бұл техника осылай тұра бере ме?» деген облыс әкімі облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығына бұл мәселені бір жағына шығаруды тапсырды. Сондай-ақ, «Қазавтожол» АҚ облыстық филиалы өкілі Айжан Туғановаға да «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тасжолының бойындағы қысқы күтім жұмыстарын жіті қадағалауды тапсырды. Одан бөлек кейбір учаскелердегі шамдардың жанбай қалғанын да сынға алды. Аппараттық кеңесте облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Абдалы Нұралиев мал қыстауларының қысқа дайындығы мен әзірленген мал азықтарының жағдайын баяндады. Оның айтуынша 2014-2015 жылдары 334 мыңнан астам мүйізді ірі қара мен 2 миллион 707 мыңнан астам қой мен ешкі, 101 мыңнан астам жылқы және 5 мың 700-ден астам түйе, 33 мың бас шошқа қыстатылады. Осы малды қыс айларынан шығынсыз аман алып шығу үшін 1 миллион тоннадан астам пішен керек болса, қазір ауыл шаруашылық құрылымдарында 1 миллион 66 мың тонна пішен әзірленіп, қажеттілік 104 пайызға қамтылыпты. Алайда, Абдалы Тоқбергенұлы кейбір аудандардағы мал қыстауларының жағдайына көңілі толмайтынын жеткізді. Себебі, олардағы жарықтандыру, жөндеу жұмыстарында бірнеше жылдан бері қозғалыс болмаған. Тіпті, өртке қарсы жолақтары да ұмыт қалған. Кеңестік заманда мал қыстаулары үнемі тексеріліп тұратынын жеткізген Кәрім Нәсбекұлы аудан әкімдері мен басқарма басшысына мұндай жұмыстарды қайта қолға алу керектігін де жүктеді. Сондай-ақ, А.Нұралиев облыс басшысының сұрағына байланысты биыл облыста шөп бағасы шамамен 22-25 пайызға, жем 15-20 пайызға қымбаттағанын мәлімдеді. Оған биылғы жауын-шашынның аз түсуі де көп әсер етіп отыр. Дегенмен, облыс әкімі кейбір қожалықтардың жемшөпті сырт облыстарға сатып жатқанына алаңдаушылық білдірді. Бұл мәселеге қатысты Абдалы Тоқбергенұлы да өз жауабын берді. – Жем сатуға мүмкіндік жоқ бізде. Ал, шөпті сыртқа сатып жатқан фактілер бар. Себебі, өткен жылы да, биыл да шөптің дайындалуы 110-117 пайызға орындалып жүр, – деген А.Нұралиев биыл қыста шөптен мәселе туындамайтынын меңзегендей болды. Кеңес соңында облыс әкімі барлық басқарма басшылары және Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне қысқа дайындық бойынша тиісті шараларды қатаң бақылауда ұстауды міндеттеді. Әсіресе, таулы аймақтардағы жол қауіпсіздігін, оның ішінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының Қордай асуын айналып өтетін учаскесіндегі қыста орын алатын қатаң климаттық жағдайға тиісті мекемелер мен аудан басшылығына дайын болуды тапсырды. Ал, облыстық ішкі істер департаменті басшысының орынбасары, полиция полковнигі К.Досанов 1 қарашадан бастап аталған жол учаскесінің Алматыға баратын бағыты уақытша жабылатынын мәлім етті. Сондай-ақ, қыста осы автобанның Күйік асуы да ауыр жүк көліктері үшін жабық болатынын жеткізді. Олар жағдай реттелгенше бұрынғы ескі асумен өтетін болады. Кеңес соңында облыс әкімі бұдан өзге де мәселелер бойынша ақпарат беріп сәйкесінше тапсырмалар жүктеді. Облыстың 75 жылдығына дайындық бойынша облыстық ішкі істер департаменті басшысы Бекет Аймағамбетовке 23-24-25 қазан күндері қала қауіпсіздігін күшейтуді, ал қала әкіміне тазалықты қолға алуды тапсырды.
Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- Бүгін, 14:19
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді