Отыз жыл күттірген «Алтын белгі»
Тағы бір оқу жылы аяқталып, түлектердің ұзақ жылғы жетістіктері анықталып жатыр. Әр мектеп үшін бітірушілердің табысы «Алтын белгімен» өлшенеді. Әсіресе бұл жетістікке шалғай ауылдардағы түлектердің жетуі қиынның қиыны. Соған қарамастан, Көшек ауылындағы Жамбыл орта мектебінің 11-сынып оқушысы Бексұлтан Бескемпір «Алтын белгіге» қол жеткізіп отыр. Бұл аталған білім ошағының орта мектеп атанған 30 жылдан бергі – тұңғыш «Алтын белгісі». Білімге құштар, көпбалалы отбасынан шыққан Бексұлтанның ата-анасы да қарапайым жандар. Апасы Тұрсатай зейнет жасында, өте белсенді кісі, ел анасы. Әкесі Әділхан мектепте жұмысшы болса, анасы шағын орталықта бала күтуші болып еңбек етеді. Олар тұңғыштары Бексұлтанның болашағынан зор үміт күтіп отыр. «Алтын белгі» иегерінің бірге туған бауырлары Диана, Алина, Нұрасыл – оқу озаттары. Тіпті үш жасар Русланның да санауды үйреніп, тақылдап тақпақ айта бастағаны да рас. «Алтын белгі» иегерін шығару бірнеше жылға созылған ұжымдық еңбектің жемісі екені белгілі. Оның бастауында тәжірибелі мектеп директоры Жылжанат Жантайбекова тұрса, сынып жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Фарида Мажинованың да тынымсыз еңбегін айтпай кетуге болмайды. Зерттеуші ұстаздар Роза Кенбай, Айнұр Көшенованың да жылдар бойы атқарған еңбектері мен төккен терлері ақталып отыр. Түйіндеп айтқанда, алыс ауылдың баласы иеленген «Алтын белгінің» қызығы мен қуанышы үлкен болып тұр.
– Осы білім ошағын төрт жылдан астам уақыттан бері басқарып келемін. Директор қызметіне кіріскен кезімнен осы озат оқушыны назарға алып, білімін ерекше шыңдап едік. Бексұлтан Әбілханұлы шәкіртіміз сенімді ақтап, «Алтын белгіні» иеленіп отыр. Одан бөлек Нұрсұлтан Жанұзақ, Гауһар Елемес атты оқушыларымыз мектепті «Ерекше аттестатпен» бітіруде. Бұл да жақсы жетістік. Енді ҰБТ бойынша да ең жоғары балл алып, өздерінің қалаған мамандығы бойынша грантты жеңіп алуына тілектеспіз. Отыз жыл күттірген нәтиженің қуанышы ерекше екен. Алдағы уақытта да мектебімізден «Алтын белгі» иегерлері шыға береріне сенеміз. Сол жолда тер төге береміз. Оның арасынан Бексұлтанның іні-қарындастарын да көріп қалуымыз мүмкін. Бұл отбасы ауылға құрметті, үлгілі. Бексұлтанның жетістігі – ауылдың ортақ қуанышы, – дейді аталған мектеп директоры Жылжанат Елемесқызы.
Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді