Экономика
«Тапсырыс берушілер мердігерлердің талап-тілегін ескеруі тиіс», дейді «Тараз құрылыс инвест» ЖШС директоры Нұрбол Әбдірәсілов
- author «Ақ жол»
- 21 маусым, 2022
- 262
«Тапсырыс берушілер мердігерлердің талап-тілегін ескеруі тиіс», дейді «Тараз құрылыс инвест» ЖШС директоры Нұрбол Әбдірәсілов
Халқымызда «Елдің әлеуеті құрылысынан айқын байқалады» деген қанатты сөз бар. Бұған қазақстандықтар тәуелсіздік жылдары анық көз жеткізді. Еліміз, оның ішінде облысымыз соңғы жиырма жылда алып құрылыс алаңына айналды. Осы мерзімде көптеген қалаларымыз бен елді мекендеріміз жаңарып, адам танымастай өзгерді. Ел игілігі үшін қазір де орасан жобалар жүзеге асырылуда. Әйтсе де әлемдегі геосаяси жағдайдың ушығуы, экономикалық қиындықтар құрылыс саласын да айналып өткен жоқ. 2021 жылы құрылыс материалдарының құны бірден 30 пайызға шарықтап шыға келді. Мұның өзі басқаларды айтпағанда мүйізі қарағайдай әлеуетті мердігерлерді тығырыққа тіреді. Жабылған және жабылудың алдында тұрған компаниялар да бар. Еліміздегі ірі құрылыс ұйымының бірі – тараздық «Тараз құрылыс инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де осындай қиындықтарды бастан кешіруде. Серіктестік директоры Нұрбол Әбдірәсіловпен кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігі, кедергілерді еңсеру жолында қолға алынып жатқан шаруалар туралы әңгімелестік. – «Тараз құрылыс инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Тараз қаласында 2006 жылы құрылған болатын. Серіктестік іргелі ізденістер мен тынымсыз еңбектің нәтижесінде аз ғана уақытта республика бойынша әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізетін әлеуетті де қуатты мердігерлердің біріне айналды. Соңғы жылдары жылына орта есеппен 8 миллиард теңгенің құрылыс құрастыру жұмысын игеріп келеміз. Өткен жылы бұл көрсеткіш 8,5 миллиард теңгені құрады. Осы мерзімде облыс және еліміз аумағында ондаған мектеп, балабақша, мәдениет, спорт, әкімшілік нысандар және тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Өз кәсіптерінде мол тәжірибе жинақтаған білікті мамандарымыз әрбір мемлекеттік сатып алу конкурстарында ұтып алған нысандарды уақтылы тапсыруға күш салады. Ағымдағы жылы тендерде 10 миллиард теңгенің жұмыс ауқымын ұтып алдық. Қазірге дейін оның 2,5 миллиард теңгесі игерілді. Бүгінде құрылысшыларымыз республика бойынша 27 нысанда құрылыс жүргізуде. Оның 15-і келесі жылға өтпелі. Қалған нысандар биыл толық іске қосылады.
– Әрбір кәсіпорын табыспен жұмыс істеуді армандайды. Бұл бағытта сіздерде қандай шаруа қолға алынуда?
– Біз оған өндіріске озық технологияны кеңінен енгізу, жүйелі жаңғырту жұмыстарын жүргізу және мамандардың біліктілігін арттырып, заманауи техникамен жұмыс істеу арқылы қол жеткізетінімізді жақсы білеміз. Бүгінде кәсіпорында соңғы үлгідегі әрі қуатты 100 бірліктен астам техника бар. Оның 70 пайыздан астамы – жаңа. Соңғы екі жылда олардың қатары 30-дан астам түрлі маркадағы агрегаттармен толықты. Мұнда өндірісті жаңғыртуға жыл сайын 400 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалады. Келешекте оның мөлшерін 600 миллион теңгеден асырып, қалған техниканы таяудағы 4-5 жылда толық жаңартуды көздеп отырмыз. Құрылысқа жұмсалатын шығынды барынша азайтудың жолдары үздіксіз іздестірілуде.Оның басты жолы – қажетті материалдардың денін өзімізде өндіру. Бүгінде нысандар салуға керек материалдың 50 пайызы серіктестікте шығарылады.Бетон дайындайтын желі, металл құрастыратын, бетон науа, шеңбер науа, бордюр, поребрик, әсемтастар, пластикалық есік-терезелер жасайтын цехтарымыз бар.
Біз тендерде ұтып алатын ақшаның 20-30 пайызы ғимараттардың төбесін жабатын плита сатып алуға жұмсалады. Оны неге өзімізде құймасқа? Сондықтан да келешекте осындай цехты іске қосу көзделуде. Мұның өзі қаражат үнемдеумен қатар серіктестікте жаңа 50 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Плита заманауи үлгідегі технологиямен жасалады. Артылған темірбетон бұйымын сыртқа сату арқылы табыс табуға да болады. Сондай-ақ біздің мамандарымыз элиталы, сапасы жоғары тұрғын үйлер салады. Олардың әрбір шаршы метрінің құны 280-300 мың теңгені құрайды.
– «Тараз құрылыс инвестте» орташа айлық жалақы республикалық орташа жалақы деңгейінен едәуір жоғары екенін естіп, қуанып отырмыз...
– Серіктестікте құрылысшылардың алаңсыз, өнімді жұмыс істеуіне ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінде мұнда тұрақты 150 адам, ал жаз айларында мыңнан астам адам еңбек етеді. Биыл жыл басында жалақыны 30 пайызға өсірдік. Қазір олардың орташа айлық жалақысы 300 мың теңгені құрайды. Ең төменгі жалақы
– 150 мың теңге. Олар жұмыс орнына кең де жайлы автобустармен тасымалданады. Түсте бір мезгіл тегін ыстық тамақ беріледі. Арнайы жұмыс киімдерімен қамтамасыз етілген.
– Құрылыс материалдарының бағасы бірден 30 пайызға дейін қымбаттап кетуіне байланысты кездескен кедергілерді қалай еңсеріп келесіздер?
– Біз Жамбыл облысымен қатар Алматы қаласында, Атырау, Қарағанды және Түркістан облыстарында азаматтық құрылыс жүргіземіз. Мәселен, өткен жылы Жезқазған қаласында қалалық сот пен прокуратураның ғимараттарын салдық. Жасалған жобалық-сметалық құжаттағы бөлінген қаржы жетпей қалды. Қымбатшылыққа байланысты жетпей қалған ақша көлемін көрсетіп, тапсырыс берушіге хат жаздық. Олар оны тапсырғанға дейін бағаны жаңартып, өтеп берді. Көкшетауда да былтыр балабақша құрылысын жүргізген кезде жазған хатымыздағы өтінішімізге қарай тапсырыс беруші қосымша 250 миллион теңге қосып берді. Атырауда жүргізген мектеп ғимаратына да біздің талап-тілегімізге қарай тапсырыс берушілер қосымша жетпейтін қаржының орнын толтырды. Ал өкінішке қарай, облысымыз туралы мұндай жақсы пікір білдіре алмайсың. Өткен жылы аймақта салып жатқан нысандарымызға жетпейтін қаржының көлемін көрсетіп, облыс әкіміне, облыстық құрылыс басқармасына бірнеше рет хат жаздық.
Әйтсе де біздің жанайқайымызға селт еткен бір лауазымды тұлға табылмады. Былтыр бұрынғы облыс басшысы Байзақ ауданының Көктал ауылында салынып жатқан мектепке келгенде өтінішімізді құлағына ілмей: «Тендерде ұтып алдыңдар ма? Бітіріңдер!» деді. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген осы шығар. Соның салдарынан облыста құрылысын жүргізген бірқатар нысандарды тапсырған кезде шығынға кіріп кеттік. Құрылысшыларда ежелден келе жатқан: «Үй соғу – қиын, қирату – оңай» деген қанатты сөз бар. Ертең серіктестік қарызға белшеден батып, банкрот болса, бірнеше жүздеген білікті мамандарымыз жан-жаққа тентіреп кетеді. Олардың отбасыларындағы мыңдаған тұрғындарымыз тұрмыс тауқыметін тартады. Осыны осы саладағы жауапты тұлғаларымыздың ескермей отырғаны жанға батады.
– Жұртшылық сіздердің қайырымдылық шараларына белсене араласатындарыңызға әрдайым ризашылық білдіреді...
– Қайырымдылық – қасиетті іс. Халқымызда «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» деген қанатты сөз бар емес пе? Жасаған жақсылығыңды жұртқа жария ете беру жиіркеніш тудырады. Демек, ондай ізгілікті іс әуелі Алланың разылығы үшін жасалуы тиіс.
Әңгімелескен Ақылжан Мамыт. Суретте: Нұрбол Әбдірәсілов металл құрастыру цехында.
Ұқсас жаңалықтар
Өнеркәсіп өндірісі – 97,2 миллиард теңге
- 28 қараша, 2024
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді