«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

1922-2022: Шежірелі жылдар

1922-2022: Шежірелі жылдар
ашық дереккөз
1922-2022: Шежірелі жылдар
«АҚ ЖОЛ» (1997 жыл) 19 ақпан. №15 (14.998). Осы санынан бастап «Ақ жол» компьютерлік теріммен және беттеумен, кіші форматпен алты бет болып шыға бастады. 26 ақпан. №17 (15.000). Газет «Оқырманмен 15.000 жүздесу» деген тақырыппен шықты. Облыс әкімінің осы оқиғаға орай құттықтауы, редакция алқасы атынан жазылған «Біздің аздаған айтарымыз» мақаласы бірінші бетте берілді. Осы санында «Реформа» бетінің тұсауы кесілді. 1 мамыр. №35 (15.018). «Ақ жол» газетінің 75 жылдық мерейтойына орай газетте халық жазушысы Шерхан Мұртазаның, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Уәлихан Қалижанның тағы басқалардың құттықтаулары жарық көрді. Облыстық театрда өткен салтанатты жиналыстан есеп жарияланды. 14 маусым. №48 (15.033). Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, жазушы-драматург Арғынбай Бекбосын 60 жасқа толды. Газет айқарма бет арнап, «Мың түрлі ой» төрттағандар циклінен өлеңдерін жариялады. Д.А.Қонаевтың, А.Асқаровтың, Ш.Мұртазаның, Ф.Оңғарсынованың, М.Шахановтың, К.Смайыловтың және басқалардың лебіз-тілектерін берді. 28 маусым. №52 (15.037). Баспасөз күніне арналған саны облыс әкімінің қатысуымен өткен салтанатты жиналыстан есеппен ашылған. Газеттің бас редакторы Әлдихан Қалдыбаев «Атланта... Жоқ, Америка сапары» жолжазбасы, облтелерадиокомпаниясының төрағасы Мұса Рахманбердиев «Қаратаудың Робинзоны» деректі телефильмі үшін Қазақстан Журналистер одағының сыйлығын алды. 2 шілде. №53 (15.038). Ақын Жақсылық Сәтібеков 60 жасқа толды. Газет айқарма бет арнады. Онда А.Тоқмағамбетов, С.Мәуленов, Ғ.Қайырбеков, Т.Молдағалиевтың лебіз-пікірлері, өзінің өлеңдерінің топтамасы, Шәмші Қалдаяқовпен бірге түскен суреті, Әлдихан Қалдыбаевтың «Сан қырлы талант» мақаласы берілген. 22 қыркүйек. №77 (15.063). Көрнекті мемлекет қайраткері Асанбай Асқаров пен халық жазушысы Шерхан Мұртазаның сұхбаты «Ұлтжанды екендігіңді ісіңмен айғақта» деген тақырыппен шықты. Газеттің кейінгі сандарында Асанбай Асқаровтың 75 жылдық мерейтойына арналған мақалалар жарық көрді. (1998 жыл) 15 тамыз. №66 (15.156). Облыс әкімшілігі мен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті қолбасшы Қарасай батыр Алтынайұлының туғанына 400 жыл толуына арналған ғылыми-теориялық конференция өткізді. Оған қатысушылардың облыс тұрғындарына арналған үндеуі газетте жарияланды. 23 қыркүйек. №77 (15.167). М.Х.Дулати шығармашылығының халықаралық оқуы Тараз мемлекеттік университетінде өтті. Оған қатысушы ғалымдар осы күні Байзақ ауданында Қосы батыр Сәмбетұлына арналған ескерткіштің ашылуына құрметті қонақ болып қатысты. 24 қазан. №86 (15.176). Луговой (қазіргі Т.Рысқұлов) ауданына 60 жыл толды. Осыған орай газете аудан әкімі Қасымхан Төлендиевтің «Тарихы әріден басталған аудан» мақаласы берілді. 23 желтоқсан. №103 (15.193). Даңқты қолбасшы әрі мемлекет қайраткері Қойгелді Сартұлына орнатылған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті. Шараға Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Ө.Байгелді, Мемлекеттік хатшы Ә.Кекілбаев, облыстан Парламентке сайланған депутаттар қатысты. Бұл күні облыстық мұражайдың жаңа ғимараты ашылды. (1999 жыл) 5 мамыр. №37 (15.232). Заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтың 70 жасқа толуына орай Бішкек қаласында өткен «Айтматов және театр» халықаралық фестивалінде Жамбыл облысының қазақ драма театры тамаша табысқа жетті. Театрдың бас режиссері Қуандық Қасымов ең үздік режиссерге арналған жүлдені жеңіп алды. Фестивальде 8 аталым бойынша жүлде белгіленсе, олардың тең жартысы жамбылдықтарға бұйырды. Гүлшат Қыпшақова, Спандияр Мұқышев, Әнапия Ахметов ең үздік рольдер үшін белгіленген жүлделерге ие болды. Газет осы жаңалықтарды оқырмандарға жеткізумен бірге театрда өткен баспасөз мәслихатынан есеп жариялады. 2 маусым. №45 (15.240). «Танысыңыздар, 14 жасар ақын Ерлан Жүнісов». Газеттің бір беті осындай тақырыппен шықты. Онда сәт сапар тілеп, жас ақынның өлеңдері берілді. Жас талантты таныстыру сөзін жазған жазушы-драматург Елен Әлімжан Тараз қаласындағы №30 мектептің 8 сыныбында оқитын балауса жастың келешегінен зор үміт күтетінін жеткізді. «Ақ жолдың» ақ батасын алған Ерлан Жүніс бүгінде республикаға танылып та отыр. 2 қазан. №80 (15.276). Жазушы-драматург Әлдихан Қалдыбаев 60 жасқа толды. Газетте оның шығармашылық жолына арналған жарияланымдар берілді. 30 қазан. №88 (15.284). Газеттің Жамбыл облысының құрылғанына 60 жыл толған мерекелік саны мазмұнды жарияланымдармен шықты. Екі күнге созылған аймақтық ақындар айтысында бас жүлде – облыс әкімі тағайындаған ВАЗ-2106 автокөлігін Мұхамеджан Тазабеков алды. Алматылық Ермек Жұматаевқа, шымкенттік Кәрима Ораловаға екінші орынға тағайындалған жүлделер тапсырылды.

Дайындаған Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар