- Advertisement -

Баға төңірегінде сұрақ көп

73

- Advertisement -

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету уақыт талабы. Күнделікті баға саясаты сан құбылғандықтан да бұл мәселе үнемі түрлі жиындарда талқыланып келеді. Дегенмен нарық бағамына тұсау салынатын емес, баға ырыққа көнбей тұр. Бұл тақырып «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ бастамасы тарапынан ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында да талқыланып, онда аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму мақсаты мен міндеттері қаралды. Жиында өңірдің БАҚ өкілдері қойған сауалдарға «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ директоры Дәулет Әбілқайыров жауап берді.

Оның айтуынша, үстіміздегі жылдың 19 сәуірінде акционерлік қоғамның «Қуатты аймақ – қуатты өңір» атты даму стратегиясы бекітіліп, ол корпорацияның негізгі ұранына айналған.
– Бүгінгі таңда алдымызға қойылып отырған басты міндет – аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қолдау көрсету. Мемлекет – бизнестің басты серіктесі. Бұл стратегияны әзірлеудегі басты факторлардың бірі корпорацияны трансформациялау арқылы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсарту, – деді ол.

Одан кейін сөз алған корпорацияның басқару блок директоры Мұхтар Ботабаев ол «Тараз» ӘКК» даму құжаты болып табылатынын атап өтті. «Бұл құжат корпорацияның миссиясын, көзқарасын, стратегиялық бағыттарын, мақсаттарын, міндеттерін және негізгі қызмет көрсеткіштерін анықтайды», дейді ол.
Жиында журналистер өткен он жылдықтар аясында қабылданған үдемелі алма бақтарды дамыту жобасының жай-жапсары мен қазіргі жай-күйін сұрады. Осыдан бес жыл бұрын ол жобалардың болашағы жарқын болып көрінген. Өкінішке қарай, жүзден аса гектар алқапқа орналастырылған, мемлекеттен қаржы бөлінген бақтар қазір жоқ. Соның салдарынан отандық нарықты шетел алмасы жаулап алған.

«Өкінішке қарай, жоба жасаушылар біздің өңірдің климаттық жағдайын ескермегендіктен ол жоба өз жемісін берген жоқ. Біздің өңір субтропиктік аймақта орналасқандықтан жобалаушылар өсімдіктерге ешқандай қауіп жоқ деп болжаған. Бірақ біздің өңірдің қатал қысына, қатты аязына жеміс ағаштары төзбей, қурап қалды», – деп ақталды Дәулет Әбілқайыров.
Ол «Жасыл» экономика тақырыбын сөз еткен сәтте республикалық «Время» газетінің облыстағы тілшісі Айжан Әуелбекова «Мұндай энергияның артықшылығы неде?» деп сұрақ қойды. «Бұл жерде мәселе бар энергетикалық жүйенің нәзік тұстарында. Бөлек электрлік «таза» энергия желілерін құру тиімсіз. Жел мен күн электр энергиясының қуат өндіруі ауа райы мен уақытқа байланысты. Биылғы қысты көрген Батыс Еуропалық инвесторлар әзірге желілердің жүктемесін тұрақтандыратын табиғи көздер – су электр стансалары, ЖЭС және АЭС-термен шектелуде», – деді Д.Әбілқайыров.
Ұн, астық пен қант бағасы төңірегінде сұрақ өте көп болды. Баяндамашы «Тараз» ӘКК» АҚ тарапынан Тараз қаласындағы әлеуметтік дүкендерді қамтамасыз ету үшін 1000 тонна ұн бар екенін жеткізді.
– Ұн бағасы бақылауда. Наубайханалармен жұмыс істеудеміз. Нан бағасы қалыпты, ұнның нарықтағы жағдайы тұрақты, – деп сендірді спикер.
Тақырып наннан қантқа біртіндеп ауысты.
– Қазір шет мемлекеттерден 1000 тонна қант сатып алып жатырмыз. Ол өңірдегі сұранысқа сай бес айға жетеді. Егер халық арасындағы толқу басылса, қант жыл соңына дейін жетуі тиіс. Бүгінгі таңда қоймаларда 320 тонна қант бар. Қорды толтыра отырып, қантты 450 теңгеден өткерудеміз, – деді Д.Әбілқайыров.
Екі сағатқа созылған баспасөз мәслихатында түрлі тақырыптарда сөз қозғалды. БАҚ өкілдері мұндай баспасөз мәслихаты жиі өткізіліп тұрса деген ұсыныс та айтты.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support