Ерлерді ел де ұмытпас, жер де ұмытпас...

Ерлерді ел де ұмытпас, жер де ұмытпас...
ашық дереккөз
Ерлерді ел де ұмытпас, жер де ұмытпас...
Сан ғасырлық тарихы бар Меркі топырағында небір асыл текті, биік тұлғалардың ғұмыр кешкені анық. Олардың жасампаз істері мен ерліктері бізге қашанда үлгі. Туған өлкемізге өлшеусіз еңбегі сіңген, өшпес із қалдырған біртуар ұлы тұлғалардың бірі – Сыпатай Әлібекұлы. Өз ортасынан биікке самғап, қалың жұртшылықтың қастерлеп пір тұтатын киесіне айналған, қазақ-қырғыздың төбебиі атанған Сыпатай бабамыздың туғанына былтыр 240 жыл толып еді. Алайда елді жайлаған пандемияның беті толық қайтпағандықтан, дүрілдетіп жиын жасауға мүмкіндік болмады. Батыр бабаның тойы меркілік көшелі ақсақалдар мен елден шыққан кәсіпкер, іскер, белсенді азаматтардың және көпшіліктің қолдауымен жақында аталып өтті. Сыпатай батырдың 240 жылдығына арналған жиынды облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев ашып, ел қорғанына айналған батырдың биік қасиеттеріне тоқталды. «Батырлық – тағдырдың бізге сыйлаған өлшеусіз сыйы. Бұл жиынның мерейлі Меркі жерінде өтуінің ерекше мәні бар. Себебі, қолына ақ найзасын ұстап, жұртын қорғаған ерлердің ерлігіне көрсетілер құрметтің жоғары болғаны абзал. Қазақта «Жау барда батыр сыйлы, дау барда би сыйлы» деген нақыл бар. Сын сағатта ат үстінен түспеген білекті батырларымыздың бірі – Сыпатай. Батыр жайлы деректер тарихымызда кең қамтылып, айтылып келеді. Қазіргі таңда елімізге керегі – бірлік пен ынтымақ, татулық. Тәуелсіздіктің бағасын білуіміз қажет. Осында жиналған ел ағалары, ақсақалдар, зиялы қауым елдің бірлігі, халықтың жарасымды тірлігі жөнінде даналық ой-толғамдарын тарата жүрулері керек. «Ырыс алды – ынтымақ» дегендей, сонда ырысымыз артып, елдігіміз бекиді. Бабаларымыздың ерлігі мен елдігі, тұтастығымызға сызат түсірмеген кемеңгерлігі – бізге үлгі. Сол қасиеттер – бізге қымбат. Біз – Ұлы дала ұрпақтарымыз. Жаңа Қазақстанның өркендеуі де ынтымақ пен бірлікке, берекелі тірлікке байланысты. Бұл –біздің таңдауымыз. Батыр тойы – тағылым тойы», – деді Еркін Құлымбайұлы. Сыпатай батырдың 240 жылдығына арналған тойдың ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Меркі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбарбек Иманәлиев тойдың тағылымы жөнінде толғана сөз сөйледі. «Жастар – елдің қорғаны. Бүгінгі таңда еліміздің дамуы үшін бір басшыны қолдап, төңірегіне топтасайық. Осындай рухыңды көтеретін жиындар да жастарға үлгі. Келген қадамдарыңыз құтты болсын, ниеттеріңіз қабыл болсын», – деп ақсақалдық асыл қасиетін танытты. Мұнан соң Дастан қажы және Меркі ауданының бас имамы Азамат Берікұлы Құран оқып, Құран хатімнің дұғасын жасап, батыр Сыпатай Әлібекұлының рухына бағыштады. Мұнан соң елімізге белгілі ғалым, профессор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Намазалы Омашев үлкен ойды кішкентай толғамға сыйғызып мазмұнды баяндама жасады. Ол Сыпатай Әлібекұлы жайлы тарихи деректерімен де бөлісті. «Біз бала күнімізден Сыпатайды әулие деп білдік. Үлкендер солай атайтын. «Сыпатай әулие ғой жарықтық!», «Әулиенің басынан келдім» деген ақсақалдардың сөздерін тыңдап өстік. Есейе келе Сыпекеңнің батырлығы жайлы тыңдап, оқыдық. Естен кетпес естеліктерге, ерлігі жайлы дәйектерге тұщындық. Сыпатайдың батырлығын, жорықтардағы алапат ерлігін дәлелдейтін деректер жеткілікті. Мәселен, Темірбек Қожакеев 1991 жылы республикалық «Лениншіл жас» газетіне (қазіргі «Жас Алаш»), 1998 жылы ғалым Жанғара Дәдебаев республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне Сыпатай батырдың ерлігі жайлы көлемді мақалалар жариялады. Әйтпесе батыр жайлы өсек-аяң да өріп кеткен болатын. Аталған мақалаларды оқыған жұрт біраз нақты деректерге көздері жетіп, ақиқатты білді. Мәселен, Кенесарының қырғыздардан жеңілісін Сыпатайдан көруі қандай шындыққа саяды. Кенесарыны Сыпатайдың еш уақытта азғырмағаны анық. Сыпатайдың замандасы, сырлас досы – Бөлтірік Әлменұлы болған. Атақты би, белгілі шешен Бөлтірік Әлменұлының дүбірлеген ас-жиыны Талас ауданының Ойық ауылында 1996 жылы дүркіреп өтті. Басына күмбезді кесене тұрғызылды. Сыпатай мен Бөлтірік бабаларымызды құрметтеуге бөлінген қаржы текке кеткен қаржы емес. Ол рухани қажетімізді түгендеу, тарихымызды тарату, елдігімізді еселеу болып табылады. Сыпатай жайлы деректермен мәліметтер өте көп. Мен тек бірер тұсына ғана тоқталайын. Жыр алыбы Жамбыл Жабаев: «Қазақта кім білмейді Сыпатайды, Ержүрек көргенім жоқ ондай жанды», – деп толғана жырлайды. Ал Сыпатай батыр бақилық болғанда әкесі Әлібектің інісі Өмірбектің: «Шешендігіңді толғансам, Төле би мен Майқыдай, Сыпатай батыр өттің-ау, Туралықтан айнымай» деп жоқтау айтуы да батырдың болмысына дәл келетіні анық. Сыпатай жайлы мұндай мысалдар жеткілікті» деп сөзін түйіндеді. Мұнан соң қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы елдігіміздің кемелденуі, тарихымыздың түгенделуі турасында тебірене сөз сөйледі. Ол өз сөзінде жалындап өсіп келе жатқан жастарға ата-бабамыздан қалған жер, тіл, тарих және дәстүрді сақтап жүру қажеттігін ескертіп, елдігімізді өркендетуге шақырды. Жиынға арнайы келген Қырғыз республикасы, Шу облысы, Панфилов ауданының әкімі Асқар Әлиев екі елдің достығы, Сыпатай батырдың асыл қасиеттері жайлы айта келіп, меркіліктерді құттықтады. Сондай-ақ Қырғыз елінен келген ағайындар Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубековке шапан жауып, қамшы сыйлап, құрмет көрсетті. Мұнан соң ақын Шырын Мамасерікованың сценарийі бойынша әзірленген Сыпатай батырдың Құдияр хан алдындағы батылдығы жайлы театрландырылған көріністі Меркі аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері сәтті сахналады. Мұнан соң әнші Досымбек Андыбаев «Сыпатайға арнау» термесін (авторы Ш.Мамасерікова) орындады. Келесі кезекте белгілі айтыскер Асхат Қылышбектің жүргізуімен елдік пен ерлікті, қазақ даласындағы кеңдікті, халқымыз алған теңдікті жырлайтын республикалық ақындар айтысы басталып кетті. Сахна шымылдығы алматылық Бибігүл Тілеубалдиева мен Т.Рысқұлов ауданының ақыны Айтбек Тұрсынбай арасындағы әзілге толы айтыспен ашылды. Айтбектің: «Ассалаумағалейкум осындағы, батыр туған ұлдары мақтан халық. Баласын тектілікпен тәрбиелеп, Бабасын есіне алып жатқан халық» немесе «Сыпатай баба тойында сөз бастаған, Ойпырмай, мен не деген бақытты ұлмын», – деп елдің рухын көтере сөз бастауы көпшілікті желпінтіп тастады. Дегенмен бұрынғы махаббат сезімдерді жырлап кеткен Айтбекке Бибігүлдің: «Ұқсамай алаңғасар жігітке осы, Нәпсіңді сабырменен құлыпташы. Қырдағы қырғауылға қызығам деп, Үйдегі үйрегіңді ұмытпашы, – деп әдемі жауап бере білді. Одан әрі Бибігүл: «Алты Алашқа ас беріп дәлелдедің, Шын асылдың ұрпағы екеніңді», – деп той жасап жатқан жұртты желпіндіріп тастады. Сондай-ақ айтыстың арыстаны атанған жүйрік, былтырғы «Алтын домбыра» айтысының бас жүлдегері Бекарыс Шойбеков пен Қордайдың жүйрігі Күміскүл Сәрсенбаеваның арасындағы айтыс та сыйластықпен әдемі өріліп, елге керемет тағылымды әсер сыйлады. Әйгілі Бекарыстың: Далада бүгін айтыс өтіп жатыр, Қашанда қазақ сөзді тыңдайды ғой. Дүбірлетіп өткізем десе егер, Демеймін бір сарайды қимайды ғой. Айтысқа келген кезде біздің қазақ, Даладан басқа жерге сыймайды ғой, – деп қазақтың көңілінің кеңдігі мен айтысқа деген құрметін жалғыз шумаққа шеберлікпен сыйдыра білді. «Сыпатай батыр атамыз батырлықтың үлгісі, Мың жыл бойы даңқы артып, тарихта тұрар бұл кісі», – деп жырлаған Күміскүлдің де шабыты шалқар екенін байқадық. Мұнан соң қызылордалық Ержан Әміров пен алматылық ақын, былтырғы «Асыл домбыра» республикалық айтысының бас жүлдегері Қазірет Бердіхан арасындағы айтыс та құрдастардың әзіл-қалжыңына толы болды. Оралдан ат арытып арнайы келген Мұрадым Мейірланов пен байзақтық нағыз жүйрік Алтынкүл Қасымбекованың арасындағы айтысты да ел желпініп отырып, қызыға тамашалады. Отыз бес жыл сахнада жүрген Алтынкүлдің осыдан 31 жыл бұрын Сыпатайдың 210 жылдығында аяғын тепкілеп отырып, қарсыласы «Оның не? Әдепсіздік емес пе?» дегенде, «Соны да білмейсің бе, қарсыласым, батырлыққа бір құрмет тапқаным ғой, Жауға шапқан Сыпатай батырымның, дүбірін салып беріп жатқаным ғой», – деп тамаша жауап бергені меркіліктердің аузында аңыздай айтылып жүр екен. Ал Алтынкүл бұл жолы Оралдан келген қайнысымен әзілдесіп айтысты. Қарсыласының: «Уа, ағайын, тап болдым Алтынкүлдей дүлдүлге, Апарайын ба жеңгемді Меркідегі үңгірге», – деп, Меркі тауындағы тарихи үңгірді де жырлап өтті. Осы тұста Алтынкүл: «Сескенсең мендей дүлдүлден, Жан екенсің құр жүрген. Сыпатайдың батыр жерлесі, Қорықпайды үңгірден», деп баяғы тапқырлығы әлі де қалмағанын дәлелдеді. Мұнан соң керекулік Аспанбек Шұғатаевтың келмей қалуына байланысты басқа қарсыласпен айтысқан шулық Нұрлан Жұмабековтің шумақтары да өте сәтті шықты. Дүбірлі айтысты марапаттау сәтінде сахнаға Меркіден шыққан кәсіпкер- меценат Мұсахан Иманқұлов пен Меркі аудандық ардагерлер кеңесінің және төрағасы Қамбарбек Иманәлиев шығып, айтыскерлерге алғысын білдірді. Сондай-ақ көрерменнің алдында елдің рухын көтерер сөз айтқан азулы айтыскерлерді қаржылай марапаттады. Тіпті, айтыстың арыстаны Бекарыс Шойбековке шапан жауып, әйгілі Алтынкүл Қасымбековаға қамзол кигізіп, құрмет көрсетті. Мұнан соң, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның бір топ танымал әншілерінің қатысуымен көпшілікке концерт ұйымдастырылды. Атап айтқанда, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Асылхан Шүңіреков бастаған «Тараз» триосы, Мәдениет қайраткері Разия Мәдіханова, Мәдениет саласының үздіктері Оңал Азаматова, Торғын Тасыбаева әннен шашу шашты. Алматыдан арнайы келген әнші Бағлан Бәбіжан да елге тамаша әнімен көңіл-күй сыйлады. Меркінің майталманы Бейбіт Шошабаев орындаған ән-термелер де көпшілікке рух сыйлады. Ал қырдың басында ат және тай бәйгенің дүбірі қызып жатты. Ат бәйгеге тігілген 1 миллион 500 мың теңгені Талас ауданы, Ойық ауылынан әкелінген тұлпар жеңіп алса, тай бәйгенің жеңімпазына тігілген 1 миллион теңге де өзінің лайықты иесін тапты. Осылайша, Меркі жерінде бүгінгі ұрпаққа тағылым боларлық, көпшілік айта жүретіндей, терең жиын өтті. Сыпатай батырдың даңқын қазақ елі, өзінің бүгінгі ұрпақтары осылайша асқақтатты.

Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар