Ауылдағы мәселе ауызбіршілікпен шешіледі

Ауылдағы мәселе ауызбіршілікпен шешіледі
ашық дереккөз
Ауылдағы мәселе ауызбіршілікпен шешіледі
Кеше облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Талас ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар маңызды нысандарды аралады. Әуелі Бостандық ауылдық округіне қарасты 100 гектар аумақты игеріп отырған «Зерхат» шаруа қожалығына атбасын бұрған Нұржан Молдиярұлы қолға алынып жатқан жұмыстармен танысып, туындаған мәселелерге назар аударды. Жалпы, аталған шаруа қожалығы 2020 жылы құрылған. Ауыл шаруашылығы техникаларымен қамтылған қожалық егін, бақша және көкөніс дақылдарын егумен айналысады. Жасалып жатқан жұмыстарға көңілі толатындығын жеткізген Н.Нұржігітов шаруаларға өнімнің нақты бір түрін өсіруді қолға алып, оны дамытуға кеңес берді. Округ тұрғындарына ортақ басты мәселе – ағын су және мал жайылымы. Мұны Бостандық ауылына аялдаған Нұржан Нұржігітовке жергілікті тұрғындар жеткізді. Мұнан соң Нұржан Нұржігітов Ақкөл ауылындағы №6 аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында және дәрігерлік амбулаторияда, Ақкөл тірек мектебінде болды. Мекемелердің жұмысымен танысып, туындап отырған мәселелерді назарға алды. Мұнан соң аймақ басшысы Қаратау қаласындағы «Talas investment company» ЖШС, «Билікөл» автоматтандырылған газ тарату стансасы және «Қаратау ПРО» ЖШС-на барып, жұмыс барысымен танысты. Бұдан бөлек, облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы Д.Нұрпейісова көшесі бойындағы футбол және стритворкаут алаңшасын бақылап, көрді. Жергілікті тұрғындардың өтінішімен жуырда ғана пайдалануға берілген нысанның құны 29 602,0 мың теңгені құрайды. 100 адамды қабылдауға арналған спорт алаңшасы маңынан көпшілікке арналған саябақ бой көтермек. Атқарылған істер мен алдағы жұмыс жоспарымен танысқан Нұржан Нұржігітов жергілікті тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Жұмыс сапары аудан активімен өткен жиында қорытындыланды. Нұржан Нұржігітов Мемлекет басшысы қойған міндеттерді толық және уақтылы орындауды талап етті. Аудан, ауылдық округ әкімдіктеріне халықтың табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру, инвестиция тарту бойынша жүйелі шаралар қабылдау тапсырылды. (Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің Талас ауданына жұмыс сапары туралы толық есепті газетіміздің кезекті санынан оқисыздар).

Ұқсас жаңалықтар