Өнер ошағының өскелең ұрпаққа берері мол
Театр тек өнер ордасы ғана емес, түсіне білген жанға тағылым тұғыры, тәрбие ошағы. Қара шаңырақ әуелден бері мәуелі мемлекетіміздің ажырамас бөлігі. Қазақ руханиятының абызы Шерхан Мұртазаның «Театр көбейсе, түрме азаяды» деген сөзінің де астары терең. Ал өскелең ұрпақты сахна өнеріне баулу бағытында былтырдан бері елімізде «Балалар және театр» ағартушылық жобасы іске асуда. Балалар жылы аясында Тараз қаласындағы Қаратай Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназиясының оқушылары тарихы терең А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының тыныс-тіршілігімен толыққанды танысты.
Хакім Абайша айтқанда, «ішсем, жесем» деп емес, «көрсем, білсем» деп жайдары жазғы демалыста ұлағатқа жетелеген ұстаздарына еріп, өнер шаңырағына арнайы атбасын бұрған білім ұясының озат оқушылары алдымен «киім ілгіштен басталатын» театр әлемінің тарихымен танысып шықты. Өздерін «Жас зерттеушілер» деп атайтын мектептің 7- сынып оқушылары өнер әлеміне саяхат жасап, сахна сайыпқырандары мен саңлақтарының өмірбаяндары мен рөлдерді сомдаған кездегі әртістердің дайындықтары, киімдері, керек-жарақтарына ерекше қызығушылық танытты. Олардың ұстаздары әрі жетекшілері Іңкәр Нұрмаханова мен Дина Қадырқұлованың айтуынша, мектеп оқушылары үшін мұндай танымдық шаралар жиі өтіп тұрады. Сондай-ақ осындай іс-шараларға оқушылар өз еріктерімен келуге ниет білдірген.
– Өскелең ұрпақты театр өнері әлеміне тарту мақсатында мектеп-гимназиямызда «Балалар және театр» ағартушылық жобасы іске асуда. Өздеріңіз білетіндей, біздің өңірден небір театр тарландары шыққан. Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов секілді корифейлеріміздің өзі көзі тірісінде аңызға айналған тұлғалар. Олардың өмір жолы, өнердегі қиыншылықтары мен қызықтары өскелең ұрпақ үшін терең тағылым екені анық. Себебі, ертең осы балалардың арасынан да сондай тұлғаларымыздың ізін басып, еліміздің даңқын асқақтатып, киелі сахнадан ел жүрегіне жол табатын азаматтар шығарына сенеміз, – дейді Қаратай Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлжахан Жаныбекова.
Елімізде білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын орындау және өскелең ұрпақты театр өнері әлеміне тарту мақсатында білім беру ұйымдарында «Балалар және театр» жүзеге асып келе жатқан ағартушылық жобасының расымен берері мол-ақ. Игі шара барысында театр мамандары да оқушыларға өз өнерлерін, сахнаға шыққанға дейінгі дайындықтарын толығымен таныстырып шықты. «Жас зерттеушілер» қара шаңырақтың мұражайынан да тың мәліметтерге қанықты. Оқушылар жазғы демалысында компьютерлік клубтарға қамалмай, өз еріктерімен өнер өлкесіне келіп, сахна саңлақтарының ақыл-кеңесіне құлақ түріп, тағылым іздегені расымен көңіл қуантады. Себебі тағы сол Абай бабамыз айтқандай, «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық».
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді