Сапалы өнім өңір әлеуетін арттырады
Халықтың құс етіне деген сұранысы соңғы жылдары артып келеді. Статистикалық мәліметке сүйенетін болсақ, қазіргі таңда облыстағы құс фабрикалары аймақ халқының 67 пайыз сұранысын қанағаттандырып отыр екен. Қалған пайызын шет мемлекеттерден импортталатын, бір бөлігін мұхит асып жеткізілетін АҚШ-тан келетін құс еті құрауда. Мемлекет қолдауының нәтижесінде құс етін өндіру, импортты алмастыру мақсатында ілгерілеу бар. Бұл жұмыс Қордай ауданында жақсы жолға қойылған. Мәселен, аудандағы «Eco chiсken» атты бройлер балапандарды өсіру жобасы өз нәтижесін беруде. Ол жоба ауданда өндірістік кооператив түрінде іске асуда. Осы арқылы жеке кәсіпкерлер өзінің кішігірім бройлер фермаларында бірыңғай технология бойынша жұмыс істеп, нарыққа үлкен көлемде тауық етін өткеруде. Бұл бастама шағын және орта бизнес үшін өте ыңғайлы.
Жоба мемлекет тарапынан қолдау тапқандықтан, өндірістік кооператив жетекшісі Талғат Сәрсембаевты сөзге тартқан едік.
– Бұл шаруаны қолға алу бұрыннан ойымда жүрген. Оған дайындықты ерте бастан бастап кеттім. Әуелі жемшөп базасын жасап алу қажет болды. «Қордай жем» компаниясын ашып, арнайы мал-құсқа арналған жем жасай бастадық. Содан кейін құс өсіруге көштік. Құс шаруашылығы табысы мол іс. Заманауи технологияларды пайдаланып, өнімділігі жоғары балапандарды алып тез өсіріп, тез семіртуге болады. Ал халықтың диеталық етке деген сұранысы жоғары болғандықтан тез өткеруге болады, – дейді Т.Сәрсембаев.
Бір құс фермасының сыйымдылығы 1500 бас құсқа есептелген. Онда барлығы автоматтандырылған. Арнайы табақтарға жем мен су автоматты түрде өзі толтырылады. Ферма меңгерушісі Равиль Қарабаевтың айтуынша, ол екі сағат сайын құс фермаға кіріп, жемінің таусылып және су түтіктерінің бітеліп қалмауын қадағалау қажет. Бейнекамера арқылы қашықтықтан да бақылап отыруға болады. Құрамында 5 тауық фермасы бар кешен «Красный партизан» ықшам ауданына жақын жерде орналасқан. Бұл кешеннің жұмысын екі бақылаушы кезекпен қадағалауда.
– Менің жұмысым барлық көрсеткіштердің бекітілген параметрлерге сай болуын қадағалау.
Температура көтерілсе, басқару панеліндегі батырманы басамын, арнайы вентиляторды қосып, ауаны салқындатып ылғалдандырамын. Кейде су түтіктері бітеліп қалуы мүмкін, соны тазалап қоямын, – дейді ол.
Құс фермасындағы жұмыс циклдерге сәйкес ұйымдастырылған. Әрбір 45 күн сайын өсірілген құс етке өткізіледі. Ферманы тазалап, дезинфекциядан өткізу де ұмыт қалмайды. Осыдан кейін жаңа балапандар алынып, цикл қайталанады.
Талғат Сәрсембаевтың айтуынша, бір жылда 6 цикл өтеді. Бір құс фермасының жалпы құны 7 миллион теңгені құрайды. Құрал-жабдықтар отандық өндірушілермен қатар Қытай және Ресей мемлекеттерінен алынып, орнатылған. Қазіргі таңда өндірістік кооперативтің 12 мүшесі бар. Болашақта мүше санын 100 адамға дейін арттыру жоспарланған. Сол арқылы өндірілген өнімді көбейтіп, үлкен нарыққа шығу ниеті бар.
Бұл шаруаны жолға қоюға мемлекеттің қолдауы зор серпін берген. Микроқаржылық ұйымдар арқылы 2,5 пайызбен 7 миллион теңгеге дейін несие алған кооператив мүшелері несие көлемін 20 миллион теңгеге дейін өсіруді сұрап отыр. Жоба облыс әкімінің жеке бақылауында. Тәжірибе сәтті өтсе облыстың басқа аймақтарына да тарату жоспарлануда.
– Негізі бұл тек қана бізге пайда келтіретін жоба емес. Егер біздің кооператив кеңейіп, 100 құс фермасын ашсақ, 45 күннің ішінде 150 мыңға жуық құс өсіре алатын боламыз. Осы құстарға мыңдаған тонна жем қажет болады. Ол жемді біз өзіміздің шаруалардан сатып аламыз. Көп адамның кәсібі өрге домалайды. Мемлекеттік бюджетке қосымша салықтар түседі. Егер үлкен көлемде ет шығарып, жақсы танылып жатсақ, ірі сауда желілеріне шығып, өнімімізді соларға өткіземіз. Қазіргі таңда өнім аз болғандықтан, олар бізбен тұрақты жұмыс істегісі келмейді. Алғашқы кезде біз 500 бас тауықты өткізе алмай әуре болған едік. Қазіргі таңда 20 мың басты өткізіп жатырмыз. Әрине, мұның барлығы үлкен еңбектің нәтижесі. Біздегі шыққан өнімнің барлығы бірыңғай «Бастау» брендімен өндірілуде. Қордайда өзіміздің фирмалық дүкеніміз де бар, – деді кооператив жетекшісі.
Серғазы Манасбаев, журналист.
Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- Бүгін, 02:59
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді