Таластың екінші тынысы ашылды
Бұрын Талас ауданы туралы сөз бола қалса, көз алдыңа мыңғырған мал келетін. Елу алты қарапайым еңбек адамы, шаруашылық басшылары Кеңес Одағы кезіндегі ең жоғары атақ – Социалистік Еңбек Ері атанып, омырауларына Алтын жұлдыз тақты. Тәуелсіздік жылдарында жер үсті малға, асты кенге толған берекелі өңірде өндіріс орындары қарқынды дамыды. Мал баққан кешегі аға буын өкілдерінің немере-шөберелері өндіріске келді. Құм өңірінен газ игерді, Қаратау қаласының іргесіндегі шахтаға түсті. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға белсене кірісті, кәсіпкерлікке бет бұрды.
Ауданға жолымыз түскен сайын өркендеп жатқан өндірісті көріп, осы саланың басы-қасында жүрген азаматтармен пікірлесеміз. Әр айды, тоқсанды, алты айды, жылды қалай қорытындылағандары туралы әңгіме өрбітеміз.
–Біздің азды-көпті еңбегімізді елеп, хабарласып тұрасыздар, арнайы келіп, облыстың бас басылымы – «Aq jol»-ға жазасыздар. Осы үшін де Сіздерге көп рақмет айтқым келеді! Ал енді бес айда атқарылған жұмыс туралы айтсам, қаңтар-мамыр айларында аудан бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі болжаммен 11703,5 миллион теңгені құрайды, яғни өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп өндірісінің көрсеткіштері 1989,3 миллион теңгеге артық немесе 120,5 пайызға орындалды. Нақты көлем индексі 100,1 пайыз. Былтыр қаңтар-мамыр айларында аудан бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 9714,2 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 102,1 пайыз болған.
Аудан бойынша кәсіпорындар арасында еңбек жанжалдарын, даулар мен шиеленістерін болдырмауға бағытталған шаралар қабылдау бойынша тиісті түсінік беру жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорындар арасында айлық жалақы бойынша жұмысшылар алдында қарыз жоқ, – дейді аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров.
Бес айда негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі болжаммен 4412,0 миллион теңге, былтырғы жылмен салыстырғанда 235,2 миллион теңгеге артық. Нақты көлем индексі 101,8 пайызды құраған.
«Индустриалды-инновациялық дамыту бағдарламасының» орындалуы бойынша бірінші және екінші бесжылдығында жалпы құны – 374811,7 миллион теңгені құрайтын 4 ірі инвестициялық жоба жоспарланып, 18211,7 миллион теңгені құрайтын 3 жоба іске асырылған. Біз бұған дейін бұл жобалар туралы басылымда жаздық. Оған қайта тоқталудың қажеті жоқ шығар. Ең бастысы – кәсіпорындар тұрақты жұмыс істеуде.
Биылғы қаңтар-мамыр айларында «Қаратау Про» ЖШС ұнтақталған мәрмәр – 28600, карбонат кальций – 1140, мрамор үгіндісі – 51, мрамор ұнтағын 445 тонна өндірген. Өзінің толық қуаттылығының 27,5 немесе ауданның жалпы өнеркәсібінің 2,8 пайызын құраған.
Республикалық индустрияландыру картасына алдағы жылға енгізілген жоба – «ЕвроХимТыңайтқыштар» ЖШС «Минералды тыңайтқыштарды өндіру Химзауытының құрылысы». Жобаның жылдық қуаты 1400 мың тонна минералды тыңайтқыш өндіру. Құны 365,5 миллиард теңге. Жоба іске қосылғанда 2000 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Қазіргі таңда минералды тыңайтқыштарға нарықта бағаның құлдырауына байланысты зауыт жобаның іске асуын келер жылға ауыстыруға шешім қабылдапты. Бұдан бөлек, 2020-2025 жылдарға 26,5 миллиард теңгенің екі зауыттың құрылысы жоспарланғанын да еске сала кетсек.
Оның бірі – «Talas Investment Company» ЖШС. Мақсаты – жылына өндіретін өнімді 15 мың тоннадан 30 мың тоннаға арттыру. Жалпы инвестиция 25438,0 миллион теңге көрінеді. Жаңадан ашылатын жұмыс орны 300 адам. 2022-2024 жылдары іске асырылады деп күтілуде. Екіншісі «Қаратау ПРО» ЖШС. Мақсаты – жылына өндіретін өнімді 110 мың тоннадан 190 мың тоннаға арттыру. Жалпы инвестиция 1085,0 миллион теңгені құрайды. Жаңадан ашылатын жұмыс орны 25.
Ауданда 2022-2025 жылдарға 39572,0 миллион теңгенің 7 ірі жобасы жоспарланған. Онда 711 адам жұмыспен қамтылады екен. Жергілікті жерге салық мөлшері 570,0 миллион теңгені құрайды. Өңдеу өнеркәсібі бойынша 34085,0 миллион теңгенің төрт, оның ішінде химия саласында 33000,0 миллион теңгенің үш және құрылыс саласында 1085,0 миллион теңгенің бір жобасы бар. Ал «Жасыл экономика» бойынша 5487,0 миллион теңгенің үш жобасы жоспарланған. Осы жобаның үшеуі биыл іске асырылмақ.
2022-2025 жылдарға шағын инвестициялық жобалардың 4094,0 миллион теңгенің 149 жобасы жоспарланыпты. Жұмыспен 227 адам қамтылатын болады. Осының ішінде агроөнеркәсіп кешенінде – 60, балық шаруашылығында – 4 және шағын кәсіпкерлікте 85 жобаны жүзеге асыру көзделуде. Кәсіпкерлерді қолдау аясында өткен бес айда 435,9 миллион теңгенің 29 жобасы мақұлданып, «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында субсидия тетігі бойынша биылғы 5 айда Қаратау қаласы бойынша 35,0 миллион теңгенің үш жобасына қолдау көрсетілген. Осы бағдарламаның инфрақұрылым тарту тетігі бойынша «Дулат» шаруа қожалығы 34,2 миллион теңгеге құжаттарын рәсімдеп, облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына тапсырған. «Банк кредиттері бойынша кепілдік беру» бойынша Қаратау қаласында бір жобаға 2,5 миллион теңгеге кепілдік берілген. Бастауыш кәсіпкерлер үшін мақсатты мемлекеттік гранттарды ұсыну бойынша тиісті басқарманың қаражатты бөлуіне сәйкес жұмыстар жасалатын көрінеді.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында «Қаратау ПРО» ЖШС зауыттың шығаратын өнім көлемінің қуаттылығын арттыру мақсатында екінші деңгейлі банк арқылы 1085,0 миллион теңге несиеге оң шешімін алды. «Әулие-ата НС» ЖШС несие алу үшін 193,875 миллион теңгеге 16 жобаның құжаттарын өткізген. Биылғы жылдың 1 маусымына «Агробизнес» бағдарламасы бойынша мал шаруашылығы мақсатында несие алуға өтінім білдіргендерден 61,225 миллион теңгеге 5 жоба оң шешімін алған. «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы іске асырылатын «Агробизнес» бағдарламалары бойынша 198,0 миллион теңгеге 12 жоба оң шешілген. Сондай-ақ аудан кәсіпкерлері микроқаржылық ұйымының «Агротехника» бағдарламалары арқылы да жобаларын іске асыра алады екен. 2022 жылдың 1 маусымына «Казагролизинг» АҚ-ның 105,0 миллион теңгені құрайтын 7 жобасы да қолдау тапқан. Оң шешім алған несие қаражатының есебінен жобалардың иелерімен барлығы 21,0 миллион теңгеге үш техника сатып алынған. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы іске асырылуға ұсынылған жобалар да бар.
Дегенмен мемлекеттік бағдарламалар бойынша шешімін күткен мәселе де аз емес көрінеді. Бөлім басшысы Ауданбек Тауасаров: «Ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге екінші деңгейлі банктер арқылы несие алу мүмкіндігінің жоқтығы, ондай банктердің ауылдық жерлерден және кейбір банктердің Қаратау қаласынан кәсіпкерлердің кепіл мүліктерін қабылдамауы, екінші деңгейлі банктерде жобаларды қарау мерзімінің үш айға дейін созылуы, тағы да басқа мәселелер тірлік бастаймын деген азаматтарды тұйыққа тіреуде», – дейді. Қаржы институттарының да өз ережелері бар екені түсінікті. Мемлекет басшысының өзі кәсіпкерлік саласына баса назар аударып, оған қолдау-көмек жасау қажеттігін әркез еске салып отырғанда банктердің бұл мәселеге түсіністікпен қарағаны дұрыс-ақ.
Амангелді ӘБІЛ
Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- Бүгін, 02:59
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді