- Advertisement -

Тұрғындар тарапынан көтерілген бірде-бір мәселе назардан тыс қалмайды

42

- Advertisement -

Облыс орталығы Тараз қаласымен іргелес Байзақ ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында қарқын бар. Соңғы жылдары ауданда көп жобалар мен бағдарламалар жүзеге асырылып, оның игілігін ел көруде. Ауданға арнайы барған облыс əкімі Нұржан Нұржігітов әуелі Түймекент ауылдық мәдениет үйінде округ тұрғындарымен кездесіп, өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты.

– Мемлекет басшысының Жарлығына сəйкес əртүрлі деңгейдегі əкімдер тұрғындармен кездесу өткізуде. Жыл басынан бері ауыл, аудан жəне облыс əкімінің қатысуымен 300-ден аса халықпен кездесу өткізілсе, облыс əкімі ретінде бұл менің бесінші аудандағы кездесуім. Бұл кездесуді сұрақ-жауап ретінде өткізіп, келелі мəселелерді бірлесе талқылауға арнасақ, – деді аймақ басшысы. Сөйтіп, округ тұрғындарын ашық пікір алаңына шақырды.

Түймекент ауылдық округінің əкімі Қанат Смағұлов округте атқарылып жатқан жұмыс барысымен таныстырды. Ол облыс əкімінен кейбір мəселелердің шешімін табуға қолдау көрсетуді сұрады.
– Жаңа округ əкімі өз тарапынан 4-5 көшені асфальттап, көше жарығын тартып беруді сұраған болатын. Қазір облыс орталығы Тараз қаласын қоспағанда облыстағы жолдың қанағаттанарлық жағдайы 85 пайызды құрайды. Оны алдағы уақытта 97 пайызға дейін, жалпы 2025 жылға дейін барлық жолдарды кезең-кезеңімен жөндеп, 100 пайызға жеткізетін боламыз. Мәселен, Тараз қаласында 1350 көше болса, оның 55 пайызына ғана асфальт жабыны төселген. Оған қарағанда аудандардың жағдайы жақсы, – деді аймақ басшысы.

Бұдан кейін ауыл қариясы Марат Бөгенбаев Нұржан Нұржігітовтің ауданды басқарып, облысқа ауысып кеткенге дейін істеген жұмысына жоғары баға берді. «Сіз біздің округке көп қолдау көрсеттіңіз. Балабақша мен мектепті күрделі жөндеуден өткізуге, бес көшеге асфальт жабынын төсеуге мұрындық болдыңыз. Біздің елді мекеннің өзіне кемі 11 рет келіп, халықпен кездесіп, көп мəселенің шешімін табуға көмектестіңіз. Біз енді сізден жаяу жүргінші жолын салып, көшелерді жарықтандырып беруді сұраймыз», – деді.

– «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында облыстағы жолдарды жөндеуге 3,5 миллиард теңге бөлінген. Оның 1,5 миллиарды Байзақ ауданының еншісіне тиген. Жол бойынша бөлінген қаржыны қарап отырсақ, оның 30 пайызы осы ауданның еншісінде. Жол болсын, жарық болсын, барлығы жоспарланған кестеге сəйкес кезең-кезеңімен жүргізілетін болады, – деді аймақ басшысы.
Ауыл тұрғындары тарапынан бұдан кейін көшедегі электр желілерін жаңарту, трансформатордың қуатын арттырып ауыстыру, каналдан су алу, балаларға арналған демалыс орнын салу, жастарға үй салатын жер телімі берілсе деген сұрақтар көтерілді. Ал ауыл ақсақалы Мұхамедəли Халиоллаев көпті толғандырып жүрген мал жайылымы, мал азығы мен жемшөп жайын сөз етті. «Облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартуға» бағытталған қанатқақты жоба аясында 2,5 пайызбен несие рəсімдеп, мал алдық. Сол малды жаятын жайылым тапшы. Шабындығымыз болмағандықтан шөпті сатып алудамыз. Оның бағасы қазір 500 теңге болып тұр. Алда ол 700, қыста 1000 теңгеге жоғарылайтыны анық. Жемнің бағасы да күн санап артуда. Қазір ең арзан жемнің бір килограмы 140-150 теңге. Бізге мал азығын дайындайтын жер берілсе», – деген өтінішін жеткізді.

Жиында ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген бірде-бір сұрақ назардан тыс қалмады. Облыс əкімі Нұржан Нұржігітов ол сұрақтарға жан-жақты нақты мысалдар келтіре отырып жауап берді.
Келесі кезекте аймақ басшысы аудан орталығы Сарыкемер ауылында ауыл тұрғындарымен кездесті. Онда округ əкімі Сəуле Тілеуқұлова баяндама жасап, жыл ішінде атқарылған жұмыс барысы туралы баяндады. Ол ауыл тұрғындарының сұрауы бойынша қалаға қатынайтын қоғамдық көлік қатынасын қайта қалпына келтіру үшін облыс әкімінен көмек сұрады.

– Бұл мəселені аудан басшылығы кəсіпкерлердің күшімен шешуі тиіс. Мүмкіндік болса кәсіпкерлерді субсидиялау арқылы шешу жағын қарастырған абзал, – деген облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Сарыкемер ауылына қатысты басқа да мәселелердің жігін тарқата айтып берді. Ол жұмыстарды жандандыруды аудан әкімі Бақыт Қазанбасовқа тапсырды.
Ауыл тұрғындары тарапынан біраз мəселе көтерілді. Соның ішінде Мəмбет батыр көшесінің тұрғындары көше жолына асфальт жабынын төсеп беруді сұраса, енді бірі жастарға үй салу үшін жер телімі берілсе деген өтініш айтты. Қазір ауданда жер телімі кезегінде 4302 адам тұр екен. Жер телімі 2006 жылдан бастап берілмеген. Ол үшін округ əкімдігі тарапынан ауыл маңынан 87 гектар жер қаралыпты.
– Бұл сұрақ маған жақсы таныс. 16 жылдан бері ауданда жер телімі берілмеген. Бұл мəселені шешу үшін аудан орталығында 39 көпқабатты үй салу арқылы шешу көзделген. Сондай-ақ ол тұрғын алқаптан 600 орындық мектеп салу да жоспарланған. Қазір бұл алқапқа қарама-қарсы беттен емхана салынуда. Бүгінгі таңда тұрғын үй құрылысына енгізілген өзгерістерге байланысты бұл жоба тоқтап тұр. Бірақ аталған жобаны жүзеге асыру үшін жұмыс істейтін боламыз. Сонымен бірге 87 гектар алқаптың инфрақұрылымын тарту арқылы жер телімі кезектілікке сəйкес үлестірілетін болады, – деді аймақ басшысы.
Нұржан Молдиярұлы кездесуден кейін округ тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдады.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support