25 қазан – Республика күні ұлттық мереке мәртебесін алады

17

Тоқаев Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек екенін айтты.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.

«Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек», — деді Тоқаев Ұлытауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында.

Президент 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданғанын еске салды.

«Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды», -деді мемлекет басшысы.

Тоқаев Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек екенін айтты.

«Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», — деді Тоқаев.

Comments are closed.