Жарылқасын АЙТАҚОВ, Т. Рысқұлов ауданының әкімі.
Бірден айта кетерлік бір жайт, биыл көне Құлан шаһары Дүниежүзілік ЮНЕСКО ұйымының қорғауына алынды. Қытайлар «Цзю Лайн» яғни «сұлу қала» деп атаған мың жылдық тарихы бар Ұлы Жібек Жолы бойындағы осынау елді мекенге енді таяу жылдарда әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағыла бастайды деген сенім де жоқ емес көңілімізде. Осынау көне кенттің бағзы замандарда ғажайып махалла-медреселері, жүзім өсіріп, одан шарап шығаратын, қыш құмыралардың сан түрін жасай алатын қолөнер шеберлері бар, «Мың кісі келіп бір күнде, мың кісі кеткен» мәдениет, өндірістің өркен жайған орталығы болғаны бізге тарихшыларымыздың жазба деректерінен де белгілі.
Сол киелі мекен бүгінде танымастай болып өзгерді. Құланның қақ ортасын жарып өтетін Жібек жолы көшесінің бойынан тақтайдай тегіс, оқтаудай түзу аяқжолдар мен саябақтарды, гүлзарлар мен алаңдарды, дендросаябақты көріп, оған көз тоқтатпауыңыз тіпті мүмкін емес. Осыдан он бір жыл бұрын орын алған зілзала зардаптарын жою барысында, аудан орталығы – Құланда ғана емес, Луговой, Көкарық, Еңбекші секілді көптеген ауылдарда жарамсызданған нысандар қайта қалпына келтіріліп, жаңғыртылды. Сол тұста зардап шеккендерге бүкіл еліміз болып көмек қолын созды. Үкімет 14 миллиард теңге қаражат бөлді, бес мыңнан астам тұрғын үй қайта салынды, оның ағымдық және күрделі жөндеулерден өткені қаншама! Аудан орталығынан кешенді аурухана, өрт сөндіру мекемесінің ғимараты, сонымен қатар бес мектеп жаңадан салынып, он үш мектеп пен әкімшілік үйлері күрделі жөндеуден өтті. «Қазатом», «КЕГОК», «Қазақстан темір жолы», «Қазмұнайгаз» тағы басқа ұлттық компаниялар жаңа әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер салып берді. Соның нәтижесінде Құлан жері танымастай болып өзгеріп, тотыдайын таранып шыға келді. Құлан қазір де сол биігінде. Жалпы, ауданымыз – астықты өңір. Бір кездері оның егіс көлемі 130 мың гектарға жеткен екен. Қазір осы меже биігінен көріну мақсатында «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Алайда биылғы қуаңшылық салдарынан біз сексен мың гектардан аса алқаптың 74089 гектарының ғана астығын орып, қамбаға 62975 тонна дән құя алдық. Дегенмен, «Ақтоған», Луговой жылқы зауыты, «Аян» шаруа қожалықтары ауа райының қолайсыздығына қарамастан масақты дақылдардың әр гектарынан 12-16 центнерге дейін өнім алуға қол жеткізді. Биылғы жауынсыз жаз астық пен табиғи шөптің ғана емес, шабындық жерлерден орылып жүрген жоңышқаның да түсімін төмендетіп жіберді. Ауданда суармалы жер көлемі өте аз, оған келетін тау өзендеріндегі су мөлшері тартылып кетті. Мәселен, жыл сайын Қарақыстақ өзенінен алты ауыл секундына екі текше метр су алатын. Ал, биыл арнадағы су 450 литрден асқан жоқ. Соған қарамастан жылма-жылғы көрсеткіштерімізді төмендетпеу үшін қолда бар күшті жұмылдырып бақтық. Суды үнемдеу мақсатында 27,5 гектар бау мен Луговой жылқы зауытындағы 300 гектар бақшалық тамшылата суару әдісімен және «Веллой» технологиясы бойынша жаңбырлата суарылды. «Жол картасы» бағдарламасы аясында бөлінген 20,8 миллион теңгеге Ботбай, Мамайқайыңды, Сұлутөр және Белогорка каналдары жөнделді. Мойынқұм ауданы аумағынан, өзіміздің Үмбет алыс мал жайылымы телімінен де жемшөп дайындадық. Егіннен түскен сабанды да тайлап, жинап алдық. Биылғы қыстың қандай болары да белгісіз. Сондықтан алдын ала қамданып, қазіргі таңға 119320 тонна мал азығындық шөптің берік қоры жасалынды. Ауданда бір акционерлік қоғам, бір өндірістік кооператив, 1323 шаруа қожалығы мен 33 серіктестік бар. Олар үстіміздегі жылы 140 мың 537 гектар жерді игеруге күш жұмсады. Тек қана игерілген қара пардың көлемі 41500 гектарды қамтыды. Жеке кәсіппен айналысып жүрген Алдаберген Ақашевтің, А.Төлтаева мен Түзел Игембекұлының жылыжайлары биыл 8-10 тоннаға дейін қияр мен қызанақ өнімдерін өсіріп, тұтынушыларына қолжетімді бағамен өткерді. Ал танымал кәсіпкеріміз Халит Базаралиев болса, биыл «Қазагроқаржы» акционерлік қоғамының көмегіне сүйеніп, 7 гектар жерге 96 жылыжай салуды қолға алды. Бұл серіктестік қалдықсыз технологиямен жұмыс істейді. Ірі мал бордақылау кешені арқылы ет өндіруді тиімді жолға қоя отырып, қыруар табыс табуда. «Талпақтанаудың» қиынан биогаз өндіріліп, онымен шошқа бордақылау алаңдары қыс бойы жылытылады. Сондай-ақ, азот тыңайтқышы шығарылып, ет-сүйек ұнын ұнтақтау, құрама жем өндіру жолға қойыла бастады. Бір мезгілде бекіре балықтарын өсіріп, одан қызыл уылдырық өндіретін бүтіндей бір балық зауыты іске қосылғалы тұр. Бүгінгі таңда техникасыз, әсіресе жаңа құрал-саймансыз тірлік бітпейді. Биыл аудан шаруашылықтары лизингке және нақты ақшаға барлығы 595 миллион 187 мың теңге болатын 45 техника сатып алды. Оның ішінде өнімділігі жоғары «Джон –Дир» комбайндары, тракторлары мен тоғыз корпусты соқасы бар құрал-саймандар да бар. Қазір жұрт ескі, өнімділігі төмен техниканы жаңа техникаға айырбастауда. Міне, соның арқасында аласа өскен егінді де ысырапсыз жинап алдық. Елбасының кластерлік жүйені дамыту, ұсақ шаруашылықтарды біріктіру яғни ірілендіру жөніндегі тапсырмасы да ойдағыдай жүзеге асуда. «Ақтоған» шаруа қожалығы егінді өзі өсіріп, бидайды ұнға, оны макарон өнімдеріне айналдырып, Шымкент, Алматы, Астана халқы мен өзіміздің облысты 28 түрлі астық өнімімен қамтамасыз етуде. Сайд Хасан Акаев астықты құрғатып, біте түсірмей ұстайтын элеваторлардың көмегімен 3 мың тонна дақылды қыс бойы сол қалпында сақтай алады. Ол өндіріске жаңа технологияларды енгізіп қана қоймай халыққа жұмыс тауып беріп отыр. Қожалық төңірегіне қазірдің өзінде сексенге жуық шаруа біріккен. Олар ұжымнан өздерінің дивидентін алып тұрады. Мал шаруашылығы саласында да айтарлықтай ілгерілеушілік бар. Бұрынғы жылдарға қарағанда қой мен ешкі, жылқы мен түйе саны өсті. Өткен тоғыз ай ішінде 6771 тонна ет, 13727 тонна сүт өндірілді. 2013 жылмен салыстырғанда1468 тонна ет пен 793 тонна сүт артығымен өндірілгенін де айту ләзім. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың тапсырмасымен мал бордақылау алаңдарын ашып, сиыр сүті мен жылқының қымызын өндіретін брендтер мен тауарлы сүт фермаларын құру жұмыстары да қолға алынып отыр. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша құны 100 миллион теңге болатын он жоба жасадық. Екі шаруашылық 43 миллион 250 мың теңгеге 219 бас ірі қара мал, соның ішінде 9 бас асыл тұқымды бұқа сатып алды. Ғабит Сұлтанбаевтың «Береке» шаруа қожалығы қазірдің өзінде 100 бас өгіз бордақылауды жолға қойды. Мал бордақылау алаңдарында осындай 280 ірі қара семіртіп бағылуда. Сондай-ақ, «Құлбарақ» және «Шалқар» қожалықтарының әрқайсысы 50 бастан жүз бас сауын сиыр ұстайтын сүт фермасын ашты. Қазіргі таңда қора-жайлар салынып бітіп қалды. Өнеркәсіп саласы бойынша осы тоғыз айдың қорытындысы бойынша 2680 миллион теңгенің өнімі өндіріледі деп күтілуде. Егер бұған дейін Луговой рельс дәнекерлеу зауыты аудан бюджетіне айтарлықтай салық төлеп келсе, енді Қорағаты аймағынан жаңадан ашылған алтын өндіретін «Көкқия» кен орнының да салымы аз бола қоймас. Дегенмен, Елбасы шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр. Біздің ауданда 3433 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Осы салада 9984 адам жұмыс істейді. Кәсіпкерлер 1 миллиард 789 мың 600 теңгенің өнімін өндіріп, салық қоржынына 175 миллион 900 мың теңге түсірді. Кәсіп иелері «Құлан Дән» несие серіктестігі арқылы биыл 188 миллион 200 мың теңге несие алуға қол жеткізді. Өткен жылы Құлан ауылының бас жоспары бекітілген болатын. Аудан орталығының өзінде 1500-ден астам адам жер алып, үй-жай салу кезегінде тұр. Мәселен, «Арай» мөлтек ауданының инфрақұрылымы бойынша биыл көше құрылысын жүргізуге 106,2 миллион теңге, су құбырын тартуға 17,6 миллион теңге қаржы бөлінді. Қазір көшеге жол салу, су әкелу, жарық тарту жұмыстары кідіріссіз жүргізілуде. Бүгінгі таңда жұмыссыздықпен және кедейшілікпен күрес қоғамымыздың басты ұстанымына айналып отыр. Үкімет осы мақсатқа яғни атаулы әлеуметтік көмек қорынан қыруар қаражат бөліп, жыл сайын мүгедек балаларға жәрдемақы беріп, тұрғын үй мен оның отынын сатып алуға да жәрдемдесуде. Бізде орташа айлық табысы кедейлік деңгейінен төмен 373 азамат бар. Ал, 1354 адам жұмыс іздеуші ретінде тіркелген. Соның ішінде 863 азамат ресми түрде жұмыссыз болып тіркеліп, оның 245-і қоғамдық, 27-сі әлеуметтік, 540-ы маусымдық жұмысқа тартылды. Қазір бізде жұмыссыздық деңгейі бір пайызды ғана құрап отыр. Мәдениетіміз дамып, спортымыз өркендеп, көшелеріміз көрікті бола түсті. Ел мақтанышына айналған Ермахан, Ислам, Ақжүрек сынды спортшыларымыздың орнын жаңа есімдер толықтыруда. Мұның барлығы да еліміздің экономикасы жылдан-жылға жақсара түскендігінің де нақты жемісі. Өңірдің көкжиегі кеңейіп, көсегесі көгере де бермек.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- Бүгін, 14:19
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді