«Халық бізден бос уәде емес, нақты нәтиже күтеді»

60

Қазір Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде бетбұрысты өзгерістер жасалуда. Күні кеше Конституциямызға ірі өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы референдум өтіп, ол халқымыздың зор қолдауына ие болды. Одан әрі нақты саяси қадамдардың елдік сипаты мен мазмұны өз жалғасын таба бастағанын аңғару қиынға соқпайды. Міне, осы орайда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕНМЕН сұхбаттасқан едік.

– Құрметті Мейрамбек Мылтықбайұлы, еліміздің даму тарихында республикалық референдумның алатын әлеуметтік орны мен оның саяси маңыздылығын жұрт болып қолдап, дауыс бердік. Ел Мемлекет басшысының саяси бастамаларына зор сенім білдірді.
– Дұрыс айтасыз. Қазақ қоғамында жаңа саяси мәдениет дәстүрін қалыптастыру және оның жалпыұлттық қолдауға ие болу көрсеткішін біз осы жолғы республикалық референдумнан анық байқап, көріп отырмыз.
Не істесек те халықтың пікірін ескеріп, адал ниетті және әділетті шешім қабылдау өз нәтижесін беретінін осы саяси оқиғалы күндері тағы да дәлелдеп берді. Жалпылай саяси науқандық емес, ел Конституциясына енгізілген 33 баптың әрбір әрпі мен сөзі, сөйлем мағынасына дейін ашық түсіндіру мен ұғынықты насихаттау жұмысы жариялылықпен жүргізілді. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жүйелі талқылау мен түрлі көзқарастардың пікірталасы тоқтаусыз жалғасып жатты.
Біз де өз өкілеттігіміз бен азаматтық жолымызға сәйкес ел ішінде болып, жұртшылық өкілдерімен сан ондаған кездесулер өткізіп қайттық.
Бұл ашық кездесулерден біз адамдардың мемлекеттің бүгіні мен ертеңіне ерекше назар аударып, қоғамдық белсенділігі күрт артқанына куә болдық. Адамдар сергек, енжарлықтан ада, өздерін толғандырған ең өзекті мәселелерді бүркемелемей, ашық айтуды дұрыс санайды. Бұл қоғам дамуы жолында өте керекті ахуал.
– Сіздің екі аптадан астам уақыт Жамбыл облысында жұмыс сапарымен жүріп, референдумды түсіндіру мақсатымен өңірді аралап шыққаныңыздан хабардармыз. Сол кездесулерден алған әсеріңізді айтып берсеңіз?
– Әлгінде ой түйіндісін айтып қалдым. Сұрағыңызға сәйкес сәл кеңейтіңкіреп келтіре кетейін. Біз Парламент Мәжілісінің депутаттары, оның ішінде «AMANAT» партиясы депутаттар фракциясының мүшелері мемлекет пен қоғам өміріндегі саяси және тарихи мәні аса зор референдумды түсіндіру және насихаттау жұмысына қазақтың аталы сөзімен айтқанда, бел шешіп атсалысуға шешім қабылдаған болатынбыз. Өйткені саяси азаматтық биікте болу бір басқа, әрі біздің еліміздегі ең ірі саяси партия Мемлекет басшысының барлық саяси бастамаларына толық қолдау көрсетіп, сенімді тірек болуды мұрат санайды.
Мұндай саяси жағдайлар қоғамның әр мүшесінің жауапкершілік мәдениетінің жоғары деңгейін көрсеткені абзал. Біз осы деңгейде өзімізге жүктелген міндетті абыроймен атқаруға тырыстық. Солай болды деп ойлаймыз.
Жамбыл жұртшылығымен болған кездесулерде шынайылық пен ашықтық мемлекеттілігіміз бен халық бірлігін нығайту сияқты ең маңызды құндылықтарымызды сақтау, қоғамда заң үстемдігін орнату мен кез келген мәселені тиімді шешудің жолдарын ұсыну төңірегінде ой тоғыстыруға мүмкіндік жасады.
Амангелді, сіз өзіңіз қалай ойлайсыз? Әулиеата аумағындағы 10 ауданда 40 шақты елді мекендегі тұрғындармен кездесулерде әлеуметтік әділеттілік туралы айтылмауы мүмкін бе? Әрине, олай болуы еш мүмкін де емес. Себебі Мемлекет басшысы ұдайы айтып келе жатқанындай, әділеттілік болмаса, қоғам дамымайды. Осындай қоғамға қажетті әділеттіліктің бұзылмай, төрешілдіктің, бюрократияның, заңсыздықтың салдарынан көмескіленіп, басылып қалмай, барлық адамдар өмірінде орнығуы – ең басты мәселе. Алайда өмірде әділеттілікке қол жеткізу оңай емес. Себебіне келсек, сан алуан. Жасанды кедергілер де кесірін көп келтіреді.
Жаңа, әділетті Қазақстан құрудың идеясы мен идеологиясы қоғамда түбегейлі саяси өзгерістер мен қоғамда заң үстемдігінің біржолата орнығуын көздейді. Халыққа қажетті реформаларды жүзеге асырудың маңызы зор екендігі анық болды. Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес еді. Бұл анық нәрсені Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында атап көрсеткен болатын. Қазақстанда азаматтық қоғам құруға адамдардың өздері саяси көзқарастарымен де, мемлекетшіл қасиет, ұстанымдарымен де, еңбексүйгіш жауапкершілігімен де атсалысуы арқылы екінші республиканың болмысын айқындайды.
Біз өз жерлестеріміздің алдында осы тұрғыда бәрін де ашық айттық. Ауызбіршілік айрықша маңызды екенін қаңтар оқиғалары кезінде айқын сезінгенімізді алға тарттық. Елімізде тарихи жетістіктеріміз мол, бірақ белгілі бір озбыр топтар мен бетімен кеткен алпауыттар өздерін заңнан жоғары қойып, білгенін істеп, мемлекет қаржысын талапайға түсірген, жемқорлық жолмен шексіз байып кеткен сұмдық іс-әрекеттерінің әшкерленіп, қоғамға ашық жария етіліп жатқанын да сабақ болуы үшін тілге тиек еттік.
Халық бәрін біледі. «Алатау қанша биік болса да ай астында тұрады, адамдар да қаншама мықты болса да заңның астында болуы тиіс», дейді. Сондықтан да бұрынғыдай ешкімге артықшылық берілмейді. Ата Заңымызға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар осы өміршең қағидалардың сақталуына мызғымас кепілдік жасайтынына терең мән берді. Билік пен қоғамның өзара сенімділігін нығайтатын жаңа құқықтық талаптар мен қағидаттар көпшіліктің күткені еді.
Өзіңіз білесіз, 5 маусым күні қалың жұрттың қалауы болды. Ел тілегі мен жалпыұлттық сенім көрсетілді. Бұл тарихи кезеңді және жаңа дәуірге басқан қадамымызды еліміздің әр азаматы ұлттық мүдделеріміз тұрғысынан бағалай білуі керек. Отаншылдық рухымызды көтеретін саяси ірі өзгерістер мен батыл шешімдер елорда мен ауыл арасында оң нәтижелерімен орнығып, мемлекеттік тәртіп пен жауабы бар, сонымен бірге қатаң сұрауы бар әлеуметтік мәселенің бірде-біреуі аяқсыз қалмауы тиіс. Мейлі, ол облыс, не аудан, не шалғайдағы ауыл деңгейінде ме, ұсақ-түйек демей, айтылған уақытында, дер кезінде жүзеге асуы тиіс.
Қоғамның өзекті бір мәселесін түрлі сылтау айтып, сөзбұйдаға салып, сағыздай созып, сергелдеңге түсіру енді Жаңа Қазақстан құрудың мақсатымен еш сыйыспайды.
– Осы жағдайда бір мысал келтіре аласыз ба?
– Жалпы қоғамдық ой-сананы өзгерту оңай емес. Бұған белгілі бір уақыт керек шығар. Адамның жаратылысында адалдық пейіл мен жақсылыққа қарай ұмтылыстар кейде қысқа мерзімде-ақ қоғамның қозғаушы күшіне айналады. Біз бұл өзінен бастаған өзгерістер халықтың ашық және орынды талаптарының күшеюімен айқындала түсті деген ойымызды білдірер едік.
Тараздан шығып, Талас пен Сарысу барып, Байзақ пен Жамбылды, Жуалы мен Құланды аралап, Меркі мен Қордайды, Шу мен Мойынқұмды көріп қайтқан соң жұртшылықтың ұсыныс-тілектерін ой сарабынан өткізу – көпшіліктің пікірін қолдау мен санасу деп білеміз.
Мысалы, биылдың өзінде ғана Шу ауданындағы Дулат ауылдық округінің тұрғындарымен үш мәрте кездесу болды. «Әлемдік Даму банкінің» қолдауымен осы маңдағы су ағар жүйесін жөндеуге 4,8 миллиард теңге қаржы бөлінген, алайда шетелдік компаниялардың жұмысы нашар, олар қаржының 13 пайызын ғана игерген.
Осы іске түрткі болдық. Қазір тиісті министрлікке қозғау салып, диқандардың жанайқайын жеткізгеннен кейін ғана барып, мәселе қолға алына бастады. Ал Мойынқұм ауданындағы Қылышбай ауылында құны 200 миллион теңгеден асатын ауыз су қондырғысы төңірегіндегі айқай-шу жыл басынан бері басылмай тұр. Тұрғындар «суы тұз татады, ащы» десе, жергілікті атқару органдары «тексеру нәтижесі таза су» деген пікірде. Тіпті аудан әкімі ауылдағы әр үйдің құбырынан аққан суды өзі ұрттап ішіп, сынақтан өткізгені де айтылады.
Сөйтсе де ортақ пікір жоқ. Біздіңше, су тазалығын зерттейтін лаборатория қызметкерлері, жергілікті әкімдік және ауылдағы қоғамдық ұйымдардың қатысуымен қоғамдық тыңдау мен бақылау өткізу керек деген ұсынысымызды білдірдік. Сонымен бірге, Сарысу ауданының Байқадам, Жайылма ауылдық округтерінің аумағына Талас өзені суының жетіспеуі, Байзақта жайылым тапшылығы, Меркіде тау маңындағы ірі фермерлердің сүт өндірісін дамытуға көлік тасжолын салу, қойдың жүні мен терісін игілікке жарату тәрізді ұсыныстардың қатарында ауыл шаруашылығында субсидияның әділетті бөлінуі мен мемлекеттің сату-сатып алу қызметінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу секілді қоғамды мезі еткен жағымсыз құбылыстарға біржолата тосқауыл қою сияқты ортақ мәселелер бар. Бұл ретте тиісті заңдарды қатайту керек дейді. Дұрыс. Адам заң үшін тумайды, заң адам үшін туады.
Біз осы өңірде болған күндерімізде мәдени-рухани тәлім-тәрбие, ұлттық құндылықтарымызды құрметтеу және тарихи мұраларымызды қастерлеу, білім сапасын жақсарту, адам баласын азғындықтан құтқаратын күш- руханиятқа талғаммен қарау, жастарды жұмыспен қамтамасыз ету, әйелдердің зейнетке шығу жасын 58-ге төмендету және басқа да тақырыптарда емен-жарқын әңгімелескенімізді атап айтар едік.
Қоғамға керекті, жас ұрпаққа қажетті және заман талабынан туындаған көзқарастары бағалы ойларын айтқан кісілерге өз алғысымды білдіреміз. Реті келген соң айтайын. Жуалы ауданының зиялы қауымымен өткізген алқалы, мәдениет үйі лық толған жиынның аяқталар тұсында ардақты ел қариясы Аманжол Дүрәліұлы ағамыз ортаға шығып, ұлттық дәстүрге сай ақ батасын берген болатын. Бұл өзі табан астында болды, сіз де байқаған боларсыз, сол бір ізетті көріністі республикалық телеарнадан «Референдумға бата берді» деген тақырыппен жария еткені де тартымдылығымен есте қалды.
Ықыласты кездесулерде жаңару мен жаңғыру үрдісі қалай сезіледі деген ортақ сауал тұрды. Жөн. Біз жұртқа қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті дедік. Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, Мемлекет басшысы қадап айтқанындай, көзбен көріп, қолмен ұстайтын өзгерістер керек. Бұл енді қоғамның барлық саласын тазарту арқылы жүзеге асыру барысында бірінші кезекте көрінеді. Соңғы уақытта бағамдап қарасақ… Кімдер сұраққа алынып, тергеуге түсіп, кімдерге қылмыстық іс қозғалып жатыр? Қазақстан байлығының тең жартысы әлгі 162 адамның иелігіне кетіп, қызығын солар көріп жатқанын біліп, ашық айту, заң үстемдігін мызғымас орнату және соған иілту мемлекетке шын жаны ашыған, әділетті, әлеуметшіл тұлғаның батыл бағыты деуіміз керек. Мемлекеттің байлығы белгілі бір адамдарға емес, барша халыққа тиесілі деп отыр. Халықтан ұрланған активтерді елге қайтарып, әділдік орнату жұмыстары да қолға алынуда. Бүкіл халықтың әл-ауқатын арттыру аса маңызды міндет болса, осының бәрі елдің үміті мен сенімін ақтау жолында атқарылуда.
Мазмұндық сипаты айрықша болған бұл референдумда жалпыұлттық сенім білдіріп, оң қолдаумен дауыс берудің негізгі мәні Жаңа Қазақстан құруды жақтаған халықтың арман-мақсатында, адал пейілінде жатыр.
– Сіз соңғы айларда Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында бірқатар өзекті мәселелер бойынша Үкіметке депутаттық сауалдар жолдап, сайлаушылардың мүддесінен талап, ұсыныстар айттыңыз. Солардың бірі – су жаңа қалпында «Көне Тараз» музейінің жеті жылға жуық жұмыс істемей тұрғаны…
– Бұл өте бір келеңсіз, айтуға да ұят жағдай. Жамбылдықтардың есінде, бұл ерекше музей ғимараты 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы мерекесі күндері думандатып ашқан күннің ертесінде-ақ жабылып қалған десе де болады. Мемлекеттің 950 миллион қаржысы жұмсалған ғимарат сапасыз салынған, жұмысын жалғастырмайды, іске мүлдем жарамсыз болған.
Содан бері 7 жылға жуық уақыт болды. Музей жұмыс істемейді. Миллиардқа жуық мемлекет қаржысының сұрауы жоқ па, сонда? Бұл жайында жергілікті және республикалық ақпарат құралдары талай мәрте дабыл қақты. Үн қатқан ешкім жоқ. Себебі бұл нысанға тапсырыс берген де, нысанды қабылдаған лауазымды адамдар да қызметінен кетіп қалған деп, жауапкершілігі сұралмай келеді.
Бұған халық наразы. Судың да сұрауы бар. Сапасыз салынған құрылысты кезінде кімдер және неге қабылдаған деген әділ сұрақты бүгіндері де алға тартуға болады. «Сол адамдардың есебінен жөндеу керек» деген облыстық мәслихат депутаттарының да пікірін оқып жатырмыз.
Қазір бұл ғимаратқа қатысты мәселеге байланысты арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеуде. Оның қорытындысында қандай шешім қабылданғанын жария ететін боламыз. Музейлендіру жұмысына қосымша Мәдениет министрлігі 300 миллион ақша жұмсағанын да айта кетейік.
Сондай-ақ облыс жұртшылығының көкейінде жүрген екі-үш өте өзекті мәселені де жақында көтерген болатынбыз. Бірі – Тараз қаласынан шығатын шайынды, кәріз суын сүзгіден өткізетін кешенді қондырғы орнатуды кешіктірмей шешу туралы сауалымызға Үкімет жақында оң жауап берді. Бұл әлеуметтік-экологиялық мәселе Үкімет назарында. Пысықтау жұмыстары жүргізілуде. Ал Тараз қаласының экологиялық ахуалына әсері қатты алаңдата бастаған, яғни, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі зауыттарынан шығатын фосфогипстің тау боп үйіліп, қазір 14 миллион тоннасының жатқанын айтып, бұл күрделі жағдайды Үкімет деңгейінде шешуді көтерген болатынбыз. Фосфогипсті фермерлердің сортаң жерлерді табиғи қалпына келтіруіне пайдалануы үшін тасымалдауға субсидия бөлу және басқа да мақсатқа жаратуды қарастыруды ұсынған едік.
Ресми жауапты күтеміз. Сондай-ақ «Дипломмен ауылға» жобасының ауылға жас мамандарды тұрақтандыруымен бірге Қаратау, Жаңатас, Шу тәрізді моно және шағын қалалардың ауылдық аудан орталықтары екенін ескере отырып, аталмыш жобаның жеңілдіктерін қолдануды ұсынған болатынбыз. Себебі бұл күндері еліміз бойынша 32 шағын және моно қала, аудан орталықтары болып саналады десек, соның басым көпшілігінде дәрігер, мұғалім секілді мамандарға зәрулік жылдан жылға шешілмей, жалғасып келеді.
Үкімет бұл мәселені шешуге өз көзқарасын білдірді. Егер бұл жобаны қалаларға да қатысты ететін болса, онда жас мамандардың жаппай қалаға қарай ағылатынын жоққа шығаруға болмайды, дейді. Әйтсе де моноқалаларды дамытудың аясында «Дипломмен моноқалаларға» деген жоба пысықталуда. Бұл да дұрыс мәселе.
Жалпы, депутаттық сауал депутаттың өз өкілеттілігіне сай атқаратын қызметінің бір бөлігі. Сайлаушылардың қоғамдағы өзекті мәселелерге жіті назар аударуы мен ойласуынан туындайтын талап-тілектердің ортақ пайдасы халық игілігінен көрінеді.
Жақында Жамбыл облысында жұмыс сапарымен болғанымызда біз айтып отырған мәселелер қозғалды. Құт дарыған өңірдің жаңа әкімі Нұржан Нұржігітовпен кездесуімізде ел қамы, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы және ұлт руханиятының кең өрісі жайлы сөйлестік. Әулиеата жұртының көз алдында өсіп, ержеткен, мемлекеттік басқарудың түрлі баспалдақтарынан абыроймен өтіп, мол тәжірибе жинаған және адалдығымен танылған Нұржан Молдиярұлының жаңашыл азаматтық ұстанымы мен табанды мемлекетшіл қасиеттері оның ел сенімін ақтау жолында жетістіктерге жетуіне тірек және негіз болады деп ойлаймын.
Жамбыл өңірі де өз мүмкіндіктері мен әлеуетіне сәйкес тез өркендеуі керек. Еңбексүйгіш, мейірімді және бір-біріне жанашыр өңір халқы бір мақсатта ауызбіршілік таныта түседі деген сенімдеміз.
Жаңа Қазақстан дегеніміз – еліміздің болашақтағы бейнесі. Ол талай сынақтан өткен халқымыздың келешекте Қазақстанның мықты, кемел мемлекет болуына деген мызғымас сенімімен қалыптасып, өркендейді.
Күні кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бізден бос уәде емес, нақты нәтиже күтеді» деп ашық айтты. Бұл әрбір отандастарымыздың алдағы міндеті мен азаматтық жауапкершілігінің қаншалықты салмақты және қастерлі екенін, сонымен бірге ақылға салып жүйелі, нәтижелі атқаруды қажет ететін қатаң талапшылдықты көрсетеді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Амангелді ӘБІЛ.

Comments are closed.