- Advertisement -

Шерхан Мұртазаның ескерткіші қайда орнатылғаны дұрыс?

84

- Advertisement -

Тоқсан жылдық торқалы тойының қарсаңында Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның еңселі ескерткіші Тараз қаласының қай жеріне қойылғаны дұрыс? Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов те бұл орайда халықтың үніне, елдің сөзін сөйлеп жүрген зиялы қауымның пікіріне құлақ асуда. Біз Facebook әлеуметтік желісінде жарияланып, үлкен қолдауға ие болған бірқатар зиялы азаматтардың пікірін «Aq jol» газетіне жариялағанды жөн көрдік.

Шерағаңа шыңның ұшар басынан ескерткіш орнатсақ та артық емес

Қайраткер-қаламгер, ұлтының рухани ұстынына айналған Шерағаңның ескерткішін 90 жылдығына орай Тараз қаласының ең көрнекті жеріне орнатайық деген сөздер айтылып жатқаны белгілі.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, белгілі журналист-қайраткер Мейрамбек Төлепберген, облыс орталығындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры Ерболат Саурықов үшеуміз (шақырғанымызды құп алып Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы қызметкері, журналист Ерман Әбдиев те жетіп келді) ел аузында «Шахристан» атанып кеткен Әулиеатаның «арбатына» келдік.

Өйткені менің Шерағаңның ескерткішін осы жерге қояйық деген ұсынысымды оқыған Мейрамбек Төлепберген Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы орналасқан осы жерді көруге шақырған. Сосын рұқсат сұрап сөзді бастадым.
– Міне, мына жерге қойсақ анау жүрген халық, оның арасында сан түрлі ұлт өкілдерінің жас ұрпақтары да бар, Шерағаңның бейнесін күнде көріп, санасына сіңіреді. Санасына сіңірген соң өмірбаянымен танысады. Кітабын оқуға, ізденуге ынталанады. Ал кешкілік бұл жерге Тараздың бүкіл жұртшылығы мен жастары, студенттері жиылады. Қасында Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының ғимараты да тұр. Оның ішінде Шерағаңа қатысты мол материалдар да бар. Сондықтан осы жер қолайлы, – деп «арбат» басталар жердегі субұрқақтың (фонтан) алдын көрсеттім.
Ерболат Саурықов інім басқа жағын да көрейік деп бастаған соң Шахристандағы одан басқа жерлерді де ары-бері аралап көріп, кейбір жерге тоқтап, ол араның да Шерағаң ескерткішін қоюға қолайлы екенін айтып, ой бөлістік.

Ерболатқа риза болғаным:
–Мен Шерағаңның ескерткішін өзім басқаратын университетім үшін «Студенттер үйіне» қарай тартып жатқаным жоқ. Егер халық пікірі осы араны, яғни Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы тұрған жерді қаласа, оларға мен де қуана қосылам. Сол үшін бүгін осы жерді көруге, оның қаншалықты қолайлы екенін білуге сіздермен бірге арнайы кеп отырмын, – деп ағынан жарылды.
Оның бұл сөзін Мәжіліс депутаты Мейрамбек Төлепберген де қолдады. Өйткені депутат пен ректордың айтуына қарағанда, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов о бастан-ақ «қоғамдық пікірді ескеру керек» деп мұқият тапсырған екен.
Демек, ендігі сөз халықта.
Шерағаңа Бразилиядағыдай шыңның ұшар басынан ескерткіш орнатсақ та жарасады. Бірақ оған қазір уақыт та, қаржы да тапшы. Сондықтан мен Шерағаңның рухы өмірден өткеннен кейін шетқақпай көрмей, өзінің аты берілген руханият орталығың қасында Темірқазық пен Шолпан жұлдыздардай ұрпағына бағыт-бағдар сілтеп тұруы тиіс деген өз ұстанымымда қаламын. Өйткені Тараздың биігі де, төрі де (бейнелі түрде) дәл қазір көне Тараз бен ескі Әулиеата қаласының бұрынғы орны, Жамбыл ата ескерткішінің жетпіс жылдай тұрған орны да осы ара.

Көсемәлі Сәттібайұлы,
жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері.

Тұғырда тұрған тұлғалар көп Таразда

Тау-тау болып тұғырда тұрған тұлғалар көп Таразда. Ал Шерағаң халықтың арасында жүрген, халықтың адамы. Сондықтан биік тұғырдан гөрі, өзі секілді ескерткіші де елмен етене, ел арасында тұрса деген тілек. Әйтпесе біздің өңірде Әулиеатадан бастап, Керей мен Жәнібек, Бәйдібек, Жамбыл, Бауыржан, Абай, Дулати… бәрі де қасқайып тұғырда тұр. Мүмкін сол шеңберден шығып, Шерағаның өзі секілді өзгеше шешім керек шығар. Зорайтып көрсету үшін ескерткіш көлемінің зор болуы шарт емес қой…
Жай, архитекторлар мен ұсынған орында кеңістік жетіспейді дегендей ой айтуда. Ал меніңше, ескерткіштің мәні оның көлемімен емес, шебер шешімімен, тиісті жерде орналасуымен құнды. Әйтпесе кезінде театрдың алдында қанша қасқайып тұрса да Бауыржан Момышұлының болмысы өз деңгейінде ашылмаған еді. Жеңіс саябағына ауысқан соң мәні кірді. Дәл сол секілді қаланың әлдебір кең кеңістігінде, айдалада тұрған Шерағаның ескерткіші кімге керек?! Ол алыптығы жағынан Әулиеатадан асып кетсе де құндылығы болмайды.
Шеңберден шыға алатын, қатып қалған қағиданы бұза-жарып, өзгеше дүние жасайықшы!
Өтініш. Алматыда Шәмші де қалың ағаш арасында, кішкентай ғана орындықта отыр ғой. Ол сонысымен де ерекше.

Маржан РаҚай,
журналист.

Мен де ойымды білдірсем

Соңғы бір айдың көлемінде Тараз қаласында Шерхан Мұртазаға арналған ескерткіш қою мәселесі туралы ашық пікірталас болып жатыр. Мен де өз ойымды білдірейін. Кезінде «Астана» шағын ауданында тұрған кезінде Шерағаның батасын алып, үйінен шай ішкен кездерімде фотоға түсу ойға келмепті.
Шерхан Мұртазаға ешқандай постамент қажет емес, оған ешқандай тақ қажет емес. Шераға өзінің халықпен бірге екенін әрдайым дәлелдеп, өзінің сөзінде халықтың ортасындағы пікірді жеткізуші еді.
Орын ретінде жаңа арбаттан, Шерхан Мұртаза орталығының алдына қойса деген пікірімді білдіргім келеді. Қазіргі таңдағы типтес деп санайтын Алматыдағы Шәкен Айманов пен Виктор Цойға арналған ескерткіш секілді жұртшылықтан биік қылмау керектігін айтқым келеді.

Исламбек Дастан,
қоғам белсендісі.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support