- Advertisement -

Спорт саласына серпін қажет

57

- Advertisement -

Кеше облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен жиында аймақтағы спорт саласының даму барысы қаралды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков есеп берді.

Басқосуда әуелі басқарма басшысы былтырғы және биылғы айтулы додаларда өңір намысын қорғап, олжалы болған спортшыларға тоқталып, мекеменің жоба-жоспарлары туралы толығырақ баяндады.

– Бүгінде облыста 67 спорт мекемесі жұмыс істейді. Оның ішінде 51 спорт мекемесі басқармаға қарасты болса, қалған 16 спорт мекемесі аудан әкімдіктерінің бағынысында. Аталған спорт мекемелерінде 1045 оқытушы-жаттықтырушы 29 219 спортшыны тұрақты түрде спортқа баулуда. Негізі біздің облыста спорттың 72 түрі қамтылған. Оның ішінде 25 олимпиадалық спорт түрі, 19 олимпиадалық емес спорт түрі, 10 ұлттық спорт түрі, 8 паралимпиадалық спорт түрі, 7 сурдлимпиадалық спорт түрі және 3 паралимпиадалық емес спорт түрі бар. Облыс споршылары былтыр түрлі республикалық және халықаралық байрақты бәсекелерде 1914 медальға ие болса, биыл бес айдың қорытындысы бойынша барлығы 608 медаль еншіледі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 405,6 мың адамға артып, бұл көрсеткіш облыс тұрғындарының 35,4 пайызын құрады. Биылғы жылдың бірінші тоқсаны бойынша көрсеткіш 36,3 пайызға артты.

Енді 2025 жылға дейін осы көрсеткішті 50 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бүгінде өңір тұрғындарын дене шынықтыруға және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту үшін қосымша спорттың 96 түрі бойынша нұсқаушы штаттық бірліктері енгізіліп, нұсқаушылар қатары 233-ке жетті. Оның ішінде спорттың 202 түрі бойынша нұсқаушылар аудандарда жұмыс істейді, – деді Нұрбол Әбдімажитұлы.

Басқарма басшысы өз есебінде өңірдің спорт саласын дамыту бағытында қолға алынған басқа да мәліметтер атап өтті. Соның ішінде 2022-2025 жылға дейін салынатын 42 дене шынықтыру-сауықтыру, кешенінің мүмкіндігі мол болмақ.
Осы ретте облыс әкімі Нұржан Нұржігітов басқарма басшысын жоспарлы жұмыстардың барлығын есеппен атқаруға шақырды.

– Спорт нысандарын есеппен салу керек. Ол үшін алдымен спорт нысандары тапшы елді мекендерді нақтылаған жөн. Сол секілді қосымша спорт түрінен бекітілген нұсқаушылардың жұмысын пысықтау қажет. Өйткені облыстағы 8 000 бала жекеменшік спорт мектептеріне барады. Сонда ата-аналар мен балғындардың бапкерлердің біліктілігіне көңілі толмайды ма? Басқарманың алдында тұрған үлкен мәселелердің де бірі сол, бапкерлік құрамның сапасы болып отыр. Бізде он аудан болса, оларға тек бір ғана спорт интернаты қарастырылған. Бұл аз. Бәлкім, алда салынатын 16 спорт нысанына өзгерістер енгізу қажет шығар. Осы мәселені қайта қарау керек. Бұқаралық спортпен шұғылданатындардың үлесін арттыру да өзекті. Балалар күнделікті мектепке барады делік, ал бос уақытта немен шұғылданады? Балаларды спортқа тартуға мықтап кірісу керек. Ол үшін білім басқармасымен және аудандардағы спорт бөлімдерімен жақын байланыс орнатқан абзал, – деді Нұржан Молдиярұлы.

Есепті жиында бірқатар спорт мектептерінің басшылары жұмыс ауқымы туралы баяндаса, спорт ардагерлері ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Басқосу соңында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков кездесуде айтылған ескертпелер бойынша жүйелі жұмыс істейтінін айтты.

Сәндібек Піренов

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support