Егіс алқабыңа су жетті ме, шаруа?

Егіс алқабыңа су жетті ме, шаруа?
ашық дереккөз
Егіс алқабыңа су жетті ме, шаруа?
Бастауын іргелес жатқан қырғыз еліндегі «Киров» су қоймасынан алатын Шу және Талас өзені арнасына жақын орналасқан аудандардың шаруалары ерте көктемнен судың тапшылығына алаңдаумен келді. Оның үстіне кейінгі жылдардағы қуаңшылық та жер жыртып, егін салатын бейнетқор жұрттың қабағын аштырмады. Содан барып, «көктен ылғал мол түссе екен» деп аспанға қарап алаңдаумен болды. Жаратқан ие, нәсібін жерден алып отырған шаруаның тілегін қабыл етті ме, наурыз-сәуір айларында облыс аумағына ақ жауын селдетіп сала берді. Жер-Ана бусанып, арық-атыз суға толды. Су қоймаларына кемеріне дейін түспесе де, біршама су жиналды. Екі өзеннен де там-тұмдап болса да су келіп жатты. Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Шу- Талас бассейндік инспекциясы Жамбыл және Түркістан облысы Созақ ауданының аумақтарында Шу-Талас бассейні аумағында су ресурсын пайдалану, оны реттеу және қорғау жөнінде мемлекеттік басқару қызметін атқарады. Қазақстан Республикасы Су Кодексі 40-бабының 2-тармағы 11-тармақшасына сәйкес бірлесіп пайдаланатын су қоймаларының салааралық, облысаралық және мемлекетаралық маңызы бар ірі су қоймаларының жұмыс режимін бақылауды бассейндік инспекциясы жүзеге асырады. Мұндай су қоймаларына Шу өзеніндегі жобалық сыйымдылығы 620 миллион текшеметр болатын Тасөткел, Теріс өзеніндегі жобалық сыйымдылығы 158 миллион текшеметр Теріс-Ащыбұлақ су қоймасы және Қырғыз Республикасы аумағында орналасқан Талас өзеніндегі мемлекетаралық маңызы бар Киров су қоймасы жатады. Жыл сайын вегетация мерзімі басталғанға дейін барлық су қоймаларының жұмыс істеу кестесі жасалады және оның орындалуына тұрақты бақылау жүргізеді. – Киров су қоймасы Қырғыз Республикасында, Тараз қаласынан 30 шақырым қашықтықта, Талас өзенінің бойында орналасқан. 1973 жылы пайдалануға берілген мемлекетаралық су қоймасының жобалық көлемі 550,0 миллион текшеметр. Құрылыс сейсмикалық 7 балға есептелген. Негізгі мақсаты – ауылшаруашылық дақылдарына су беру. Биылғы 7 маусымға дейін қалған су көлемі – 400,65 миллион текшеметр, былтырғы жылмен салыстырғанда 64 миллион текшеметрге артық. Түсуі – секундына 37,9, тасталуы – 51 текшеметр, оның ішінде Қазақстанға секундына 44 текшеметр су түседі. Тасөткел су қоймасының бүгінгі су көлемі 416,4 миллион текшеметрді құрайды. Жобалық көлемінің 83 пайызын құрайды, су қоймасына секундына 32,0 текшеметр су түсіп жатса, қоймадан тасталып жатқан су – секундына 39,0 текшеметр. Теріс-Ащыбұлақ су қоймасында 112,54 миллион текшеметр су бар, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 3,28 миллион текшеметрге артық, бұл жобалық көлемінің 78 пайызы. Су қоймасына түскен су секундына 6,9, қоймадан тасталып жатқан су 10,0 текшеметр. Биыл Қазақстан және Қырғызстан су шаруашылығы мамандары кездесіп, Шу өзені бойынша 219,7, ал Талас өзені бойынша сәуір-қыркүйек айларында 500,0 миллион текшеметр су алуға кесте жасалып, бекітілді. Қазір осы кестеге сәйкес су беріліп жатыр. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязовтың төрағалығымен биылғы 25-28 мамыр аралығында Шу және Талас өзендерінің бассейндерінде су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту мәселелерін талқылау туралы Бішкек қаласында екі тараптың кездесуі болды. Қазіргі уақытта қалыптасып отырған су шаруашылығы және климаттық жағдайға байланысты инспекция қажетті шараларды уақтылы қабылдау мақсатында, тиісті облыстық басқармаларға, аудандық әкімдіктерге және ауылдық округ әкімдіктеріне ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында ылғалсүйгіштігі төмен дақылдарды орналастыру, суды ұтымды пайдалану, каналдарда қайталама су пайдалануды жүзеге асыру, суарудың ылғал үнемдеуші технологияларын қолдану, су айналымы суаруларды қолдану жағдайында ауыспалы егісті сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді, – дейді Шу-Талас бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Талғат Ибраев. Су шаруашылығына жауапты мекеме басшысы орынбасарының сөзіне қарағанда, ірі қоймаларда су былтырғыдан көп екен. Енді судың «құлағында отырған» аудандардың шаруалары төменде отырған әріптестерін де ойлап, суды байлап қоюға жол бермесін дейік. Ондай жағдай баяғы «мамыражай» кеңес заманында да оқтын-оқтын орын алып тұратын. Сарысудың шаруашылықтарына Талас өзенінен келетін су жетпей жатқанда аудандық атқару комитетінің төрағасы, Қырықбай Асанов «атқа мініп», мәселені облыстық партия комитетінің алқалы жиындарына дейін шығарып, «айқай-шумен» шешіп жатушы еді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 760 мың гектар алқапқа орналастырылып, өткен жылмен салыстырғанда 9,2 мың гектарға ұлғайған. Егіс алқаптарын әртараптандыруға байланысты басым дақылдар жоспарға сәйкес орналастырылған. Мысалы, дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 394,3 мың гектарға егіліп, 610 мың тонна өнім алу күтілуде. Ал былтыр 403,4 мың гектардан 570 тонна өнім алынған. Майлы дақылдар 70 мың гектарға егіліп, 50,1 мың тоннаға жуық өнім алу жоспарланыпты. Көкөніс және бақша дақылдары 61 мың гектар болса, одан 1,6 миллион тоннаға жуық өнім алуға бекініп отыр диқандар. Мал азығы дақылдары 223 мың гектар, одан 873 мың тонна алу қажет. Мемлекеттен көрсетілген қолдаулардың нәтижесінде көктемгі дала жұмыстарына қажетті материалдармен толық қамтылып, егін егу толық аяқталған. Биылғы вегетациялық кезеңіне трансшекаралық Шу және Талас өзендерімен су беру кестесі бекітілген. Қазақстанға Шу өзені бойынша 220 миллион текшеметр, Талас өзенінен 500 миллион текшеметр тиесілі. 2022 жылдың суару маусымына су қоймаларында судың жинақталуы кестеге сәйкес жүргізіліп жатса керек. Вегетациялық кезеңге облыста орналасқан ірі тоғыз қоймада орташа 90,3 пайыз су жиналыпты. Облыс аумағында орналасқан 105 кіші су қоймаларында 94,2 миллион текшеметр, яғни 72,3 пайыз су жиналған. Облыста механикалық тазалауға жататын ұзындығы 478,6 шақырымды құрайтын 122 каналда 1393 шаруашылықпен бірігіп, асарлатып тазалау жұмыстары жүргізілген. Бүгінде шаруашылықтардың сұранысына сәйкес, егіс алқаптарына 64,9 мың текшеметр су күнделікті беріліп жатса керек. Алайда 68,5 текшеметр су қажет. Облыстың суармалы жерлерінің көлемі 179,2 мың гектарды құрайды. Оның 55,2 мың гектары тиісті нормативтерге сәйкес сумен қамтамасыз етілсе, 47 мың гектар алқап 30-40 пайыз деңгейде қамтылған. Қалған 77 мың гектар тәлімді алқап. Осыған байланысты, облыс бойынша суармалы алқаптарды қалпына келтіру «Жол картасы» алты бағытта әзірленіпті. «Жол картасы» аясында негізгі жұмыстар 2019 жылы басталған. 2025 жылға дейін 124 мың гектар алқапты қалпына келтіру көзделуде. Бұл ретте Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі және «Қазсушар» кәсіпорнының бастамасымен іске асырылып жатқан суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстарына шаруалар риза көрінеді. Қолдағы мәліметке қарағанда «Еуропа қайта құру және даму банкі» мен «Халықаралық қайта құру және даму банкі» сынды іргелі халықаралық қаржы институттары арқылы қалпына келтірілген жұмыстардың нәтижесінде, ағымдағы жылғы вегетациялық кезеңнің сумен қамтылуы кедергісіз өтіп жатса керек. Атап айтқанда, «Жол картасының» бірінші және екінші бағыттары бойынша «Еуропа қайта құру және даму банкі арқылы» жалпы құны 25,8 миллиард теңгені құрайтын 264 каналға жөндеу жұмыстарын жүргізу арқылы 53,9 мың гектар суармалы алқапты қалпына келтіру көзделген. Бүгінгі күнге 9 миллиард теңге қаражат игеріліп, 15,1 мың гектар алқап қайта айналымға қосылған. «Халықаралық қайта құру және даму банкі» арқылы «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасының – 2 фазасы» бағдарламасы бойынша облыста 15,1 мың гектар суармалы алқап қалпына келтірілетін көрінеді. Бүгінгі күнге 4,9 миллиард теңге қаражат игеріліп, 10 мың гектар алқап қайта айналымға қосылған. Сондай-ақ 2020-2021 жылдары аралығында «Жол картасының» үшінші бағытында жоспарланған жұмыстарға жергілікті бюджеттен 1,1 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Осының нәтижесінде ұзындығы 374,8 километр болатын 81 каналға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 22,9 мың гектар алқап қалпына келтіріліпті. Ал «жол картасының» төртінші бағыты бойынша 2022-2024 жылдары аралығында жергілікті бюджеттен 6,4 миллиард теңге қарастырып, республикалық меншіктегі су жүйелерін коммуналдық меншікке ала отырып, 21 мың гектар алқап бекітілген 157 каналға қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу жоспарланыпты. Одан бөлек, бесінші бағыт бойынша «Жасыл Қазақстан» бағдарламасы аясында 2022-2024 жылдары облыс бойынша ұзындығы 1002,5 километрді құрайтын 34 мың гектар алқап бекітілген 136 су шаруашылығы нысанында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. «Aq jol» газеті су үнемдеу технологиясы енгізілгелі бері жаңашыл тәсілдің жетістігін жазып келеді. Әсіресе кейінгі жылдардағы қуаңшылыққа байланысты әр аудандағы жүзеге асып жатқан жұмысты үздіксіз жаздық. Облыстың бас басылымы назарда ұстаған өміршең тәжірибе аудан әкімдерінің, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары және шаруашылық жетекшілері тарапынан қолдау тапқандай. Облыста суды тиімді пайдалану мақсатында су үнемдеу технологиясы былтыр 40,5 мың гектарға ендірілсе, биыл 50 мың гектарға жеткен. Оның 32,7 мың гектары тамшылатып, 17,3 мың гектары жаңбырлатып суару технологиясы. Бір жылдық вегетациялық кезеңге қажетті ағын су көздерімен көлемі есептеліп, облыстың су балансы жасалғаны да көңіл қуантады. Мәселен, 179,2 мың гектар алқапты толық сумен қамту қажеттілігі 1,6 миллиард текшеметрді құрайды. Барлық су көздерін қоса алғанда жетіспейтін көлем 327 миллион текшеметр. Осыған байланысты өңірде жыл сайын туындайтын су тапшылығы мәселесін шешу мақсатында жаңа алты су қоймасының құрылысын жүргізу жоспарланған. Бұл ретте жергілікті бюджет қаражаты есебінен «Андас – 1,2,3» су қоймаларының құжаттары әзірленіп, құрылыс жұмыстарына 1,8 миллиард теңге қарастырылыпты. Ал Қордай ауданындағы «Ырғайты», «Қалғұтты» және Талас ауданындағы «Ақмола» жаңа су қоймаларының құрылысына арналған техникалық-экономикалық негіздемелер әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 276 миллион теңге қаражат бөлініпті. Аталған үш су қоймасы салынып, пайдалануға берілсе 34,5 мың гектар суармалы алқап сумен қамтамасыз етіліп, алынатын өнім көлемі жыл сайын 13,8 миллиард теңгеге артады. Бұл шаруалар үшін қуанышты жаңалық. Сең қозғалды, енді тиісті мекемелер арқаны кеңге салмай, бүгінде ауыл шаруашылығы саласында аса өзекті мәселеге айналған су қоймаларының құрылысын сапалы әрі тиісті мерзімінде пайдалануға беру үшін тынымсыз тірлік етулеріне тура келеді. Жаңа Қазақстан жағдайында бюджеттің әр тиынына дейін қатаң бақылауда болатыны құрылыс жұмысына жауапты мекеме басшыларының естерінен шықпағаны абзал. «Жол картасының» алтыншы бағыты аясында қосымша су көздері арқылы қамту көзделіпті. Бұл ретте ғылыми-зерттеу институттарымен жерасты суының жағдайы зерделенген. Облысымызда жалпы жерасты суының көлемі 1,7 миллиард текше метрді құраса, оның ішінде тәулігіне қайта қалпына келетін 4,4 миллион текшеметрді құрайтын су қоры бар. Бұл ретте 120 күн вегетациялық кезеңде 535 миллион су көлемін пайдалануға болады екен. Осыған байланысты, су тапшылығы бар аудандарда жерасты суының деңгейін толығымен пайдалану мақсатында 2022-2024 жылдары 646 ұңғыма қазу қолға алынып отыр. Бүгінде облыста жаңа 71 ұңғыма қазылып, 3,1 мың гектар алқап сумен қамтылуда. Облыстың он ауданындағы егін шаруашылығымен айналысатын мыңдаған жеке шаруашылық құрылымдарын аралап, жеке-жеке танысып, жағдайын біліп қайту мүмкін емес. Тиісті мекемелерден алған мәліметті басшылыққа алдық. Дегенмен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшыларымен, шаруашылық құрылымдарының жетекшілерімен жиі хабарласып, жағдайды біліп отырамыз. Шу ауданында суды өздерінің аумағындағы Тасөткел су қоймасынан алатындықтан биыл судан мәселе жоқ көрінеді. Ал Талас өзенінің суын пайдаланатын төмендегі сарысулық шаруалар наурыз айының аяғының соңынан кейін бір тамшы су көрмедік дейді. Берідегі таластықтар да суға зәру. «Кісідегінің кілті аспанда» деп бұрыннан айтып келеміз, тағы да еске саламыз, мүмкіндігінше су қоймаларының құрылысын тезірек бітіріп, жерасты суын пайдалануды, су үнемдеу технологиясын көптеп енгізуді қарқынды түрде қолға алу қажеттігі бүгінде айқын сезілуде.

Амангелді ӘБІЛ

Ұқсас жаңалықтар