«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Зияткерлік мектепте зиялылар бас қосты

Зияткерлік мектепте зиялылар бас қосты
ашық дереккөз
Назарбаев зияткерлік мектебінде Балалар күні мерекесі мен облыстық «Aq jol» газетінің 100 жылдық мерейтойына арналған іс-шара ұйымдастырылды. Оған облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт, осы басылымның аға тілшілері Амангелді Әбіл мен Марат Құлибайұлы қатысты.

Мектеп директоры Қаракөз Абдрахманова зияткерлік мектептің ішкі тыныс-тіршілігімен таныстырып өтті. Мектеп кітапханасында 23 мың кітап қоры бар екен. Биыл мектеп қорына оқушылар тарапынан түскен 300 кітап Жамбыл ауданындағы Жамбыл мектебіне сыйға тапсырылыпты. Оқушылар компьютер және ноутбук, басқа да оқу-құралдарымен толық қамтылған. Халықаралық олимпиадаларда оқушылардың жеткен жетістігі мақтауға тұрарлық.

Мектеп түлектерінің басым бөлігі Қазақстанмен қатар шетелдік жоғарғы оқу орнына грантқа түсуде. Сонымен қатар мектепте «Даналық бейсенбі» жобасы іске асырылған. Журналист-жазушылармен кездесу білім ордасының акт залында өтіп, оған мектеп мұғалімдері мен оқушылары қатысты. Кездесуде «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт облыстық басылымның 100 жылдық тарихына тоқталып, осы мерейтой аясында атқарылып жатқан жұмыстар барысын әңгімелей келіп, ұжымның бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы айтып өтті. Бұдан кейін журналист Амангелді Әбіл ата басылымдағы жиырма жылға жуық еңбек жолында кездескен қызықты оқиғаларымен, аға журналистер туралы естеліктерімен, газет көтерген өзекті мәселелермен бөлісті. Ал қаламгер Марат Құлибайұлы жазушылыққа келу жолын әңгімелей келіп, ата басылыммен байланысының қалай басталғанын айтып берді. Сөйтіп, сөзінің соңында өзінің биыл «Нұрлы әлем» баспасынан жарық көрген «Апамның аялы алақаны» атты кітабын мектеп кітапханасына сыйға тартты.

Мектептің 7 және 10-сынып оқушылары Ынтықбай Дінмұхаммед, Аяулым Саламатқызы мен Назерке Мейрхан ата басылымға арнаған өз өлеңдері мен арнауларын мәнерлеп оқыды. Кешті мектеп директоры Қаракөз Абдрахманова қорытындылап «Aq jol» газетін 100 жылдық мерейтойымен құттықтап, білім ордасы ұжымының алғысын жеткізді.

Гүлнұр ДІЛДАБЕКОВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті.

Ұқсас жаңалықтар