Сұхбат
Заң талаптарын бұзушылық көбіне Тараз қаласында орын алуда
- author «Ақ жол»
- 2 маусым, 2022
- 499
Заң талаптарын бұзушылық көбіне Тараз қаласында орын алуда
Қалада да, ауылда да құрылыс, сәулет мәселесі қатаң бақылауда болуы тиіс. Қай жерде болмасын түрлі ғимараттардың сәулеті көз тартып тұрса қала мен ауылдың ажары атқан таңдай құлпырып тұруына әркім де үлесін қосады. Бұл жерде облыс әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жүктелер жауапкершілік те жоғары. Осы мәселе төңірегінде басқарма басшысы Айтқазы Қарабалаевпен сұхбаттасқан едік. – Айтқазы Дәулетқұлұлы Талас, Жуалы аудандарының және Тараз қаласының әкімі болдыңыз, яғни құрылыс, сәулет мәселесін сіз жақсы түсінесіз. Дегенмен өмір болған жерде өтініш, шағым түсіп жататыны заңдылық. Әңгімені осыдан бастасақ?
– Сұрағыңызға жауап бермес бұрын, облыстың бас басылымы – «Aq jol» газетінің 100 жылдығымен құттықтасам деймін! Өңір шежіресін бір ғасыр бойы үздіксіз жазып, қилы кезеңді басынан өткізіп, тәуелсіздігімізді баянды ету жолында алдыңғы толқын салып кеткен ақжолдан айнымай келе жатқан сіздер, журналистерге шығармашылық табыс тілеймін! Ал енді сұрағыңызға келер болсам, екі ауданды басқарған жылдары бұл мәселемен алғаш рет бетпе-бет келгенмін. Кезінде келбеті мен көркіне, архитектуралық ерекшеліктеріне кісі қызығып, көгерішіне көз тұнатын Қаратау қаласы тәуелсіздіктің елең-алаңында біршама қирап кетті. Қаланы қалпына келтіру жолында мүмкіндігімізше еңбек еттік. Сол кезде қаланың сәулетіне баса көңіл бөлдік. Ауылдарда да бұл жұмыс күн тәртібінде өткір тұрды. Жуалыда да сәулет-құрылыс мәселесі алдымыздан шықты. Атағы жер жарған батыр Баукең, Бауыржан Момышұлы мен шындықтың жебесі – Шерағаң, Шерхан Мұртазаның туған мекеніне үздіксіз келіп-кетіп жататын қонақтарға даңқты батыр атындағы көркейген ауылды көрсету үшін күндіз-түні тынымсыз еңбек етуімізге тура келді. Облыс орталығын басқарғанда тарихи Таразды заң талаптарын сақтай отырып, сәулетіне де барынша көңіл бөлдік.
Рас, бұл басқармаға басшылыққа келгенде жұмысты неден бастаймын, қалай атқарамын деп ойлана қойған жоқпын. Енді негізгі сұрағыңызға келер болсам, өткен жылы басқарма тарапынан 2741 хат және 210 жеке және заңды тұлғалардың өтініштері қаралды. Әр хаттың артында адам бар, сондықтан бұл мәселеге сергек қарадық. Ал биыл 1029 хат және 147 жеке және заңды тұлғалардың өтініштері қаралып, құрылыс-монтаж жұмыстарының басталуы туралы 712 хабарлама қабылданды. Оның 301-і мемлекеттік, 411-і жекеменшік нысандар. Биыл құрылыс-монтаж жұмыстарының басталуы туралы 149 хабарлама қабылданса, оның 75-і мемлекеттік, 74-і жекеменшік нысандар. Облыс аумағында 2021 жылы құрылыс нысандарының сапасына 49 жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілді.
– Енді осы тексеру қорытындысы туралы айта отырсаңыз?
– Тексеру қорытындыларына сәйкес, 174 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралып, 31 837 588 теңге әкімшілік айыппұл салынды. Анықталған кемшіліктерді жою бойынша 12 нұсқама берілді. 2020 жылы 20 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. 29 әкімшілік іс қозғалып, 7 169 078 айыппұл салынды. Анықталған кемшіліктерді жою бойынша 6 нұсқама берілді. 2021 жылы 128 тапсырыс беруші, 13-мердігер мекеме, 21-техникалық, 10-авторлық қадағалаушылар және екі жобалаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Биыл 17 тапсырыс беруші, алты мердігер мекеме және үш жобалаушы мекеме, екі техникалық қадағалаушы және бір сараптама ұйымы әкімшілік жауапкершілікке тартылса, өткен жылы 13 техникалық қадағалаушының аттестаттары 6 айға тоқтатылды. Сегіз жауапкершілігі шектеулі серіктестікке техникалық қадағалауды өз деңгейінде орындамағаны үшін қомақты көлемде айыппұл салынды.
– Мониторинг нәтижесінен кейін шара қолданылған техникалық қадағалаушылар туралы не айтасыз?
– Қордай ауданы Күнбатыс ауылы орта мектеп құрылысындағы техникалық қадағалаушы Көпжасар Молдабеков қызметіндегі кемшілігі үшін жұмысынан босатылса, құрылыс жұмыстарын өз деңгейінде орындамаған бас мердігерлер – 10 заңды тұлғаға 13 әкімшілік бұзушылық туралы іс қозғалды. «Бином» ЖШС – Тараз қаласы Сүлейменов көшесі аяғындағы 5 қабатты тұрғын үйдің құрылысына №17 жер телімі №2 белгі нысаны бойынша 656 325 теңге екі айыппұл салынды. «Файзи Строй» ЖШС – Тараз қаласы «Талас» мөлтек ауданы №18 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу нысаны бойынша 72 925 теңге, «АрсикоСтройИнвест» ЖШС – «Аухатты-Байтерек» 0-7,4 километр аралығында ауданаралық көлік жолы құрылысы нысаны бойынша 175 020 теңге, «Интеллект-Азия» ЖШС – Жуалы ауданы Дүйсебайұлы ауылындағы су құбырлары нысаны бойынша салынған айыппұл көлемі – 291 700 теңге. «КА-СТРОЙ ЛТД» ЖШС – ҚР БҒМ ҒК БҚПҒЗИ ШЖҚ РМК аумағында тиісті өндірістік практика (GMP) талаптары мен стандарттарына сәйкес келетін иммунобиологиялық препараттарды шығаратын биофармацевтикалық зауыт салу нысаны бойынша жалпы көлемі 656 325, «Ник-Тараз» ЖШС – Талас ауданы, Үшарал ауылында ауысымына 45 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория құрылысы нысаны бойынша 291 700, «Бином» ЖШС – Тараз қаласы Қ. Әкім көшесі №2 «а» мекенжайдағы көппәтерлі тұрғын үй құрылысы нысаны бойынша – 36 452, «КазМонтаж Альянс» ЖШС – Құлан ауылындағы Ю.Гагарин орта мектебіне спорт зал құрылысы нысаны бойынша 291 700 теңге айыппұл салынды. «Жоғарғы Санат Құрылыс» ЖШС – Құлан агротехникалық жоғары колледжінің асхана ғимаратын күрделі жөндеу нысаны бойынша 350 040, «ХМСУ Шымкентмелиорация» ЖШС – Т.Рысқұлов ауданының Луговой ауылында спорт кешені құрылысы нысаны бойынша – 583 400, «Бірлік Сервис Компани» ЖШС – Тараз инновациялық колледж ғимараттарын күрделі жөндеу нысаны бойынша – 583 400 теңге айыппұл салынды.
– Заңсыз құрылыс жұмыстарын салу да кездесіп жатады. Ондай жұмысты тоқтатуда қолға алынып жатқан шараларды айта отырсаңыз, қанша іс қозғалды?
– Сұрақты орынды қойып отырсыз, расында да заң талаптарын сақтамай құрылыс салатындар бар. Мәселен, былтыр осындай төрт, биыл тоғыз іс қозғалды. Оның жетеуі сотта толық қаралып, тиісті мөлшерде айыппұл салынды. Қалған екеуі қаралуда. Атап айтқанда, Ордабек Каримказовтің Тараз қаласы, Сыпатай батыр көшесі №2 «б» мекенжайда қойма құрылысы, Алмас Умирбековтің Әйтеке би көшесі №5 /11 мекенжайдағы тұрғын үйдің аула жағындағы жапсарлас құрылысы, Отабек Курбановтың Жауғаш батыр көшесі №1 «е» мекенжайдағы техникалық қызмет көрсету орталығының құрылысы, Етекбай Дусембаевтың 1-бұрылыс Н.Крупская көшесі, №18/2 мекенжайдағы «Үшбұлақ» каналындағы көпір құрылысы бойынша айыппұл салынып, сотқа жолданды.
Дулат Ыбышевтің (тапсырыс беруші – Шу ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі) – Шу ауданы, Төле би ауылы, Асатұлы көшесі №1 «в» мекенжайдағы спорт алаңшасының құрылысы, Асқар Бальмухамедовтің Жамбыл даңғылы, №186 мекенжайдағы көппәтерлі тұрғын үйдің екінші қабаттағы №12 пәтердегі бірінші қабаттағы жерге дейінгі аралықтағы жапсарлас қосалқы жай, В. Усмановтың Төле би даңғылы №87 «В» мекенжайдағы жер телімі жанындағы көлік жуу нысаны құрылысына да айыппұл салынды. М.Қонырбекованың Тараз қаласы, «Жансая» мөлтек ауданы №11 үйдің №2 пәтеріне жапсарлас құрылысы бойынша да сотқа материал жолданып, айыппұл салынды. О.Алибаеваның Саңырақ батыр көшесі №57 мекенжайдағы үй жайларға қызмет көрсету үшін көлемі 0,4869 гектар жер учаскесіне жапсарлас 0,0270 гектар жер учаскесін өз бетінше заңсыз иелену фактісі бойынша әкімшілік іс сотта қаралуда. Бүгінгі күні Тараз қаласы және аудандарда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандарға тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде.
– Облыс орталығының өзінде осыншама құрылыс салуда заң бұзушылық орын алса, аудандардағы жағдайда да мәз емес шығар? Өзіңіз басқарып отырған басқарма тарапынан облыс бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысын тарқата айтып берсеңіз?
– Иә, бізге аса ауқымды жұмыс атқаруымызға тура келеді. Былтырдан бастап бүгінгі күнге дейін облыс бойынша 112 нысанға мониторинг жүргізілді. Оның 74-і биыл жүзеге асты. Мониторинг аясында анықталған кемшіліктер бойынша облыс әкімінің орынбасарына қызметтік хат енгізіліп, оларды жою бойынша тапсырыс берушіге және мердігерлерге ескертілді.Егерде анықталған кемшіліктер жойылмаса тапсырыс берушіден басқармаға шара көру үшін жолданған жағдайда, басқарма тарапынан тексеру жұмыстары жүргізіледі. Егер кінәлі тұлғалар анықталса, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, нұсқама берілетін болады. Заңсыз, негізгі құжаттарсыз және сапасыз құрылыстардың алдын алу, болдырмау бойынша іс-шаралар жоспарының орындалуы барысында мемлекеттік мекемелерден барлығы 79 хат келіп түсті. Осы хаттар негізінде тиісті жұмыстар атқарылуда. «Сақалды құрылыс» нысандары бағытында бүгінде Тараз қаласы және аудандарда барлығы тоқтап тұрған 51 құрылыс нысаны анықталса, оның 35-і Тараз қаласында, 16-сы аудандарда. Облыс орталығындағы «сақалды құрылыс» нысандары бойынша меншік иелерімен тиісті жұмыстар жүргізілді.
Тараз қаласы бойынша Рысбек батыр көшесі №5 үйдегі – меншік иесі Д.Қосалиева, «Салтанат» шағын ауданындағы №3 үйдегі – «Ширинкомшарг» ЖШС, Қойгелді көшесі №252 үйдегі – Х.Назармухамедов, «Қарасу» шағын ауданындағы №17 «б» үйдегі, Ұ.А.Әбдімәулен, «Самал» шағын ауданындағы №18 «б» үйдегі, М.Т.Алашбай, Байзақ батыр көшесі, 272 үйдегі, «АрайАгроӨнімдері» ЖШС-ның құрылысы 100 пайыз аяқталып, 9 нысанның құрылысы жүргізілуде, қалған 22 нысан бойынша меншік иелеріне шара көру мақсатында Тараз қаласы әкімдігінің тарапынан талап-арыз сотқа жолданып, қаралуда. Сот шешімін тәптіштеп айтудың қажеті шамалы шығар. Бір нысан бойынша мәжбүрлі түрде меншік иесі есебінен бұзу туралы сот шешімінің шыққанын, екі нысанның меншік иелері қайтыс болуына байланысты мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізіліп жатқанын және төрт нысан бойынша меншік иелері бітімгершілік келісіміне келгенін ғана атап көрсетейін.
Аудандар бойынша Меркі, Сарысу және Талас аудандарында бір-бірден үш нысанның құрылысы 100 пайыз аяқталып, Жуалы, Сарысу, Талас және Қордай аудандарында төрт нысанның құрылысы жүргізілуде. Шу ауданында бір «сақалды құрылысты» бұзу туралы аудан әкімдігінің талап арызы сотта қанағаттандырусыз қалдырылды. Меркі ауданында үш қабатты бір «сақалды құрылыс» нысанының үшінші қабатын бұздыру туралы сот шешімі шықты. Байзақ ауданы бойынша бір нысан иесіз мүлік ретінде тіркелген. Сарысу ауданында бір нысанның жер учаскесі 2017 жылдан бері толық игерілмеуіне орай, былтыр 13 тамызда ауданның сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан облыс әкімдігінің жер қатынастар басқармасына шара қолдану үшін материал жолданды. Жамбыл ауданында «сақалды құрылыс» нысанының сыртын қоршау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Т.Рысқұлов, Қордай, Шу ауданы әкімдіктерінің бұл бағыттағы жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмеуде. Басқарма тарапынан 13 нысанға тексеру жұмыстары жүргізіліп, 12 әкімшілік іс қозғалды. Оның ішінде Тараз қаласы – 4, Шу – 3, Меркі аудандарында 5 әкімшілік іс бар.
Облыс аумағындағы құрылысы созылып кеткен және пайдаланылмай жатқан құрылыс объектілері бойынша иелеріне шара қолдану мәселелері бойынша басқарма тарапынан жүйелі түрде жұмыстар жүргізілуде.
Бұған қоса, ҚР Бас әскери прокуратураның тапсырмасы бойынша басқарма мамандарымен комиссия құрамында (Бас әскери прокуратураның, Оңтүстік аймағының және Гвардейск гарнизонының әскери прокуратурасының, ҚР ҰҰ 5513 әскери бөлімі және Жамбыл облысы бойынша ҚР ҰҚК ШҚД мамандарымен бірге) 2021 жылдың 1-20 сәуір аралығында 22 әскери нысанның жөндеу жұмыстарының сапасына зерделеу жүргізілді. Нәтижесінде күрделі жөндеу жұмыстарының орнына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгені анықталды. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 32-бабы 1-бөліміне сәйкес, әскери қызметшiлер мен әскери жиында жүрген әскери мiндеттiлер, қызметтік міндеттерін атқару кезінде жасаған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтары үшiн Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскерлерді пәтерлерге орналастыру Бас басқармасына тәртіптік жаза қолдану үшін құжаттар жолданады. Нәтижесінде Жамбыл аудандық пайдалану бөлімінің бастығы, подполковник Б.Омарбековке «ескерту» және Гвардейск аудандық пайдалану бөлімінің бастығы майор Д.Байсеитовқа «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.
Әрине, бір сұхбатта басқарма тарапынан атқарылып жатқан жұмысты түгелімен қамтып шығу мүмкін емес. Сондықтан да осы жерден тізгін тартсақ деймін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Амангелді ӘБІЛ.
Ұқсас жаңалықтар
«Менде жеке тұлғаларға табынушылық жоқ»
- 19 желтоқсан, 2024
«Тарихи мәні, тағдырлы мағынасы терең мереке»
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді