Толағай табыстарға тірлігі сай, Жамбылдың жері де бай, елі де бай!
- author «Ақ жол»
- 18 қазан, 2014
- 182
Тәуелсіздік сыйлаған бақытты баянды ету халықтың өз қолында. Ол үшін аянбай еңбек етіп, ел игілігін еселеуге үлес қосу керек. Көш жүре түзеліп, нарықтық экономиканың қалыптасуы кезеңіндегі қиындықтар артта қалып, Қазақстан қарышты қадаммен алға басып келеді. Сол алға басқандар легінде жамбылдық еңбеккерлер де бар. Оны ауданның бүгінгі әлеуметтік-экономикалық дамуынан көруге болады. Жалпы алғанда, аудан бойынша биылғы жылы өндірілген өнім көлемі 16 миллиард 933 миллион теңгені құрап отыр. Ал, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 9 миллиард 52 миллион теңге. Жалпы көлемі 3 миллиард 529 миллион теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілген.Орташа айлық жалақы көлемі 79 мың теңгеге жетіп, күнкөрістің ең төменгі деңгейі жан басына шаққанда 16 мың теңгеден асқан.
Осы орайда аудан көрсеткіштерінің өсіп, эконо-микасының дамуына үлес қосып келе жатқан ірі кәсіпорынның бірі – «Амангелді ГӨЗ» ЖШС-ның Тараз филиалы. 2010 жылы пайдалануға берілген зауыттың өндірістік қуаты жылына 100 мың тоннадан астам мұнай өңдеуге жетеді. Құрылысы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүзеге асқан зауыт бүгінгі таңда мұнай өнімінің 6 түрін шығарып отыр. Оның ішінде ұшақтарға арналған жоғары сапалы бірінші сұрыпты керосин өндірісі өркендеп тұр. Бүгінгі таңда «Амангелді ГӨЗ» ЖШС облысымыздағы ең ірі мұнай өнімдері мен сұйытылған газ өндірушісі.
Зауыт аудан бойынша өнеркәсіп саласындағы ірі кәсіпорындар санатында. Өткен жылдың қорытындысы бойынша зауыт бюджетке барлығы 320 миллион теңгеге жуық қаржы құйып, 16 миллиард 324 миллион теңгенің өнімін өндірді. Ауданда, сонымен қатар, 2011 жылы ҮИИД бағдар-ламасы бойынша 2 жоба іске асырылған болатын. Алғашқысы – «Super Pharm» ЖШС-ның Айша бибі ауылындағы матадан жасалмайтын медициналық бұйымдар шығаратын зауыты. 520 миллион теңгеге бағаланған жобаның 465 миллион теңгесі «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының кепілдендіру және банк несиелерін субсидиялау жолымен салынған. Зауыттың қуаты жылына 15 миллион дана бұйымдар шығаруға жетеді. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындарға 100 жаңа жұмыс орны ашылған. Келесі іске асырылған жоба – Бектөбе ауылындағы темір-бетон бұйымдарын шығаратын зауыт құрылысы. Жобаны іске асырушы «БиномСтройДеталь» ЖШС өз есебінен 150 миллион теңгеге қаражат салған. Қуаттылығы жылына 10 мың текше метр өнім өндіруге жететін зауыт 80 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Өнеркәсіп саласында ауданда 6 миллиард 910 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Жыл соңына дейін өнеркәсіп өнімі көлемі 16 миллиард 680 миллион теңгені құрайды деп күтілуде. Аудан экономикасының негізгі резервін ҮИИД шеңберіндегі жобалар құрайды. Қазір осы бағдарлама аясында 2 жоба іске асырылуда. Олар – «БиномСтройДеталь» ЖШС-ның Бектөбе ауылындағы үй құрылыс комбинаты мен «Оңтүстік Халал тағамдары» ЖШС-ның осындағы ет комбинаты. Үй құрылысы комбинаты жобасының жалпы құны – 500 миллион теңге. Комбинаттың қуаттылығы жылына
19,5 мың текше метр құрылыс бұйымдарын шығаруға жетеді. Комбинат тамыз айынан бастап толығымен жұмыс істеп тұр. «Оңтүстік Халал тағамдары» ЖШС ет комбинаты құрылысына 2 миллиард 560 миллион теңге өз қаражатын салып отыр. Жылына 1,7 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы комбинат іске қосылған кезде 150 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұдан бөлек, аудан басшылығы тарапынан келешегі бар 2 жоба қолға алынуда. Олар – Көлқайнар ауылдық округі аумағындағы «Аса DAMU» ЖШС-ның құс фабрикасы және «Бурыл-Бірлесу» ЖШС-ның Бектөбедегі гипс зауыты. Аудан орталығы – Аса ауылы күн санап көркейіп келеді. Биылдың өзінде 18 көше орта жөндеуден өткізіліп, орталық көше көгалдандырылған. Ауған соғысы ардагерлерінің саябағы, бірқатар жаяу жүргіншілер жолдары ағымдағы жөндеуден өтті. Сонымен қатар, мектеп оқушылары арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында жасанды шатқал құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ауданда балаларға бөлініп отырған көңіл де ерекше. Соңғы жылдары балаларға арналған бірқатар шағын футбол алаңдары бой көтерді. Солардың екеуі Ақбастау ауылдық округі аумағындағы Октябрь-Жеміс және Бірлесу-Еңбек ауылдарында.
«Кнауф-гипсТараз» ЖШС демеушілігімен салынған бұл алаңқайлар балаларды қуанышқа бөлеуде. Оған қоса, компания өкілдері Октябрь-Жеміс орта мектебі жанындағы шағын орталық балаларына ойын алаңқайын тұрғызуда. Сондай-ақ, осы гипс зауытының демеушілігімен Бірлесу-Еңбек ауылында дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. «Казфосфат» ЖШС да ақбастаулықтарға көмегін көрсетуде. Олар Бірлесу-Еңбек орта мектебінің асханасын орта жөндеуден өткізіп, Октябрь-Жеміс орта мектебінің сыртын қоршап, мектеп жанындағы шағын орталыққа газ құбырын тегін тартқызды. Жалпы, 2014 жылы білім саласының бюджеті 4 миллиард 334 миллион теңгені құрап, оның ішінде материалдық-техникалық жабдықтауға 127 миллион теңге қаралды. Осы орайда кәсіпкерлер бастамасымен де бірқатар шаруалар атқарылып жатқаны қуантады. Атап айтсақ, ағымдағы жылы Жалпақтөбе ауылынан жеке кәсіпкер М.Ибрагимова мемлекеттік және жеке серіктестік ретінде 20 балаға арналған «Сұлтан» балабақшасын ашты. Аудандық бюджеттен осы балабақшада мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша әр бүлдіршінді ай сайын 18 500 теңге көлемінде қаржыландыру қарастырылған.
Кеңес дәуірінде салынған мектептердің біразы тозып, апаттық жағдайға жеткен. Солардың бірі – Көлқайнар ауылдық округіне қарасты Еңбек ауылының мектебі. Бүгінде бұл мәселе шешімін тауып, 120 оқушыға арналған жаңа мектеп құрылысы жүргізілуде. Соңғы жылдары ауданда апатты жағдайдағы мектептердің орнына жаңа мектептер салу қарқынды жүргізілуде. Мысалы, 2012 жылы Аса ауылында Ю.Гагарин атындағы 600 орындық, 2013 жылы Жасөркен ауылында М.Әуезов атындағы 300 орындық және Қаратау бөлімшесінде Т. Рысқұлов атындағы 120 орындық мектептер салынған. Биыл жаңа оқу жылына Жаңаөткел ауылында Матросов атындағы 50 орындық мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. Ауыл шаруашылығын жіті меңгерген жамбылдықтар өндіріске заманауи технологияны ендіруде алда келеді. Мәселен, Нуритдин Бегмановтың басшылығымен тасы өрге домалап тұрған «Қызыл-Дихан» өндірістік кооперативі 40 гектар аумаққа егілген пияз алқабында тамшылатып суару технологиясын іске қосып, мемлекет тарапынан субсидияға ие болып отыр. Ауданда барлығы 2503 агроқұрылым жұмыс жүргізуде. Ал, олардағы егіске жарамды жер көлемі – 57 347 гектар. Жамбылдықтар келешекте су үнемдеу технологиясымен егілетін егіс алқабын 500 гектарға жеткізгелі отыр.
Ауданда кәсіпкерлік кең қанат жайып келеді. «Аса DAMU» ЖШС қолға алып отырған жоба осыған дәлел. 400 мың бас құсқа арналған фабрика жылына 90 миллион дана жұмыртқа және 280 тонна құс етін өндіруге арналған. Отыз түрлі жұмыртқа және тауық еті өнімдерін шығарады. Жобаға шамамен 1 миллиард 810 миллион теңге инвестиция тартылады деп күтілуде. Жамбылдық құс өсірушілер қаздан өнім алуға да ден қойып келеді. Ергеш Нұралиев бұл істі былтыр қолға алған. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 17 миллион теңге несие алып, оның 50 пайызын мемлекет субсидиялап отыр. Қаз фермасы құрылысын жүргізіп жатқан кәсіпкер жоба аяқталған соң 16 мың бас қаз асырап, өнім алмақшы. Аудан өзінің бал татыған алмасымен де танымал. Әсіресе, Ақбұлым ауылының тұрғындары алма өсіру ісіне шебер. Солардың бірі – «Қабанбай» шаруа қожалығының басшысы Бекболат Қойтанов. Өз ауласының 2 гектар жеріне алма еккен шаруа гектарына 30 тоннадан өнім алуды межелеуде. Шұжық өндірісі – дүдамалы ілесе жүретін
машақатты шаруа. Әрине, көзімен көріп, қолымен ұстамаған соң тұтынушылардың өнім сапасына күмәндануға құқығы бар. Дегенмен, асын адал еңбегімен тауып отырған «Достар» шұжық шығару цехының басшысы Саид Берсанукаев ісін абыроймен атқарып жүрген азамат. Бес жыл бойы шұжық шығарып келе жатқан бұл цех тек «халал» тізбесіндегі өнім өндірумен айналысады. Келесі жылдан бастап тұшпара өндірісін жолға қойып, кішігірім ет комбинатын ашуды жоспарлап отырған кәсіпкер аудан мен облыс тұрғындарынан мал етін қабылдап, қосымша жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін ойы бар. Жас ұрпақ алдыңғы буын ағалар ісін жалғастырып, ізін басып келеді. Аудан жастары айрықша белсенділіктерімен ерекшеленеді. Оған дәлел – олар спорттық, мәдени іс-шаралардан қалыс қалмай, мейлінше алдыңғы қатарлардан көрінуге тырысып жүреді. Ауыл тазалығы мен абаттандырылуы, аудандағы түрлі ұлт өкілдерінің татулығы, басқа да өзекті мәселелер жастар назарында. Аталған шаралардың іске асуында аудандық «Жастар орталығы» мен «Жас Отан» жастар қанаты филиалының үлесі зор.
Ауданда ел ертеңіне сенімді. Тұрғындары – еңбекқор, басшылары – білікті, жастары – белсенді. Осы қасиеттер арқасында ұшан-теңіз игілікті істер жүзеге асырылып жатыр, жүзеге асырыла береді де.
Рүстем Дәулет, Жамбыл ауданының әкімі.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- Бүгін, 14:19
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді