«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Халқының кен атасы - Кенен ақын»

«Халқының кен атасы - Кенен ақын»
ашық дереккөз
«Халқының кен атасы - Кенен ақын»
Қордай ауданы, Кенен ауылында Кенен Әзірбаев музейі ұжымының ұйытқы болуымен «Халқының кен атасы – Кенен ақын» атты кездесу кеші өтті. Айтулы іс-шараға Кенентанушы Айгүл Жақсылыққызы, «Кенен» күйін шығарған, Еуропа қақпасы неміс еліне барып, бас жүлдені алып, халықтың алғысына бөленген күйші-композитор Ғаламат Бейсеқожа қатысты. Жиында сөз алған филология ғылымдарының кандидаты Айгүл Жақсылыққызы Кенен ақынның әдеби шығармашылығына тоқталып, кәусар бұлақ ақынның еңбектеріне ғылыми түрде бағасын берді. Кенен ақын туралы «Кенен Әзірбаевтың әдеби шығармашылығы» атты ғылыми еңбек және осы еңбекті таңдаудағы, жетекшісі Сейіт Қасқабасовқа сырттай жылы лебізін білдірді. Осы кештің келесі бір қонағы – 150-ге жуық күй шығарған талантты күйші Ғаламат Бейсеқожа «Кенен ақын» және «Ұлы дала әуені» атты күйлерін орындап беріп, жиналған көпшілікті риза етті. Жиын барысында жиналған жұрт сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алып отырды. Кеш соңында Кенен ауылында орналасқан «Балалар және жасөспірімдер шығармашылығы» орталығынан келген жас домбырашылар өнер көрсетті. Келесі кезекте кеш қонақтары Кенен ауылының мәдениет үйіне ат басын бұрды. Мәдениет үйінің басшысы Жазира Орынқұлқызы Кененова жол бастап, мәдениет үйінде орналасқан музей мен кітапхананы, дыбыс жазу студиясын, т.б. жерлерін көрсетті. Ауыл тұрғындарынан жиналған жәдігерлер баршылық екен, ескінің көзі мен мұндалап көз тартады. Не жоқ дейсің, ат әбзелдері, тұрмысқа керекті заттар дейсің бе ауыл шеберлерінің қолынан шыққан дүниелердің барлығы дерлік бар. Осы тұрғыда музейдің ізденімпаз әдіскері Ғалия Сұлтанованың жан-жақты еңбектерін айрықша атап өту ләзім. Бірінші қабаттағы кітапханада том-том болып жинақталған қазақ классиктерінің еңбектері мен-мұндалап көз тартады. Әсіресе осы жергілікті жерден шыққан талантты жазушы Несіпбек Дәутаевтың «Аты жоқ әңгіме», «Айғыркісі» «Көгілдір көйлекті келіншек» және т.б. еңбектері бір бұрышқа шоғырланған. Саяхат соңы Кенен ауылындағы Қашағанов атындағы орта мектепті аралаумен жалғасты. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, сырт көз сыншы дегендей осы іс-шараны ұйымдастырған Кенен Әзірбаев музейінің қазіргі директоры Алмабек Амангелдіұлы Жаманкөзовке ризашылығымды білдіремін. Осындай үлгі тұтарлық, руханияты мол ауылдардың қатары көбірек болып, ел іргесі аман болсын.

Жандарбек ҚАРАБАСОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

өлкетанушы.

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар