295 бас қазақтың таза қанды ақбас сиыры әкелінді
Шәкіров ауылындағы «Ақай» шаруа қожалығының мал шаруашылығымен айналысқанына бірнеше жыл болды. Қарамағында мыңға тарта асыл тұқымды қойы бар. Оны төңіректегі шаруа қожалықтарына пұлдап, түскен қаржыға ішкі қажеттіліктерін айырып келеді. Қожалық төрағасы Жанат Ақаев «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингтік несиеге ет бағытындағы қазақтың ақбас сиырын алуға ниет білдіріп, 106 миллион теңгеге құжаттарын тапсырады. Жуырда банк оң қорытындысын берісімен, ол Қостанай облысы Денисов ауданы Крымский ауылындағы күні бұрыннан келісіп жүрген «Арай» ЖШС-нан мал сатып алуға аттанып кеткен еді. Апта ішінде 295 бас қазақтың ақбас сиыры Талас ауданына аман-сау жеткізілді.
– Күз айын әдейі таңдадым. Малды жерсіндіруге қолайлы мерзім, – деген еді ол бізбен әңгімесінде. – Әкелу оңайға түскен жоқ, - дейді ауылдық округтің мал маманы Мұрат Байымбетов, – әуелі машинаға, сосын вагонға, аяғында «КамАЗ»-ға тиеп, Мойынқұмның «Тәтті» деп аталатын қыстауына бір-ақ жеткіздік. Онда карантинге жерсіндіруге, бейімдеуге қойылды. Бақташылар тәжірибелі адамдар. Біз Жанаттан малдың сатып алу бағасы туралы сұрастырып білдік. Әрбірінің тірідей салмағын килограмына 1000 теңгеден бағалағанда, бір бас құнажынның құны орташа 360 мың теңгеден айналды. Әр бас сиырға кеткен шығынның 154 мың теңгесін мемлекет субсидиялайды. Сонда қожалыққа бір бас мал 206 мың теңгеден айналып отыр. Әрине, жол шығыны бөлек. Шаруа қожалығының төрағасы бұл малды ет бағытында өсіріп, бордақыламақ. Тауарлы-сүт фермасын ашып, сүт өндіру үшін арнайы кешен керек, ол тиімсіз. Мал тұқымын асылдандыратын бұқалары да дайын. – Сәтін салса, келер жылдан бастап, етті Ресейге экспортқа шығарамыз,- деп отыр. Жанат Ақаев әкелінген мал үшін жемшөп қоры жеткілікті дайындалғанынан да хабардар етті. Аққұмның шұрайлы шұраттары мен Таластың бал құрағы олар үшін таптырмас азық, әрине. Оған қоса жем де молынан керек. Осылайша «Ақай» шаруа қожалығы кәсіптің жаңа түрін игеруге белін бекем буып, іске кірісіп те кетті. Қазір олар асыл тұқымды малдың құжаттарын рәсімдеп, тиісті субсидияларын алудың қамында жүр.
Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».
Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- Бүгін, 14:19
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді