Ақысын күнделікті төлейді

Ақысын күнделікті төлейді
ашық дереккөз
Ақысын күнделікті төлейді

Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маман-агрономы Амангелді Әбдібековтің: «Бесағаш-Ынтымақ» шаруа қожалығы – аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі. Ісінде ілгерілеу бар. Жұрты жұмыла жұмысқа кірісіп кеткен. Шаруашылық жетекшісі Қадіржан Дөненбаев білікті маман, іскер басшы» деген сөзі бізді жолға шақырған. «Жақсыны көрмек үшін». Бардық. Көрдік. Ауыл іргесіндегі егіндікте қарбалас қимыл. Мұнда картоп жиналуда. Басшыны сөзге тарттық. – Шаруашылық бойынша 280 гектар суармалы, 277 гектар тәлімі жер бар. Негізінен біз көкөніс өсірумен айналысамыз. Биыл көкөніс – 140, жоңышқа – 80, жүгері 50 гектар алқапқа орналастырылды. «Балапанды күзде санайды» дейді ғой. Картоп жинауды аяқтаған соң, қалғанына кірісеміз. Жұмысымыз бригадалық-мердігерлік әдіс бойынша атқарылады, – деді Қадіржан Дөненбаев. Бесағаштықтардың ынтымағына тәнті болдық. Әр минут, әр сәт қымбат. Тіпті, бізбен тілдесуге де уақыттары жоқ. Бірі жүйектегі картопты жинап жатса, бірі қаптауда. Енді бірі картоп толы қаптың аузын тігуге кіріскен. Алқапта арнайы агрегаттарды тіркеген екі «МТЗ-80» тракторы картопты тоқтаусыз қазып жүр. Кешеден бері 4 гектардың өнімін жинап үлгеріпті. Бригадир Ахметсалы Жұмағұловпен сөйлестік. – Қазір алқапта 15 адам жұмыс істеп жатыр. Науқандық жұмыс болғаннан кейін әрі өнімімізді тез жинап алу үшін қолы бос адамдарды жұмысқа тарттық. Олармен күн сайын жұмыс соңында нақты ақшамен есеп айырысамыз. Дихан болған соң үйлеріне тиесілі картоптарын да алып кетеді. Шаруашылық бойынша 4 «МТЗ-80», 1 «ДТ-75», 1 «ЮМЗ-6» экскаватор – тракторларымыз бар. Бәрі де жарамды. Осы «темір тұлпарларды» тізгіндеген Алдоңғар Қилыбаев, Ілияс Шамеев, Сембек Хайбулдаев және Рафхан Ахметов жұмысымыздың ілгері басуына көп күш салуда. Биыл егістік суды қанып ішті, минералдық тыңайтқыштар да өз деңгейінде берілді, – деді ол.

Дүйсенбек ОРМАНОВ, журналист.

Жамбыл ауданы.

Суретте: шаруа қожалық төрағасы Қадіржан Дөненбаев картоп алқабында.

Ұқсас жаңалықтар