Өмірі өнегелі басшы

Өмірі  өнегелі басшы
ашық дереккөз
Өмірі өнегелі басшы
Әрбір адамның өмірі – жазылмаған кітап. Күн сайын бір-біріне ұқсамайтын қаншама адамға жолығасың. Уақыт өтеді, кейбір адамның істегендері ел арасында аңыздай айтылып жүреді. Жыл керуені жылжыған сайын тұлғасы даралана түсетін есімдер болады. Зымыраған жылдар ол есімдерді ел есінен өшіре алмайды, себебі ол есімдерді уақыт елегінен өткізіп, ерекшелеп, халық санасына құйып қойған. Соның бірі де, бірегейі Ғайникен Айдарханқызы Бибатырова. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары біздің облыстық партия комитетінің хатшысы болып Ғайникен Айдарханқызы тағайындалыпты деген хабарды естідік. Ол кезде мен Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданы, Трудовой пахарь колхозында бас инженер болып қызмет істеп жүрген кезім. Кейін 1978 жылы «Облсельхозтехника» мекемесіне ауысып, одан кейін Луговой ауданының атқару комитетінің төрағасы, Шу ауданының бірінші хатшысы болып жүрген кезімде қызмет бабымен Ғайникен Айдарханқызымен қызметтес те болдым. Уақыт өткен сайын атқарған істеріміз тарих болып шежіреге айналды. Ғайникен Айдарханқызы біздің облыста табаны күректей 13 жыл қызмет атқарды. Халқына абыройлы қызмет етті. Бойындағы өзіне тән қарапайымдылық, кішіпейілділік, адамгершілік, адалдық қасиеттерін көрсете білді. Ешқашан қиянатқа барған емес, қолынан келген көмегін ешкімнен, ешқашан аяған емес. Басшы ретінде өзін де сыйлата білді. Сол кезде Облыстық партия комитетінің бірін-ші хатшысы Хасан Шаяхметұлы Бектұрғанов, ауыл шаруашылық бөлімін басқарған Смат Есімов, облыстық атқару комитетінің төрағасы Сейілхан Аққозиев ағаларымызбен тіл табыса білді, қызметтері нәтижелі болды. Біздің халқымыз өзгеден оқ бойы озып туған асыл перзентін ардақтап, өнегелі өмір жылдарын кейінгілерге үлгі ретінде қалдырып отырған. Адам ғұмырының мән-мағынасы оның елі мен халқы үшін тындырған игілікті істерімен өлшенеді. Міне, сондықтан болар, Ғайникен әпкеміздің облыстан кеткеніне 28 жыл болса да өңір азамат-тары оны осы уақытқа дейін қадірлейді және оны бір қызындай сыйлайды.

Халил Бейсеев, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары.

Ұқсас жаңалықтар