Экономика
Құрылысты мерзімінен кешіктірген мердігерлерге неге жұмсақтық танытамыз?
- author «Ақ жол»
- 24 мамыр, 2022
- 193
Құрылысты мерзімінен кешіктірген мердігерлерге неге жұмсақтық танытамыз?
Құрылыс саласында қолға алынған жоба көп. Ол жобалардың барлығы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыруға бағытталған. Аталған мәселе облыс əкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен жиында да талқыланып, құрылыс саласындағы жобалардың іске асырылу барысы қаралды. Алдымен облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев баяндама жасады. Оның айтуынша, облыста 203 жобаны жүзеге асыру көзделсе, оның 51-і келесі жылға өтпелі. Биыл құны 62,9 миллиард теңгені құрайтын 152 жобаның құрылысын аяқтап, пайдалануға беру межеленген. Аталған жобаның бүгінгі таңда 5-еуі тапсырылыпты.
Сала бойынша таратып айтатын болсақ, білім саласында құны 24,4 миллиард теңгені құрайтын 23 жобаны іске асыру жоспарланса, оның 17-сі мектеп. Биыл пайдалануға берілуі тиіс 18 жобаның 12-сі мектеп болса, жоғарыда айтылған 17 мектептің бесеуі келер жылға өтпелі. Құрылысқа бөлінген қаржының жалпы құны – 7,4 миллиард теңге. Мектеп құрылысында кестеден қалып келе жатқан құрылыс нысандары да жоқ емес. Атап айтсақ, Байзақ ауданындағы 600 орындық Көктал мен Шу ауданындағы 300 орындық әл-Фараби атындағы орта мектеп құрылыстары кестеден кешігуде.
Аймақ басшысы қос нысанның құрылысын салып жатқан «Таразқұрылысинвест» пен «Сұңқар» ЖШС өкілдерін сынға а лды. Олар жобаны құрал-жабдықтардың кешігуі салдарынан құрылысты мерзімінен кешіктіргенін мойындап, нысанды пайдалануға беру мерзімін тағы да созғысы келетін ниеті барын аңғартты.
– Мектеп құрылысы жобада көзделген мерзімде талапқа сай аяқталуы тиіс. Мердігер жұмысты мойнына алды ма, барлық күшін сол құрылысты сапалы аяқтауға жұмылдырғаны жөн. Қа лай болғанда да бұл мектептердің құрылысының сапасы біздің бақылауымызда болып, ол 10 тамызда тапсырылуы қажет. Қалған 20 күнді білім мекемесі ұтымды пайдаланып, 1 қыркүйек күні балаларды қабылдауға дайындалуы керек, – деді Н.Нұржігітов.
Денсаулық сақтау саласында 25 жоба жоспарланса оның 23-і биыл тапсырылады деп күтілуде. Тапсырылатын нысандардың 14-і дəрігерлік амбулатория, 6-ы медициналық пункт, қалғаны онкологиялық, биозауыт ғимараты болса, біреуі қайта жаңғырту нысаны. Мұнда да кестеден кешігу бар. Атап айтсақ, Сарыкемер ауылындағы емхана құрылысы мерзімінен біршама кешігуі бек мүмкін. Талқылау барысында «Тараз строй-2004» ЖШС өкілі нысанды мерзімінде аяқтауға тырысатындығын жеткізді. Кестеден кешігу спорт кешендерін салып жатқан мердігерлер тарапынан да бары белгілі болды.
Облыста 19 спорт кешенін соғу жоспарланса, оның 12-сі 2023 жылға өтпелі. Биыл пайдалануға берілетіні 8 нысан, бірақ оның ішінде Жуалы, Мойынқұм мен Қордай аудандарындағы спорт кешендері мерзімінен кешігетіні айтылды. «Адил құрылыс» ЖШС өкілі Жуалы ауданындағы спорт кешенін мерзімінде аяқтай алмайтындығын мәлім етті. Өйткені құрылыстың кешігуіне жобаға енгізілген өзгеріс пен Ресей мемлекетінде құрылыс материалдарының екі есеге қымбаттауы себеп болыпты. Жиында бұл мердігердің бұған дейін де түрлі сылтаулар айтып, өзге өңірлерде ұтып алған нысан ғимараттарын жыл соңына дейін сүйреп созып жүріп алғаны да айтылды. Оған өткен жылы мердігердің Мойынқұм ауданындағы спорт алаңына жүргізген жұмысы дәлелге келтірілді.
– Конкурсқа қатысып, міндеттеме алған соң оны талапқа сай орындау парыз. Бұдан былай, пайдалану мерзімін түрлі сылтаулармен кешіктірген мердігерлерге айыппұл салу қажет. Біз бұл мəселені заң шеңберінде мердігерлерді тәртіпке шақыру үшін істеуге тиіспіз, – деді аймақ басшысы.
Бұдан кейін жиында мəдениет, əлеуметтік, ауыл шаруашылығы жəне басқа салаларда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысы да сөз болды. Көп жағдайда басқарма тарапынан қатаң қадағалаудың жоқтығын байқаған Нұржан Нұржігітов: «Неге басқарманың өз көзқарасы жоқ? Басқарманың мұнда позициясы болмай жұмыс алға баспайды. Құрылыс басқармасы тарапынан мердігерлерге қатаң талап қойылуы тиіс. Талапқа бағынбаған, жобаны мерзімінен кешіктіргендерге заң шеңберінде жаза қолдануды енгізу қажет», – деп атап өтті.
Баяндамашының айтуынша, тұрғын үйді пайдалануға беру индикаторы жоспарлы орындалуда. Атап айтсақ, өткен жылы 704,7 мың шаршыметр пəтер пайдалануға берілсе, биыл 732,8 мың шаршыметр пəтер беру межеленген. Үстіміздегі жылдың төрт айында 147,8 шаршыметр пəтер берілген. Бұдан пəтер кезегіне тұрғандар саны кеміген жоқ. Өткен жылы 2 334 адамға пәтер берілген, ал кезекте тұрғандар саны 35 118 адам. Жылда кезек 3 мың адамға өсуде. Осы жылдың 4 айында кезекке 1000 адам тұрған. Жоба бойынша 68 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланса, оның 11 арендалық, 56-сы кредиттік, біреуі қанатқақты жоба аясында салынып жатқан баспана. Биыл Тараз қаласында 41, Қордайда – 5, Т.Рысқұловта – 1 көпқабатты тұрғын үйді беру жоспарлануда. Аймақ басшысы «Кезекте тұрғандарды азайту үшін біз беріп жатқан пəтерлерді көбейтуіміз керек», – деп түйіндеді.
Бұдан кейін облыс əкімі құрылыс саласында 2023-2024 жылдарға арналған жоспарымен танысты. Жиын соңында тиісті басқармаға құрылыс сапасы мен білім нысандарында мерзімінен кешігудің болмауы керек екенін ескертіп, тапсырмалар берді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Өнеркәсіп өндірісі – 97,2 миллиард теңге
- 28 қараша, 2024
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді