Мәдениетіміздің қазығын берік қалыптастыру – парызымыз
Кез келген ұлттың терең тарихы, салт-дәстүрі, жалпы болмысы мәдениетінде менмұндалап тұрады. Сол себептен де мәдениет саласы үстіртін қарайтын сала емес. Оны жандандыру, тынысын ашу қай кезеңде болсын үздіксіз жүзеге асып отыратын процесс. Ал елдің арманға толы өткені мен үмітті күндерінен сыр шертетін өнер ұғымы мәдениеттің қайнар көзіне айналғандықтан мәдениет пен өнер ұғымын бір-бірінен жеке-дара алып қарау мүмкін емес. Жасыратыны жоқ, көлеңкесі мен күнгейі қатарласқан жаһандық кезеңде бір елде бірнеше мәдениеттің тоғысып, ұлттық құндылықтарға кері әсері тиіп те жатыр. Сол үшін де қолда бар алтынның қадіріне жетіп, мәдениетіміздің қазығын берік қалыптастыру – мәдениет саласындағы, өнер жолындағы мамандардың басты парызына айналды. Ел алдындағы пайымы бөлек парызға адалдық таныту бізді де айналып өтпесі хақ. Өңіріміздегі мәдениет саласының тыныс-тіршілігі туралы сөз қозғасақ, көңіл қуантатын дүниелер туралы ауыз толтырып айтуға болады. Осы уақытқа дейін облысымыздың түкпір-түкпірінде өтіп жатқан мәдени іс-шаралар легі БАҚ беттерінен баршаға белгілі. 2022 жылдың I тоқсанында да Жамбыл облысының мәдениет, архив саласында жоспарланған шаралар мен көзделген мақсатты индикаторларға қол жеткізіліп, бірқатар нәтижелі жұмыстар атқарылды. Жыл басынан бері әртүрлі деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтар болсақ: облыс әкімдігінің қолдауымен Жамбыл Жабаевтың туған күні мен «Aq jol» газетінің 100 жылдығына орай «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Жас ұрпаққа Жамбыл шығармалары арқылы өлке тарихын, жер-суын, туған топырақтың қадір-қасиетін ұғындыру мен айтыс өнерін мәдениетіміздің баға жетпес асыл мұрасы ретінде халыққа жан-жақты насихаттап, оның дамуына қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған аламанға 18 ақын қатысты.
5 наурызда «Баласағұн» концерт залында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай облыс басшылығының қатысуымен «Асыл ана» атты салтанатты мерекелік концерт берілді. Концертте облыстық филармония әртістерімен қатар, қазақ-орыс драма театрларының әртістері, қала өнерпаздары және елімізге танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өңірдің әлеуметтік дамуына ерекше үлес қосып жүрген әйелдердің қатысуымен «Ана – үміт, Ана – жігер, Ана – азамат» тақырыбында сырласу кеші өтті.
Сондай-ақ облыстық кітапхана Әулиеата өңірінде дүниеге келген жазушылардың шығармаларын өнеге ету, өмір жолдарын келешек ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсатында еліміздің руханиятын дамытуға сүбелі үлес қосып келе жатқан жазушы, драматург, публицист Елен Әлімжанның қатысуымен облыстық кітап пен оқуды қолдап, ілгерілетуге бағытталған «Жазушымен бір күн» желілік акциясын ұйымдастырды.
2022 жыл – Балалар жылы аясында заманауи ертегілер арқылы ұлттық және рухани құндылықтарды жаңа технологиялар форматына икемдеп, балаларға аңыздар мен ертегілер арқылы рухани тәрбие беру мақсатында «OrdaGen» балаларға арналған ертегілер жобасы іске асырылуда. Жоба аясында Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен балаларға арналған кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті.
Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы М.Әуезов атындағы №33 орта мектебімен бірлесе биылғы Балалар жылына, қазақ балалар әдебиетіне өзіндік үлес қосқан Ескен Елубаевтың туғанына 80 жыл толуына орай «Біздің өлкенің мақтаныштары» атты еске алу кешін өткізді. Іс-шараға М.Әуезов атындағы №33 орта мектеп оқушылары мен ұстаздары және «Болашақ» мектеп-интернатының тұрақты оқырмандары қатысты.
Сондай-ақ арнайы кітапханада зағип және нашар көретін жандарды қоғам көшінен қалдырмау, әрі халқымыздың рухани және мәдени мұраларын қастерлеп, жаңғырту үшін «Шебердің қолы алтын» атты тифло-тігін жобасы жүзеге асты.
14 наурыз – «Көрісу» күнінен бастап басқармаға қарасты мекемелерде Ұлыстың ұлы күніне арналған іс-шаралар басталып кетті. «Амал» күнін айрықша атап өтумен басталған мереке 18 наурызға дейін басқармаға қарасты театр, кітапхана, филармония және архив мекемелерінде жалғасын тапты. Ұлыстың ұлы күнін атап өтуге арналған мерекелік жиындарда Тұсау кесу, Сыңсу, Құрсақ шашу, Бесікке салу, Сүйек жаңғырту сынды салт-дәстүрлер дәріптеліп, аңыз-ертегі кейіпкерлері Алдаркөсе мен Қожанасырдың қатысуымен Наурыз мерекесінің мән-мағынасын ашатын театрландырылған көріністер көрсетілді. Ерекше атап өтетін жағдай: «Амал» мерекесі қарсаңында «Үміт» балалар үйіндегі 4 тәрбиеленушінің тұсауы кесіліп, мәдениет саласының ардагерлері тәрбиеленушілерді өз қамқорлықтарына алды. Осы арқылы жетімін жылатпаған халқымыздың дәстүрі мен құндылығы көрініс тауып, көпшілікті сүйсінтті. Әз-Наурыз мерекесінің құрметіне орай облыс әкімдігінің қолдауымен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен «Қош келдің, әз-Наурыз!» мерекелік іс-шарасы өтті. Онда мәдениет қызметкерлерінен жасақталған «Наурыз-көш» керуені Тараз көшелерін жүріп өтті. «Наурыз-көш» барысында балаларға арналған арнайы қоржын әзірленіп, базарлықтар жол бойы кездескен балаларға үлестірілді.
Д.А.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен биыл Балалар жылына және 2 сәуір – Халықаралық балалар кітабы күніне орай «Көне Тараз» этномәдени кешенінде «Кітап – ғажайып әлем!» фестивалі өтті.
Бар ғұмырын киелі өнер жолына арнап, қазақ киносы мен театрының Құлагеріне айналған Асанәлі Әшімов ағамыздың 85 жылдық мерейтойы да Әулиеата жерінде ерекше атап өтілді. КСРО және Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов ағамыз сексен бестей абыз жасқа толуы қарсаңында туып-өскен өңірі – Тараз жеріне өзі жетекшілік ететін «Жаңа ғасыр» театры ұжымымен бірге шығармашылық есеп беру сапарымен келді. Екі күнге созылған өнер сапарында «Жаңа ғасыр» театры Тараз қаласындағы Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында көрермен назарына «Соңғы қоңырау», «Жарқанат», «Тағдыр тақтасы» атты үш қойылым ұсынды.
Өңірдегі жас таланттарды іздестіру, оларға қолдау көрсету, дарынды жастардың орындаушылық шеберлігінің шыңдалып, танылуына мүмкіндік жасау мақсатында «Жаңа Есім – 2022» жобасы облыстың аудандарында өтті. Сондай-ақ облыстық іріктеу кезеңі де ұйымдастырылып, алдағы уақытта гала-концертпен қорытындылау жоспарлануда.
К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның құрамындағы шығармашылық ұжымдар жыл басынан бері 67 концерт ұйымдастырып (оның ішінде 5 концерт онлайн), оған 12 728 көрермен қамтыды. Наурыз айында «Балауса» циркі Меркі, Шу аудандарының елді мекендерінде гастрольдік концерттер ұйымдастырды. Сондай-ақ Ақмола облысы Көкшетау қаласына «Алатау» фольклорлық ансамблінің «Әулиеата әуендері» атты гастрольдік концерті жоспарланып отыр. Осындай гастрольдік концерттер облыс аудандарына да ұйымдастырылатын болады.
Енді архив саласындағы ауқымды шараларға тоқталар болсақ, облыс көлемінде жалпы саны 12 мемлекеттік архив бар. Ведомстволық архивтердің құжаттарының құндылығы сарапталып, нәтижесінде есептік кезеңде мемлекеттік архивтердің сақтауына 3154 сақтау бірліктегі құжаттар қабылданды.
Сонымен қатар жыл бойына басқарма мен оған қарасты мекемелердің 2022 жылы ұйымдастыратын іс-шараларының жоспары пысықталып, бірқатар ауқымды жобалар жоспарланған. Олар: М.Әуезовтың 125 жылдық мерейтойына орай халық театрларының «Театр – өмір айнасы» облыстық фестивалі, Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай «Рухани көсем» атты театрландырылған қойылымын дайындау, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына облыстық-тарихи өлкетану музейінің қорынан көрмелер ұйымдастыру, «Ұрпақтар сабақтастығы: тарихпен болашақ Жамбылдық суретшілерінің көзімен» көрме – байқауы, «Өлкелік туризм – кітапхана жұмысының инновациялық түрі ретінде» жобасы тағы да басқа іс-шаралар. Сондай-ақ Мемлекет басшысы биылғы жылды Балалар жылы деп жариялауына байланысты облыстық мәдениет және өнер ұжымдары тарапынан ауқымды жобалар өткізу жоспарымызда бар.
Ауылды жерлердегі мәдениетті дамыту да назардан тыс қалмауы тиіс. Осы мақсатта, өңірдегі ауылдық жерлерді заманауи сұраныстарға сәйкес мәдени нысандармен қамту жұмыстары жалғасын табуда. Мәселен, мамыр айында Т.Рысқұлов ауданының Өрнек ауылының тұрғындары қуанышқа кенелді. Ауылда жаңа мәдениет үйінің тұсауы кесілді. Алдағы уақытта аталмыш мәдениет үйінде тұрақты түрде ақысыз негізде 4 үйірме (домбыра, би, көркем сөз, ән өнері) жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ биыл облысымызда 4 мәдениет нысанының құрылысы, 32 нысанның күрделі және ағымдағы жөндеуі жоспарланып отыр.
Түптеп келгенде, мәдениет саласындағы ауқымды шаралар легі де жоспарлар да мұнымен шектелмейді. Өйткені мәдениет саласының ауқымы кең және бұл салада қызмет етіп жүрген мамандарға артылған жауапкершіліктің де жүгі жоғары. Сол себепті, жылдың бір күнін мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі деп бекітіп, арналуы – сала қызметкерлерінің еңбегін бағалау деп білеміз.
Ерлан ЖҮНІСБАЙ,
облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және
құжаттама басқармасының басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді