1922-2022: ШЕЖІРЕЛІ ЖЫЛДАР
(Жалғасы. Басы өткен сандарда.) (1961 ЖЫЛ) 17 ақпан. №35 (5648). «Шу – жаңа қала». Газеттің бұл санындағы арнайы бет осылай аталады. Іргесі 1928 жылы Түркістан-Сібір жолы салынуына байланысты қаланған қала 1960 жылдан ауданға бағынысты қалаға айналған болатын. Осы санында біздің даңқты жерлесіміз, жауынгер-жазушы Бауыржан Момышұлының 50 жасқа толған мерейтойына байланысты туған еліне келген сапары жайында «Қарудан – қаламға» деген көлемді мақала шықты. 21 ақпан. №38 (5652). Газет редакциясының бірінші басшысы өзгерді. Ғайса Сармурзин Алматыға қызмет ауыстырып, осы санынан бастап бұрын редактордың орынбасары болып істеген Төленді Оңғарбаев бас редактор болып қол қоя бастады. 20 қыркүйек. №188 (5802). Облыстық XI партия конференциясынан кейінгі алғашқы пленумда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып А.Асқаров сайланды. В.З.Ващенко-екінші, Е.Қ.Қашағанов пен В.Ф.Третьяк хатшылары болып сайланса, «Еңбек туына» – Т.Оңғарбаев, «Коммунистке» – В.С.Молотов бас редактор болып бекітілді. 4 қазан. №199 (5813). Жастардың шығармашылығына арналған топтамада ҚазМУ-нің студенті Ғазизбек Ташимбаевтың үш өлеңі, жуалылық Аманкелді Ормантаевтың «Мақтаншақ»» атты шағын әңгімесі жарияланды. Бұлар кейіннен газеттің тұрақты авторына айналып, жиі жарияланып тұрды. 8 қазан. №202 (5816). Жамбыл өңірінде болат жолдың еңбеккерлері арасында Жолшы Сыздықовтың даңқы сол жылдары ерекше дүрілдеді. Социалистік Еңбек Ері атағын алған ол Қазақстан Компартиясының XI съезіне делегат болып сайланды. Журналист Ахмет Қазыбаевтың суреттемесі газеттің бірінші бетіне үлкен суретімен қоса берілді. 29 қараша. №230 (5853). Облыс орталығында егіншілік пен мал шаруашылығы өнімдерін арттыру мәселесі талқыланған облыстық семинар өтті. Бұған айқарма бетін арнаған газет облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы А.Асқаровтың көлемді мақаласын «Өрлеу жолында» деген тақырыппен оқырмандарының назарына ұсынды. 1962 жылы Н.С.Хрущевтің облыстарды біріктіріп өлке құрған кезінде «Еңбек туы» газеті жабылып, журналистері аудандық газеттерге немесе басқа жұмыстарға ауысты. Келесі 1963 жылы 1 мамырдан «Знамя труда» деген атпен орысша газет шыға бастады. «Еңбек туы» енді осы газеттің аудармасы ретінде шығрылды. Араға тағы бір жыл салып қана дербес басылымға айналды. Облыстық мұрағатта газеттің 1962, 1963, 1964 жылдардағы тігінділері болмауын осы себеппен түсіндіруге болады. (1965 ЖЫЛ) 1 қаңтар. №1 (6634). «Еңбек туының» жаңа жылдық санына редактор емес, редакциялық алқа қол қойған. Мерекеге арналған әр алуан жарияланымдармен қатар Одақтас екі республика – Қазақстан мен Қырғызстанның атақты қызылшашылары Т.Байназарова мен К.Шопақовалардың өзара жарысқа шақырысқан хаттары, суреттерімен бірге шықты. 17 қаңтар. №11 (6644). «Демалыс күні» бетінде тағы бір таланттың тұсауы кесілді. «Сәт сапар. Күләш!» деген тақырыппен Жамбыл медициналық училищесінің студенті Күләш Ахметованың өлеңдерінен топтама берілді.. 7 ақпан. №26 (6659). Республикалық «Социалистік Қазақстан» газеті 31 қаңтарда жариялаған запастағы гвардия полковнигі, жазушы Бауыржан Момышұлының «Ежелден ер тілегі – ел тілегі, Адал ұл, ер боп туса ел тірегі» деген майдандас достарына Ашық хатын көшіріп басты. Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 20 жылдық мерекесі арналған жарияланымдар беріле бастады. 9 ақпан. №27 (6660). Осы санынан бастап, осыған дейін редакциялық алқа шығарып келе жатқан газетке Баттал Жаңабаев бас редактор болып қол қоя бастады. Бұл санындағы «Бүгін Шу ауданында» деген репортаж облыстың Жапар Түйебеков басқаратын іргелі ауданындағы оңды өзгерістер жайлы. 12 ақпан. №29 (6662). Мойынқұм ауданындағы «Мойынқұм» совхозының шопаны Мырзаш Тұрғановтың бір топ өлеңі «Шопан ақын жырлары» деген тақырыппен шықты. 17 наурыз. №53 (6686). «Келіп еді Кенен ақын сексенге». Қордай ауданында өткен мерейтойдан репортаж. Авторлары – Ж.Сәтібеков пен Ә.Арғынбаев. 1 мамыр. №85 (6748). Түрлі-түсті бояумен, жақсы безендіріліп шыққан мерекелік санындағы жарияланымдардың айтары көп. «Жаса, май, гүлге бөлеп өңірімді, Жайнатып, жақсылықпен өмірімді» деген тақырыппен айқарма бет берілген. «Жамбыл-Дели» мақаласында қаладағы кәсіптік-техникалық училищесінің оқушысы, КСРО спорт шебері Сейітжан Әбдікерімовтың Үндістанға сапарлап барып қайтқаны жайлы әңгімелейді. 9 мамыр. №90 (6723). Жеңіс мерекесіне арналған санындағы жарияланымдар алуан жайларды қамтыған. Солардың ішінде «Алып анадан туады» деген шағын фотохабар Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Сухамбаевтың анасы Тойғыз жайлы. Осы санындағы Социалистік Еңбек Ері Сындыбала Оңғарбаеваның «Жеңісті тылда шыңдадық» аталатын мақаласында соғыс жылдарындағы ерлік еңбек иелеріне қатысты деректер мол келтірілген. 25 шілде. №145 (6778). «Әңгіме өзегі – Оңтүстік қалалары» деген айдармен «Жамбыл» беті берілді. Сәулетші К.Рахматидың «Кеше. Бүгін. Ертең», газет тілшісі Мырзабай Кеңбейіловтің «Жамбылым қандай тамаша» мақалалары күн өткен сайын жайнап, жасарып келе жатқан қала келбеті және оның өміріне енген жаңалықтар жайлы әңгіме қозғайды.
Дайындаған
Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ.
Ұқсас жаңалықтар
Жауапкершілікті күшейтетін тарихи мүмкіндік
- 12 наурыз, 2026
101 шаруаға жеңілдетілген несие берілді
- 12 наурыз, 2026
Ақпарат
Нарша
- 2 наурыз, 2026
Жамбылдың жауһар жырлары
- 26 ақпан, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




