Әруақ сыйлаған ел азбайды

Әруақ  сыйлаған  ел азбайды
ашық дереккөз
Әруақ сыйлаған ел азбайды

Ботбай атаға бағыштап ас беріп, ат шаптырды

2 1Ел басқарған, ерен батырлығымен ерекше­ленген Ботбай батыр Дулатұлы туралы деректерді қытай мен араб жазбаларынан да, моңғолдың «Алтын шежіресінен» де көптеп кездестіруге болады. Ол шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 410 жылдары дүниеге келіп, 475 жылдары өмірден өткен. Бұл жәй болжам ғана. Ал оның Сайрамда қаза тапқандығы анықталуы, қабірі сондағы бір тұрғын үй аумағынан арада он үш ғасыр өткенде табылуы ғылыми әлеует үшін үлкен жаңалық болды. Ұрпақтары 2007 жылы бабалары басына зәулім кесене орнатты. Кесененің жобасын белгілі сәулетші Ғабит Садырбаев жасаған. Содан бері де арада жеті жыл өтті. Былтыр Оңтүстік Қазақстан облысындағы ұрпақтары баба әруағына арнап ас берді. Енді міне, кезек Меркі мен Тұрар Рысқұлов аудандарында тұрып жатқан ұрпақтары үлесіне тиіп отыр. «Ботбай» қайырымдылық қорының төрағасы Қамбар қажы Иманалиев Сайрамда кесенесін, Меркіде мавзолейін салдыртып, ас беру мен қор құруда көп еңбек сіңірді. Асқа кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен батыр ұрпақтары ғана емес, алты алаштың баласы көптеп жиналды. Жиында баба ұрпақтарының бірі, академик Көпжасар Нәрібаев мазмұнды баяндама жасады. Ол ағайын арасындағы араздықты, дау мен дамайды өршітпей, билердің басын қосып бірлесе шешуге күш сала білген көреген де көрнекті қолбасшы, қайраткер тұлға, дуанбасы, батыр боп туған Ботбайдың атының ауыздықпен су ішіп, тебінгісін терлетіп, ел бостандығы үшін жан аямай күрескені туралы айта келіп, Сәмен батыр Дәненұлы, Жауғаш батыр Қырбасұлы туралы да тың деректер келтірді. Сыпатай, Андас, Байсерке, Тойшыбек, Байсейіт, Диханбай датқа, Тілеуберді, Тұрлыбай, Алтай, Қарпық, Елеу, Дүзен, Ақшора, Қуатбек пен Медетбек, Айбас, Тоғызақ, Танабай, Досқожа, Жанкісі, Әлмен, Ақкөз батырлардың есімдері де аталды. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері болған Қабылбек Сармолдаев, Мақсұт Жылысбаев, Мәсімхан Бейсебаев, Асанбай Асқаров, Жүсіп Сатыбалдиевтердің есімдері де назардан тыс қалмады. Ұлы Отан соғысында Кеңес Одағының Батыры атағын алған Саттар Естемесов пен Қосан Мамытовтардың батырлығы да ұрпаққа ұран болып қала беретінін баяндамашы баса айтты. Бұдан соң облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов, аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов, «Дулат» қорының тең төрағасы Мүсілім Дайырбеков, «Ботбай» қорының тең төрағасы Берікшал Имашев мавзолейдің лентасын қиып, жиналған жұрт ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойды. Осы алаңқайдағы сахнада аудандық мәдениет үйінің әртістері сахналаған белгілі драматург Иран Ғайыптың Ботбай батырға арнап жазған екі бөлімді «Тасжарған» атты пьесасынан үзінді көрсетілді. Одан әрі іс-шара елуге тарта киіз үй мен хан шатыры тігіліп, дала сахнасы орнатылған Т.Рысқұлов ауылының төменгі жағындағы атшабар алаңында қызу өрбіді. Асқа жиналған жұртшылық айтыскер ақындар Айнұр Тұрсынбаева мен Нұрмат Мансұровтың, Алик Бекмұсаев пен Алтынкүл Қасымбекованың, Айтақын Бұлғақов пен қордайлық Күмісай Сәрсенбаеваның арасында өткен айтысты айызы қана тамашалады. Бозкілемге шыққан балуандар да жұрттың делебесін қоздырып, білектің күшін көрсетіп жатты. Бұл жолы түйе балуанның белбеуін меркілік Жамбыл Тұрғаналиев тақты. Екінші және үшінші орындар жуалылық Нұрсұлтан Айқұлов пен жамбылдық Жасұлан Әбішевтің еншісіне бұйырды. Ботбай батыр асқан садақшы да болған. Осыған орай Меркіде жамбы атудан тұңғыш рет республикалық біріншілік өтті. Садақ тартуға он облыстан 17 үміткер тіркелді. Атпен шауып келе жатып көз ұшында тұрған жамбыны атып түсіру оңай болмаса керек. Десек те батысқазақстандық Қонасов құралайды көзге атқан мерген екен. Ол бірінші орынды иеленді. Ал екінші орын меркілік Елдос Бадашевқа бұйырды. Сөйтіп, ол Ботбай ұрпағынан да мерген жігіт бар екенін дәлелдеп берді. Одан кейінгі орындар оңтүстікқазақстандық Байғоновқа, жамбылдық Е.Асыл мен қызылордалық Өзденбаевтың үлесіне тиді. Аламан бәйгеде бір «Джип» автокөлігі, құнан бәйгеге су жаңа «Лада-гранта», тоқ бәйгеге «Жетта» мәшинесі тігілді. Алматы облысының Қарасай ауданынан келген Жанқұлиевтер отбасының «Алтынбас» атты сәйгүлігі алдына қара салмады. Сөйтіп заманымыздың «джип» сынды темір тұлпарын қанжығасына байлады. Екінші болып Тұрар Рысқұлов ауданындағы Қойшымановтың тұлпары мәре сызығын кесті. Келесі кезекте қосқан жүйрікте құнандар жарыс жолына қосылды. Бұл жолы алматылық Қасымовтың бағы жанды. Ол көмбеге бірінші болып жетті. Осы құнан жарысқа су жаңа мәшинесін тіккен Айдархановтың тұлпары мәре сызығын бесінші болып қиды. Ал тоқ бәйге жүлдесі сонау қияндағы Петропавловскіден келген Біржан Шәймерденовтің үлесіне тиді. Ол «Жетта» автокөлігінің кілтін алып, еліне қайтты. Барлық бәйге бесеуден кем болған жоқ. Ат жарыстан соң алаңға көкпаршылар шықты. Салым-көкпарда көзге түскендер де бәйгеден құралақан қалмады. Иә, осылайша Ботбай баба ұрпақтары батырдың асын дүрілдетіп өткізді. «Әруақты жерден ат үркеді», «Әруақ сыйлаған азбайды» деген осы да.

Сейсен ҚОЖЕКЕ,  «Ақ жол».

Меркі ауданы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар