Экономика
ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕРЛЕРДІ РЕТТЕУДІ БІЗДІҢ ОБЛЫС БІРІНШІ БОЛЫП БАСТАДЫ
- author «Ақ жол»
- 7 мамыр, 2022
- 341
ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕРЛЕРДІ РЕТТЕУДІ БІЗДІҢ ОБЛЫС БІРІНШІ БОЛЫП БАСТАДЫ
Игерілмей жатқан жайылым және егістік жерлерді мемлекетке қайтару Президенттің тікелей бақылауында тұрған мәселе. Бұл жөнінде Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауларында, басқа да жиындарында аз айтылған жоқ. Ең бастысы сең қозғалды. Бүгінге дейін игерусіз жатқан жайылымдар мен егістік жерлер ел игілігіне қайтарылуда. Бұл жұмысты облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасы және жер инспекциясы тиісті басқармалармен және аудан әкімдерімен бірлесе атқаруда. Біз осы мәселе төңірегінде облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Бейсембайұлы Көпбосыновпен сұхбаттасқан едік. – Бақтияр Бейсембайұлы, бүгінгі таңда елді мекен маңайындағы жайылым жердің тапшылығы ауыл тұрғындары тарапынан жиі көтеріліп келеді. Оны өзіңіз де аудандарды аралау барысында естіп, біліп жүрсіз. Осы мәселенің шешімін табу мақсатында қандай жұмыстар қолға алынды? Әңгімеміздің әлқисасын осыдан бастасақ. – Халық тарапынан жиі көтерілетін мәселенің бірі, өзіңіз айтқандай жайылым. Бұл бағытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сай көп жұмыстар атқарылу үстінде. Облыс әкімі де жайылым мәселесін тұрақты аппарат отырысына қойып, талдап отырады. Дегенмен бұл мәселе там-тұмдап болса да шешімін тауып келеді. Бүгінде ауылшаруашылық жерлерінің көлемінде өзгеріс болмағанымен ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрінен екіншісіне ауыстыру шаралары жүргізілуде. Атап айтқанда, елді мекендерге бекітілген жайылымдық жерлердің жетіспеушілігін жою мақсатында ауылдық округтерге 227 мың гектардан астам жайылымдықтар қосымша бекітіліп берілді. Әлі де бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табу үстінде. – Ақыры жайылым мәселесін сөз еткен екенбіз, қазіргі таңда қанша гектар жайылым жер жетіспейтіндігін дөп басып айта аласыз ба? Жайылым жерлерді анықтау, қайтару бағытында жүргізген талдау нені көрсетті? – Жайылымдарды пайдалануды реттеу мақсатында прокуратура органдарымен бірлесіп зерделеу жұмыстары атқарылды. Нәтижесінде облыс тұрғындарының меншігінде тіркелген мал басынан бордақылау алаңдарында ұсталып отырған мал санын шегеріп тастағанда аймақта 683,6 мың гектар жайылым жер жетіспейтіні анықталды. Жайылым жерлердің жетіспеушілігі бүгінде мал басының негізінен тұрғындардың меншігінде болуынан қалыптасып отыр. Мәселен, 1992 жылы 1 қаңтардағы мәліметке жүгінсек, мүйізді ірі қара 301 мың, ал жылқы – 100 мың бас болса, 2022 жылы 1 қаңтардағы мәліметте мүйізді ірі қара 530 мың, жылқы – 151 мың басты көрсеткен. Яғни мал басы 50-70 пайызға артқанын, осыдан келіп жайылым тапшылығының туындағанын көріп отырмыз. – Жайылым мәселесін шешу бағытында қандай шаралар қолға алынуда, оның бір шешімі бар ма? – Осыған байланысты жайылымдарды пайдалануды реттеу шараларын бес бағыт бойынша жүргізуді қолға алдық. Тарқатып айтсақ, бірінші бағыт – босалқы жер қорындағы жайылымдарды экономикалық айналымға қосу. Бүгінгі таңда 227,5 мың гектар жайылым жер ауылдық елді мекендерге қосымша бекітіліп берілді. Оны біз түгендеу жұмыстарын жүргізіп, анықтадық.
Екінші бағыт – елді мекендерге жақын 5 километрлік радиуста орналасқан жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жолымен ауылдық округтер теңгеріміне беру. Себебі тұрғындар мал басын ауыл төңірегіне бағуда. Бұл бағытта 200 мың гектарға жуық жердің 13,6 мың гектары қайтарылып, 145,9 мың гектарды иеленіп отырған пайдаланушыларға ескерту жасалды. Бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табуда.
Үшінші бағыт – орман қорындағы жайылымдықтар мен шабындықтарды пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында ветеринарлық нормадан артық мал басын ұстап отырған тұрғындардың төрт түлігін осы жерлерге шығаруды ұйымдастыру. Бүгінгі таңда 106,1 мың гектар орман қоры жерлерінен 158 жер пайдаланушыларға жайылым жалға беріліп отыр.
Төртінші бағыт – агроқұрылымдармен Меморандум жасасу арқылы өнім жиналып алынған жерлерге кедергісіз мал бағуға рұқсат беру. Көптеген шаруашылық, егістік жерлеріне науқан аяқталған кезде ауыл тұрғындарының мал жаюына рұқсат берген. Қазіргі таңда 2071 агроқұрылыммен келісім жасалып, 490 мың гектарға жуық алқапқа мал жаюға рұқсат берілді. Бесінші бағыт – игерусіз жатқан жайылым жерлерді мемлекетке қайтару шараларын жүргізу. Бұл бағытта анықталған игерусіз жатқан 252,3 мың гектар жайылым жердің 106,3 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылып, бұл бағыттағы жұмыстар да жалғасуда.
Бекітілген индикаторлық көрсеткіштердің аудандар кескіндемесіне қарай талдайтын болсақ, бірінші бағыт бойынша Мойынқұм (56,8 пайыз) және Меркі (87,8 пайыз) аудандарына бұл жұмысты атқаруды аяқтау қажет. Ал екінші бағыт бойынша Шу ауданында жұмыс әлі басталмаса Байзақ, Қордай, Сарысу аудандарында жұмысты ширату қажеттігі туындап отыр.
Игерілмеген жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары Байзақ, Жуалы, Меркі, Шу аудандарында төмен. Дегенмен жүргізілген жұмыстың нәтижесі жоқ емес. Игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, босалқы қордағы жайылым жерлерді сол маңдағы елді мекенге бекітіп беру бойынша облысымыз 62,8 пайызбен республикада алдыңғы орынды иеленіп отырғанын айта кеткен орынды. – Жайылым жетіспеушілігі мен оны пайдалануды реттеу бойынша белгіленген межелерге жету көрсеткіштері қандай? – Бұрын жайылымдарды пайдаланудың тәртібі мен схемасы аудан бойынша жүргізіліп келсе, биылдан бастап жайылымдарды пайдалануды реттеу жолдарын қарастыру жұмыстары әрбір ауылдық округ бойынша жеке-жеке жүргізіледі. Біз облыстар арасында бірінші болып бастадық. Мәселен, Сарысу ауданына қарасты Жаңаарық ауылдық округке екі елді мекен (Сыздықбаев, Ақтоғай) қарайды. Онда Жаңаарық ауылдық округі бойынша ақпарат аула саны, халық саны, жер көлемі, елді мекен жерлері, ауыл шаруашылығы жерлері, босалқы жерлері бойынша қаралады. Мал басына қажетті жайылым есебі, қажетті жайылым жерлер, оның ішінде сыртқа шығарылатындары, елді мекен шегіндегі жайылымға шығатын мал саны барлығы арнайы карта бойынша талданады. Мәселен, ондағы 286 аулада 1623 халық тұрады. Тұрғындар иелігінде 31 мың бас мал тіркелген. Оның 30 мың басы сыртқа шығарылған. Ал ауыл маңайындағы мал басына есептелгенде 1,5 мың гектар жайылым жетіспейді. Алайда ауылдық округтің проблемасын шешу үшін қосымша босалқы жер қорынан 4,7 мың гектар жайылым жер қоғамдық мал өрісі үшін қосылып берілді. Қазақстан Республикасының «Жайылымдар туралы» Заңының талаптарына сәйкес әрбір ауылдық округ бойынша екі жыл мерзімге арналған жайылымдарды пайдаланудың тәртібі мен схема картасы әзірленіп, аудандар мәслихатына ұсынылды. Басқа облыстармен салыстырмалы түрде қарайтын болсақ біздің облыс мұнда да алдыңғы қатарда. Жайылым туралы Заңға сәйкес бұл құжат аудандық мәслихаттардың шешімдерімен бекітілуі тиіс. «Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң шеңберінде Жер, Орман, Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстеріне, сондай-ақ жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару және Жайылымдар туралы заңдарға өзгерістер енгізілуде. Сол сияқты, өзіндік қосалқы шаруашылықтар туралы заңы жобасында тұрғын ауладағы ұсталатын мал басын реттеу тетіктері қарастырылуда. Осы заңдар қолданысқа енгізілген жағдайда жайылымдар жетіспеушілігін жоюдың жаңа тетіктері өндіріске енгізілетін болады. – Басқарма тарапынан жүргізген зерделеу жұмыстары не берді? Нені анықтай алдыңыздар? – Басқарма тарапынан жүргізілген зерделеу барысында аулаларында көп мал ұстап отырған тұрғындар анықталды. Мәселен, бір аулада 100 бас жылқы, 200 бас қой-ешкі ұстап отырғандар бар. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2008 жылғы 24 қаңтардағы № 28 бұйрығымен жеке қосалқы шаруашылықтарда елді мекендердің шекаралары шегінде мал ұстау және ауыл шаруашылығы пайдаланымындағы елді мекен жеріндегі мал бағу жүктемесінің ветеринарлық нормативтері жұмыс істемеуде. Елді мекенде өзіндік қосалқы шаруашылыққа 0,15 гектар жер берілсе, оның ішінде тұрғын үйі мен ауласы қосымша бақшасы орналасқан аумақтың орташа есебі 700 шаршы метрді алып жатса, қалған 800 шаршы метріне 20 бас сауын сиыр немесе 65 қой, ешкі ұстауы қажет.
Нормаға сай болмаған жағдайда ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Заңының 40-бабына сәйкес жеке тұлғаға 20 айлық есептік көрсеткіш немесе 61200 теңге айыппұл салынады. Бір жыл ішінде заңбұзушылық қайталанған жағдайда 40 айлық есептік көрсеткіш немесе 122400 мың теңге айыппұл салынуы тиіс. Бірақ әзірге ветеринария инспекциясы тарапынан ондай қатал шаралар қабылданып жатқан жоқ, тек түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Бұл бағытта түгендеу нәтижесінде бос жатқан жерлерді анықтау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде босалқы жер қорында 25,9 мың гектар егістік анықталып, өткен жылы оның 10,3 мың гектар жері айналымға енгізілді. Бұл шараны толық аяқтау ағымдағы жылға жоспарланып отыр. – Анықталған бос жатқан егістік жерлерді айналымға қосу қалай жүргізілуде? – Анықталған бос жатқан егістік жерлерді айналымға қайта қосудың алгоритімі белгіленді. Онда көлемі 50 гектарды құрайтын 245 жер телімдерін, яғни 6,6 мың гектар егістік жерді сауда-саттыққа (конкурсқа) шығару белгіленсе, көлемі 50 гектардан асатын 67 жер учаскесін инвестициялық жобалар үшін резервте ұстау белгіленген. Инвесторларға ұсынылатын мұндай жерлер көлемі 8,8 мың гектарды құрайды. Өңірлік геоақпараттық жүйеде халыққа қолжетімді ақпарат алу мақсатында облыс аумағында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге түгендеу жұмыстары жүргізіліп 1,1 миллион гектар анықталған. Оның ішінде 20,8 мың гектары егістік, 7 мың гектары шабындық, жайылым 1,07 миллион гектарды құрайды. Бос жер учаскелері геоақпарат жүйесіне орналастырылды. Бір атап өтерлігі, республика көлемінде облыстар арасында бос жатқан ауыл шаруашылығы жерлерді геопорталға толық енгізген біздің облыс қана. Сондай-ақ Жер кодексінің 50-бабы, 2-1-тармақшасына сәйкес бау-бақша шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскелері Қазақстан Республикасының азаматтарына уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен 1 гектардан аспайтын мөлшерде беріледі. Бүгінгі таңда біршама аудандарда 1 гектарды пайдалану құқығы көптеген азаматтарды қызықтырып, ұсыныс қалдыруда. Көштің басын Шу ауданы 50 өтінішпен бастап тұр. Одан кейін Сарысу мен Жамбыл аудандары. Халыққа бау-бақша шаруашылығы үшін 1 гектардан жер беру жұмыстары жалғаса бермек.
– Әңгімеңізге рақмет. Сұхбаттасқан Марат ҚҰЛИБАЕВ.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- Бүгін, 14:19
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді