«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Қамқор-локомотивтің» қарымы

«Қамқор-локомотивтің» қарымы
ашық дереккөз
«Қамқор-локомотивтің» қарымы

Әлеуметтік мәселелерді шешуімен де білінуде

Жамбыл локомотив жөндеу депосы – «Қамқор – Локомотив» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы өздерінің  биыл аталып өткелі отырған 90 жылдық мерейтойын еңбектегі үлкен жетістіктерімен қарсы алуды ұйғарып отыр. Қазіргі күнге дейін атқарылған жұмыстардың  нәтижесі, еңбек көрсеткіштерінің асыра орындалуы соның айқын дәлелі іспеттес. Өндірістік-экономикалық бөлімнен алынған мәліметтерге  көз жүгіртсек, биыл өткен 7 айдағы техникалық-экономикалық көрсеткіштер шынында да жоғары. Серіктестік алдын ала белгіленген жоспарлы тапсырмаларының бәрін дерлік асыра орындаған. Атап айтқанда, электровоздарға техникалық қызмет көрсететін «ТО-6» және «ТО-8» цехтары өздеріне жүктелген міндеттерін орындап, алғашқысы 3495, соңғысы 12 бірлікке жоспарын артығымен жүзеге асырған. Сол сияқты «ТО-2», «ТО-3», «ТО-4», және «ТО-7» цехтары да   міндетті  тапсырмаларын ойдағыдай орындап, 7 ай ішінде тепловоздардың 2 мыңға жуық әртүрлі тетіктерін жөндеп, сапарға аттандырған. Иә, тарихы тереңде жатқан локомотив жөндеу депосының ұжымында бүгінде 655 адам әртүрлі мамандықта жұмыс істейді. Олардың орташа жалақысы – 98751 теңге. Бірлігі мен ұйымшылдығы жарасқан, бірнеше ұлт пен ұлыстың өкілдерінен тұратын үлкен ұжым ел экономикасының дамуы мен өнеркәсіптің өсіп-өркендеуіне өздерінің үлестерін қосып отыр. Кәсіподақ ұйымының төрағасы Молдабек Ермекбаевтың айтуынша кәсіпорында еңбеккерлердің өнімді әрі сапалы еңбек етуіне қолайлы жағдай жасалған. «Қамқор» ЖШС мен кәсіподақ ұйымдары арасында жасалған   келісім-шартта көрсетілген талаптар мен белгіленген іс-шаралар жыл сайын толығымен орындалып келеді. Мұның өзі жолшылардың еңбекке деген ынта-ықыласын арттырып, ойдағыдай жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызуда. Мәселен, темір жол көлігі саласында еңбек өтілі 10 жыл және одан да артық қызметкерлер жасының жетуіне  немесе 1-2-топтағы мүгедектігі бойынша зейнеткерлік демалысқа шықса, оған бұрынғы лауазымдық еңбекақысы мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді.  Сондай-ақ,  ол егер «Құрметті теміржолшы» атағының иегері болса, оның біржолғы және қосымша жәрдемақысының мөлшерін 50 пайызға дейін көтеру көзделінген. Серіктестік ұжымы жолшылардың денсаулығын жақсартуға тұрақты түрде көңіл бөліп отырады. Оларға жыл сайын 90 пайыздық жеңілдікпен емдеу-сауықтыру орындарына жолдамалар беріледі. Медициналық мекемелермен алдын ала жасалған келісімге сәйкес денсаулығын тегін қаратуға, тістерін салдыруға, протездеуге (қымбат металдан басқа) жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар, ұжым жолшылар балаларының білім беру мекемелеріне, мектеп-интернатқа орналасуына, колледждерде оқуына жәрдем жасайды. Әсіресе, жетім   жеткіншектер мен аз қамтамасыз етілген отбасыларының балаларына ерекше назар аударады. Оларға киім-кешек алып беру үшін қайырымдылық шараларын өткізіп, одан түскен қаржыны әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсайды. Жазғы каникул кезінде жолшылардың балалары сауықтыру орындарына, яғни лагерьлерге тегін жолдамамен барып, денсаулықтарын нығайтып қайтады. Серіктестік әкімшілігі оған қаржыны өз бюджеті есебінен төлейді.  Кәсіпорынның әлеуметтік мәселелерді өзара ақылдаса отырып шешетін   комиссиясы бар. Тағы бір айта кетер жайт, депода 10 жылдан аса еңбек өтілі бар әйелдер – 55, ерлер 60 жасқа толғанда бірайлық жалақы көлемінде жәрдемақы алады. Темір жол көлігінде ең кемі 15 жыл жұмыс өтілі бар әйелдерге, 20 жыл өтілі бар ерлерге,  зейнетте жүрсе де 70-100 жас аралығындағы мерейтойларында  ең төменгі 10 есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы материалдық көмек көрсету дәстүрге айналған. Ардагер жолшылардың жылына бір рет республика көлемінде пойызда жүру  қызметін тегін пайдалану мүмкіндігі бар. Әрине, мұның бәрі, сайып келгенде, еңбек адамына деген көзқарастың жақсарғанының әрі оларға көрсетіліп жатқан үлкен қамқорлықтың, құрметтің белгісі. Локомотив жөндеу депосында асхана, буфет, монша, сауна жұмыс істейді. Бильярд, теннис, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ ойнайтын бөлмелер бар. Онда локомотившілер қолдары бос кезде бір мезгіл ойын ойнап,  демала алады. Цехтар бойынша жоғарыда аталған спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады. Жеңімпаз теміржолшыларға Мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар бар. Береке,  бірлік бар жерде қашанда істің алға жүретіні, өнімді әрі сапалы еңбекке қол жеткізілетіні белгілі. Локомотивке жөндеу қызметін көрсетіп келе жатқан серіктестік ұжымы еңбек тәртібін нығайтуға, кінәратсыз, қауіпсіз жағдайда жұмыс істеуге баса көңіл бөледі. Жөндеушілер арасында өзара сенім мен түсіністік қалыптасқан. Олардың әлеуметтік, еңбек құқықтары мен мүдделері кәсіподақ ұйымы тарапынан жақсы қорғауға ие болған. Ұйым теміржолшылардың өмір сүру деңгейін көтеруге, жұмыспен қамтамасыз етуге, демалыс уақыты режимін сақтауға баса назар аударады. Өндірісте қауіпсіз және салауатты еңбек жағдайлары жасалған, қоғамдық бақылау күшейтілген. Сол себепті болар, депода өндірістік жазатайым жарақат алу оқиғасы тіркелген емес. «Жас келсе – іске» дегендей, жас басшы Ілияс Нәмиханұлы Лесбаев жетекшілік ететін ұжым осылайша кәсіпорынның құрылғанына 90 жыл толу мерекесін лайықты табыстармен қарсы алып отыр. Оған олардың еңбектегі жетістіктері дәлел.

Әбділда Сәрсенбі, журналист.

Ұқсас жаңалықтар