Аудандық тарихи-өлкетану музейіне кірген кісінің көзіне ең алдымен түсетіні көшпенділер өмірінен сыр шертетін түрлі жәдігерлер, аймақтың тарихы баяндалатын бай материалдар. Мәдени ошақтың экспозициялық залдары да бірден көз тартады. – Музей – еліміздің тарихи қоры және мәдениетінің басты көрсеткіші дейтін болсақ, алғаш рет аудандық тарихи-өлкетану мұражайы 2009 жылдың 28 қыркүйегінде әл-Фараби атындағы мәдениет үйі жанынан ашылған болатын. Ал 2010 жылы облыс аудандары ішінен алғаш болып өз алдына бөлек отау тікті. Мұнда мұражай экспонаттарынан бөлек аудан тарихынан сыр шертетін жәдігерлер қойылған. Өлкеміз батыр бабамыз Байзақтың атымен аталатындықтан ол жайлы толық мәлімет те алуға болады. Сондай-ақ, аудан атақты азаматтарымен де мақтана алады. Осы өңірден шыққан 24 Социалистік Еңбек Ерлері туралы қосымша стендтер, ақын-жазушылар мен спорт майталмандары туралы деректер, олар қолданған бұйымдар да қонақтардың назарына ұсынылып келеді, – дейді Байзақ аудандық Тарихи-өлкетану музейінің директоры Әбутәліп Көшпаев. Аудандық тарихи-өлкетану музейіндегі бірінші экспозициялық зал «Археология» деп аталады екен. Бұл бөлімде аудан аумағындағы тарихи орындарда жүргізілген археологиялық экспедициялардың жұмыстарынан мол мағлұмат алуға болады. «Этнография» деп аталатын екінші экспо-зициялық залға кіргенімізде қақ төріне тігілген киіз үй бірден көзге шалынды. Киіз үйге ата-бабаларымыз тұтынған ыдыс-аяқтардан бастап, төл аспаптарымыз, ұлттық киімдер, төсек жабдықтары қойылыпты. Мұның өзі тәрбиенің тағылымды көрінісі. Ал үшінші экспозициялық зал аудан тарихына арналған болса, төртінші залда Ұлы Отан соғысының батырлары, Еңбек Ерлері және Кеңес Одағының Батыры, даңқты жерлесіміз Ақәділ Суханбаевқа понорама жасалып, еңбекші елдің сол кезде ұстанған құрал-саймандары, жауынгер жабдықтары мен естелік суреттер, медальдары, мақтау қағаздары ілінген. «Өнер және спорт» залының да шертер сыры мол. Бұл бөлмеге ауданда туып-өскен және еліміздің мүддесі үшін қызмет етіп, мемлекеттік атаққа ие болған қайраткерлердің өмірі, суреттері, шығармалары, қолданған заттары қойылған. Сонымен қатар, есімдері республикаға белгілі өнер иелері мен айтыскер ақындардың, спорт майталмандарының дүниелері арнайы стеллаждарға орналастырылған. – Ұлылардың мұрасы да, мұраты да, атақ-даңқы да, мерейтойы да кейінгі толқынға үлгі. Бұл көрмелерді көру арқылы жастарымыздың туған елге, ондағы талантты тұлғаларға деген құрметі күшейе түсетіні рас, – дейді музей ішін аралатқан Әбутәліп Құлтайұлы. Ал музейдің ғылыми қызметкері Сания Нағашбекова: «Мәдени-ағартушылық жұмыстарда музейдің алға қойған өз мақсат, бағыттары бар. Әрбір экспозиция бөлімдеріне зерттеу жүргізу арқылы, олардың танымдық, өнегелік сипаттарын көрсетеміз. Сонымен бірге жәдігерлер тарихы жайында мақалалар жариялап отырамыз. Мектеп, балабақша орындарымен тығыз байланыс орнатып, жас өскіндерімізді музейге шақырып, көрнекі жәдігерлердің алар орны жайында дәрістер өткізуді дәстүрге айналдырдық. Мәдениет ошағындағы жәдігерлердің санын арттыру мақсатында көпті көрген ақсақалдардан аудан тарихының жетістіктері жайында естеліктер жинастырылуда. Жұмыстар өз нәтижесін беріп те келеді. Айталық, 2014 жылы 2582 көрсеткіштік жәдігерге тағы да 40 экспонат қосылып, көңіліміз көкке көтерілуде» – дейді. Айтқандай, аталмыш мәдени орданың құрыл-ғанына биыл дәл бес жыл толып отыр. Музейді құрып, ұйымдастыруда оның директоры Әбутәліп Көшпаевтың еңбегі зор. Биыл құрметті зейнетке шыққалы отырған Әбекеңмен бірге мұнда қор сақтаушы Тамара Мейрамова, есепші Төле Наржанов, ғылыми қызметкер Саня Нағашбековалар да халқымыздың тарихи жәдігерлерін лайықты деңгейде ұлықтап, ұлттық рухымызды көтеру жолында аянбай тер төгіп жүр. Ендеше, еліміздің өткені мен бүгінгі жетістіктерін жұртшылыққа жарқырата көрсетіп жүрген осынау маман иелерінің алдағы жұмыстарына біз де табыстар тілейік.
Тұрсынбек Сұлтанбеков, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Көрерменді балалық шағымен қауыштырған классика
- 3 желтоқсан, 2024
Халық театрларының халі мүшкіл
- 3 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді